Қала күні қызыққа толы

Биыл да қала күні жылдағыдай кең ауқымда аталып өтпек. Бұл күні неке сарайы ашылып, карнавалды шеру ұйымдастырылып, танымал жұлдыздар келеді деп жоспарланған.
Изображение 3464 11Қостанай қаласының құрылғанына 135 жыл. Шара                15-17 тамыз аралығында аталып өтіледі. Мереке орталық стадионда өтетін мотофристайлмен басталады. Мәскеуден шақырылған райдерлер өнерлерін көрсетпек. Ал келер күні таңертеңгі 10-нан бастап мереке қаламыздың төрт бірдей жерінен: демалыс саябағында, Сити-орталықта, А.Байтұрсынов алаңы мен "Жастар" бульварында басталады.
Жылдағы дәстүр бойынша "Саған арналады, сүйікті қалам" атты гүлдер көрмесі ашылып, оған қатысқандар қиялдарынан туындаған жұмыстарын көпшіліктің назарына ұсынады. Мүшәйраға қатысқан ақындар да жырларын қаламызға арнайды. Және де балғындарға арналған қалашық қызыққа толы болады. Онда ойын алаңдары құрылып, тәттілер көбеймек. 
Қызықты шараның бірі "Бәрі де шоколадтай болады" деген тақырыпқа ие. "Баян Сұлу" кондитерлік фабрикасы қаламыздың басты нышандарының біріне айналған "Мұнара сағатын" шоколадтан жасап, мерекеге тарту етеді. Шоколадтан дәм татамын дегендер түрлі сауалдарға жауап беріп, тәтті сыйлыққа ие болмақ. Сұрақтар тәтті өнімдердің шығу тарихына орай болатынын айта кетейік.
Бау-бақша өсіріп, өнім жинайтындар үшін биыл алғаш рет жеміс-жидектер көрмесі өтеді. "Қостанай: кеше, бүгін, келешекте" тақырыбында үлгілер көрмесінен  қаламыздың заманауи көрінісін байқауға болады.
Дәл осы күні Неке сарайының ашылуы көпшілік үшін тамаша тарту. Кешкілік жылдағыдай карнавалды шеруге қатысқандар көше бойымен жүріп өтеді. Қала күніне қонаққа "Ялла" тобы, Батырхан Шүкенов, Доминник Джокер сынды танымал жұлдыздар келмек көрінеді. 
Айтолқын Айқадамова

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓