Ұстазымның айтқандары
Сағындық ДОСМАҒАМБЕТОВ ағаймен кім де болса, сағынып табысары анық. Атына заты сай, себебі ол кісінің жүрген жері ойын-күлкі, әзіл-қалжың, дәмді, татымды әңгіме, жүрек қылын басар домбыра шегін шертіп, жырға да бөлеп тастайтыны бар.
Көп жылдар Әулиекөл ауданында ұстаздық етті, аудандық әкімшілікте әр түрлі қызметтер атқарды. Аудандық газеттің бас редакторы болып та сөз саптады.
Сағындық ағайдың алдын көріп, тәрбиесін алған біздер, атап өтсем, сыныптастар: Сәрсенбаев Сағит, Дәріпсалин Мәлік, Мақанов Жанділдә, Сейтқазинов Дүйсенбай, Жұрқабаев Кенжебек және мен әркез аузымыздан тастамай құлағын шулатып, көрсек алып-ұшып арсалаңдап шауып барып, арасында телефонмен хабарласып, әйтеуір ағайымыздың амандығын тілеп жүреміз.
Алдымызда төбедей боп ұстазымыз жүрсе алпыстан асқан біздер де алаңсыз еркін жүреміз де.
Бүгінде зейнет демалысында жүрсе де ел пайдасына жарап жүр. Үкімет, өкімет, әкімдер тарапынан алған, марапат сыйлықтары, атақ-дәрежелері молынан бар. Төмендегідей әр жерде ретімен, тосыннан айтқан әзіл-қалжыңдары ел аузында толқындай көпіріп көшіп жүр. Ауада жаңғырып қалқып жүрген қағытпаларын, қалқан құлағыма тиген татымды сөздерін теріп жүріп, қағазға түрте бердім. Нәтижесі, міне, төменде.
Үйтіп-бүйтіп
Сағындық ағайымыздың үйіндегі апайы-мыз да мұғалім. Зейнеткер. Заңды демалысында жүрсе де мұғалімнің жетіспеушілігінен мектеп шақыртқан соң, азғантай сағатқа келісіп, жұмыс істеп жүргенде дәлізде аяғы тайып, бір тобығын сындырып алып, оған гипс салғызып, оның үстіне қан қысымы көтеріліп, үйінде екі айдай жатып қалса керек. Үйде 2-сыныпта оқитын немересі үшеуі ғана. Әйелі жатып қалған соң ағамыз қазан-ошақты "ұршықтай үйіріп" қасында көбірек жүруіне тура келеді. Жүйкесі жұқарып жүргенде Алматыдағы қайынағасы қоңырау шалып, амандық сұрап, қарындасының жағдайын білмек болады.
– Үйтіп-бүйтіп жүріп жатырмыз. Жағдаймыз жақсы. Жан-жақтағы балалар тегіс аман. Қарындасыңыз да жаман емес. Құдайға шүкір. Әзірге оның бір аяғын сындырып, қан қысымын 120-дан 200-ге дейін көтеріп қойдым. Пенсияға шығардым. Енді оны қат-қабат көрпеге жатқызып қойып, ыстық тамағын істеп беріп жүрмін. Тілдескіңіз келсе, телефонды өзіне беремін, – деп, ағамыз телефон трубкасын келіншегіне ұстата қойыпты.
"Сыңары болмай …"
Бірде ағайдың Алматыдағы жақын інісі Ерболат Төлегенов (Шақшақ Жәнібек бабамыздың 300 жылдық тойын көтеріскен, өз қаражатына ат үстіндегі бабамыздың ескерткішін жасатып, Арқалық қаласында орнатып, көп еңбек сіңірген, сондай-ақ сонау қиын жылдары республикалық газеттерге де демеушілік жасаған алғашқы бизнесімен, ақын, ғалым) іссапарда жүріп, ағасына сәлем бермек болып Әулиекөлге келіпті. Үйді көріп, бөлмелерінің орналасуына, жылу да, су да келіп тұрғанына риза болып, сыртқы ауланы қарап шығып:
– Гаражы да жақсы екен, – деп қуаныпты.
Сонда Сәкең інісіне қарап:
– Шырағым Ерболат, үйдің берекесі мен сәні әйел ғой, жаңа жеңгеңді көрдің. Ол осы аудандағы әйелдердің "сұлуы". Ал мына өзің мақтаған гараждың бір ғана кемшілігі бар. Гараждың сәні төрт аяқты машина көрінеді ғой! Сол сыңары болмай гараждың сәні келмей қаңырап тұр, – депті. Ерекең күліп:
– Аға, оны неге ертерек айтпадыңыз. Ол сыңары баяғыда келіп, гаражыңыздың сәнін келтіретін еді ғой, – депті. (Ол кезде Ерекеңнің шаруашылығы да, денсаулығы да онша болмай жүрсе керек. Көп ұзамай ол кісі қайтыс болып кеткенінен жұрт құлағдар болар).
"Иттің баласы"
Сағындық ағай бір үйдің әрі кенжесі, әрі еркесі болғандықтан ба екен, әкесі оған көп ұрыса қоймайтын көрінеді. Қатты ренжігенде ғана әкесі "Ой, әкеңнің", "Иттің баласы" деп екі сөз ғана айтады екен. Әрі кеткенде 5 минутта ол айтқанын да ұмытып кетіп, балаларын айналып, толғанып отыратын кісі болса керек.
Ағамыз келіншек әкелуге Оралға жүрейін деп жатқанда:
– Әй, алатын адамыңның руы не? – деп сұрапты.
– Ой, әке! Соны сұрауды ұмытып жүрмін. Келгесін өзіңіз сұрап аласыз ғой, – дейді біліп тұрса да.
– Әй, иттің баласы! Ол туыс болып шықса, жұртқа қай бетімізбен қараймыз, айналайын-ау, – дейді.
– "Иттің баласы" оның руын, жүзін, ұлтын қайтеді. Әйтеуір қыз бала болса болмай ма, – дейді Сағындық ағамыз да жорта қыңырайып.
– Әй, осы орыс әкеліп біріміз қазақша, біріміз орысша үріп жүрмесек кетті, – деп әкесі бір жағына қарай қисая салыпты.
– Жоқ! Кіші жүзше үреміз, – дейді ағамыз, келіннің кіші жүз, туыс емес екенін солай білдіріп.
"Жеті атамнан сыдыртшы…"
Cәкеңе әкесі бір жұмыс тапсырыпты, оны ағамыз ұмытып кетіпті. Бірде әкесі істің нәтижесін сұрапты. Ұмытып кеткенін айтады. Әкесі "ой, әкеңнің", – депті де қоя салыпты. Екі-үш минут өткеннен кейін басқа бөлмеде отырған Сәкең:
– Әке! – деп айқайлайды:
– Не, ботам?! – дейді әкесі
Сонда Сәкең:
– Әке, менің әкемді жеті атасынан бері бір сыдыртып берші, – депті.
Үміт
Ағамыз елуге келгенде жеңгеміз босанып, кішкентайлы болыпты. Сол кездегі ауданның бірінші басшысы Еңбек Ері Тұрғынбаев Қабидолла Сағындық ағайдан:
– Атын кім қойдың? – деп сұрапты. Сонда Сәкең:
– Қабеке, атын Елугүл қоям ба деп ойлап едім, ырым етіп, Дина қойдым, келесісі Құрманғазы не Тәттімбет бола ма деген үміт қой, – депті.
– "Үмітсіз –шайтан" деген. Үміттен, – депті Қабидолла ағамыз да қоштап.
Көз бен ми
Сағындық ағамыздың бес-алты жылдан бері көзі ауырып (глаукома) оташының (хирург) алдынан өткенмен де сәті түсіңкіремей жүрсе керек. Оны білетін ауылдың ақсақалы бас ұстап отырып қойдың бір көзін: – Сағындық, көзің ауырып жүр ғой, тез тәуір болып кетсін, – деп Сәкеңе, екінші көзін бір көзі көрмейтін адамға беріпті. Сәкең ол көзді жемей біраз уақыт қолына ұстап әлгі ақсақалға қарап отырыпты. Оны байқап қал-ған ақсақал, – Неге жемей отырсың? Ішіндегі қарашығы алынған ғой, – дегенде, Сәкең: – Екі көзді көзі жоқтарға бердіңіз, енді миді кімдерге берер екен деп бақылап отырғаным ғой, – депті.
Ұят болса…
Сағындық ағай 73 жастан (мүшелі) ас-қан жылдары басы жиі ауырып мазасы кетіпті. Сондай бір өмірден безінген сәтте баласына (есімі тілім ұшында) қарап: – Табаннан кірген ауру көктей өтіп әбден басынып басымнан шықты. Бұл аты өшкірдің екпіні жаман. Алып тынбаса жарар еді, – деп қауып айтыпты.
– Папа қойыңызшы! Ұят болады ғой, – депті тауып сөйлейтін әзілқой баласы.
– Айналайын-ау, несі ұят? 73 деген аз жас емес бір адамға. Әкем 68-інде, ағам жетпісінде кетті. Ал мен олардың жасынан асып барам. Қайта маған ұят шығар?! – дейді ағамыз.
– Жоға, папа! Біз ұялып қаламыз ба деп қорқам. Күні кеше ғана бар ақшамызды жұмсап жібердік. Шыдай тұрсаңызшы енді. "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" демеушіме едіңіз осы, – депті қиналып.
Сонда Сәкең ағамыз сабырлы, салмақты кейпімен:
– Ә, онда мен асықпайын! Сендер тиын-тебен жинағанша шыдай тұрайын. Сендерде қаражат жинауға асықпаңдар онда. Барлық балаларға да айтыңдар. Жиған-тергендері болса қажеттеріне тезірек жұмсап жіберсін, – депті.
Пәленің басы
– Аға, мен осы сіздің кейде абыржып қалатыныңызды байқап жүрмін. Нәті, кәрілікті мойындайтындайсыз-ау шамасы?! – деп бір әзілдейтін інісі сыналап сұрапты. Сағындық ағамыз ойланыңқырап:
– Әй, ұл! Басыңа берсін! Кәрілік деген – ұйқыңды қашыратын, қиялыңды қырдан-қырға асыратын, денеңді құрыстыратын, бетіңді тырыстыратын, ойлағаныңды ұмыттыратын, кемпіріңмен ауық-ауық ұрыстыратын пәленің басы екен ғой. Кім ойлаған. "Күлсең – кәріге күл" деген. Күл! Күл! – депті сонда.
Үйдің төбесі
Көшеде жұртпен қатар келе жатқанда көптен көрмеген ескі танысы кездесе кетеді. Ерсілі-қарсылы амандық-саулықтан соң:
– Анау көз ұшынан көрініп тұрған көкшіл шатыр біздің үйдің төбесі, – депті Сағындық ағай.
– Үйіңнің төбесін көрсетіп көрімдік дәметіп тұрсың ба? – депті танысы.
– Жоға! Үйдегі шәйнектің иесі жұ-мыста, мен де жұмысқа ұшып барам. Тек әйтеуір, "көптен кездескенде үйінің төбесін де көрсетуге жарамады" демесең болғаны – депті.
Тосын сұрақ
Ағай тағдырдың жазуымен әйелі қайтыс болып екінші рет өзінен он жастай кіші жанға үйленіпті. Бір жүгірмек інісі кездескен сайын "жеңгей қалай?" – деп сұрайтын көрінеді. Тағы бірде сол інісі әдетіне басқанда:
– Әй, інім-ау! Сен осы бала-шағаның амандығын білудің орнына жеңгеннің жағдайына көп алаңдайсың. Сол антұрған сенен "көмек" сұрап, шағымданып жүрген жоқ па, өзі? – депті.
Бұл өмірдің қызығы – қызды күту
Сағындық ағамыздың аудан әкімшілігінде аппарат жетекшісі болып қызмет атқарып жүрген кезі болса керек.
Бірде аудан әкімі, оның орынбасарлары ұйымдасқан түрде қайтқан бір кісінің қазасына көңіл айтпаққа кіріп шықпақшы болып уақыт белгілейді.
Айтылған мерзімге бір орынбасары (қыз бала) 30 минуттай кешігеді. Әкім сағатына қарап, тықыршып, дегбірі кетеді. Соны байқап тұрған Сәкең әкімге қарап:
– Бұл өмірдің ең қызықты сәті тағатсыздана қызды күту ғой, – дейді күліп. Қипақтаған әкім де, бәрі де күліп, жүзде-ріне жылылық ұялапты.
Бәрін білгеніңмен…
Бірде жиында отырған бір жігіт ауыздыға сөз бермей білгішсініп, ділмәрси беріпті. Сонда Сағындық ағамыз әлгі жігітке бағыштап:
– Әй, шырағым! Сен бәрін білгеніңмен бір нәрсені білмейді екенсің. Өзгеге де сөз берсеңші. Тасып сөйлегеніңде таяздығың білініп қалады, – депті қадалып. "Есті" жігіт сап тиылыпты.
Тойдан соң
Сағындық ағай жетпіс жылдық мерейтойын өткізгеннен кейін екі-үш аптадан соң көшеде тойға шақырылмай қалған танысы кездесіп қалып:
– Иә, той қалай өтті?! Қызықты бол-ған шығар?! – деп ынтыға сұрапты.
Сонда Сәкең ағамыз көкейіндегі кептелген сөзін сезіп:
– Той неге жаман болсын! Нәті, тойдың ең қызығы артында ма дедім. Ол дегенің әйелдерге ең кемінде 1-2 айға әңгімеге азық, одан кейінгі кереметі талайлардың өкпе-назын естуді айтсаңшы?! –депті.
Қалқан құлақ шәкірті
Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.