Эгоизм
Эгоизм… менмендік, қара бастың қамы… Ал енді, ойланып көріңізші, о баста Алла-тағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұ-мар сезімдерінің ұябасар жері – отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың тұңғыш тірлігі – ана емшегін құшырлана емуден басталады. Тілі шықпай-ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте-бірте “өзім” ұғым-ұрығы пайда болады. Ана – баласын, бала – анасын “өзімдікі” дейді. Бұл инстинкт дами келе сана-түйсікті оя-тып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі, т.с.с арасындағы басқалардан бө-лек өзімшіл қарым-қатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегін-дегі бастапқы өзімшілдік – та-биғи, бейкүнә сезім. Демек, эгоизм адамның табиғи қасие-ті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші-қуаты. Гәп, әрине адамның осы өзімшілдік диалектикасында.
Шәкәрім жазған мынадай бір тәмсіл бар: “Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін естіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: “Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз?” – десе, бай айтыпты: “Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да, күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық” – депті. Сонда досы: “Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық” – депті.
Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандар өтті. Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді. Бірақ адам-пендеңіз ізгілік, мейірім, махаббатымен қатар, сол баяғы – дүниеқоңыз, көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар, құмар да құмар! Құштар да құштар! “Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат!” (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез-келген тосқауылды тас талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін ең алдымен өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да тасқа да ұрады, қорлық-сұмдыққа да барады, қорлық-сұмдыққа да төзеді! Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау-төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй-орманымен, тезек – қабымен қоса бауырына басып алды! Өзім дегенде “өгіз қара күшін” көр-сетіп жатыр. Аяулы ұлы махаббат, ізгілік, адамгершілік атаулының да түптеп келгенде бір жібек тіні – иманды өзімшілдікте жатыр. Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай. Тіпті кеше Қазақ мемлекеті ежелгі даласындай аңқылдақ ақжарма ниетімен Астана Саммитінде еуроодақ елдерін татулық пен ынтымақ үшін басын қосып, бәтуаға шақырғанда, күштілерінің арты диір-мен тартып кергіді, кедейлері кербезденіп кежегесі кейін тартты, ортақ адамзаттық татулық, төрткүл дүниедегі бей-біт тірлік, тастүйін бірлік дей-тін баға жетпес келісім үшін бәрін ұмытып, президенттер бір-біріне риясыз жүрекпен құшақ жая алмады. Әрқайсысы да өз елінің мүддесінен, мемлекеттік өзімшілдігінен асып кете алмады… Әр кәллада өз қиялы!
Ал тарихта жаһанды дүр сілкіндіріп, қоғам дамуына бетбұрыс жасаған XVIII ға-сырдың соңынан бастап XIX ғасырды шарпыған Франциядағы ұлы төңкерістердің көзін де ашқан, көрін де қазған – эгоизм! Ал сол эгоизмның бүлк-бүлк соққан күретамыры – сан жүзді құштарлық! Құмарлық! Ынтықтық! Осы тіні бір, сабағы бір тұмса қасиеттің адамның түрлі ниеттерімен түрленіп, мың құбылысқа ұшырайтынын қайтерсіз! Мұны пәлсапашылар, психологтар, социологтар тағы сол сияқты түрлі саланың мамандары талдап, жіліктеп, адамзат қоғамындағы алуан-алуан көрінісін, сипатын ғылыми айналысқа енгізгелі талай-талай ғасырлар өтті, алда да солай бола бермек.
Ендеше, жұмыр басты адам пендеңіздің кеудесінде шыбын жаны барда осынау бес күн жалған дүниедегі құштарлығында шек болмайды екен…
Жанұзақ Аязбеков