Қатардағы азамат

Өткен ғасырдағы Ұлы Жеңіс. Міне, содан бері 70 жыл.  Қиындығы мен ауыртпалығы иыққа батпандай батқан сол жылдарда дүниеге келген балалар да қазір жетпістің сеңгірігіне шыққан екен-ау. Замандастарына бала, ұрпағына ата-әже. Өткен-ді еске алып, солармен қатар жүру біздер үшін үлкен бақыт. Себебі, ел басына күн туған сол жылдары қолдан тігілген боқшаларын (сумка) иығына іліп, мектеп табалдырығын аттағандардың оқуға, өмірге талпынысы қандай десеңізші?! Иә, бәрі де айтуға тұрарлық.
Солардың атақ-даңқ іздемей-ақ, қарапайым еңбектерімен қатардағы азамат болғандарын, бүгінгі ұрпаққа жеткізудің өзі парыз сияқты.
celinaИә, парыз. Міндет. Бүгінде Жанкелдин ауданының орталығы Торғайдағы  ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин салдырған мектеп білім беруде шоқтығы биік тұрды десе, артық айтқандық болмас. Басқаны былай қойғанда, 1949 жылы мектеп есігін ашқандардың дені алғыр да зерек болды. 1959 жылы 10 жылдықты бітіріп, өмірден өз орнын тауып жатты. Бәрінің де ойында бір-ақ мақсат – соғыс алапатынан зардап шеккен аудан шаруасын өрге көтеру. Еңбек ету, азамат болу.
Міне, солардың бірі – еңбекқорлығы мен қарапайымдылығымен көзге түскен Тыныштық Сейдахметов болды. Ата-анасы жас нәрестеге елдің тыныштығын сақтауға ырым етіп, Тыныштық есімін қойған екен. Қандай әдемі ырым?! Сол Тыныштық жұмыстың ауыртпалығына қарамастан тапсырылған істі тиянақты атқарды. Парталас досы Ғалымжан (марқұм) екеуі кесек те құйды. Тұрғын үйлер салуға көмектесті. Мектеп қа-бырғасында жүріп алған жүргізу-шілік  мамандығы көп істердің алға жылжуына мүмкіндік жасады. Сол жылдары әскер қатарына алынып, әскери борышын өтеді. Әскер қатарындағы 3 жыл Тыныштық өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Әуелден есепке жүйрік, ол онда да алғырлығымен көзге түсіп, сонда жүріп жүргізуші-механик мамандығын меңгерді.
Торғай жерін көркейту ісінде мұндай техника тілін білетін мамандар ауадай қажет еді. Тыныштық сол үрдіс ортасына еніп кетіп, жүргізуші жұмысымен көптеген істер атқарды.
"Көптің көзі таразы" демекші, Тыныштықтың іскерлігін байқаған аудан басшылары оған ауыл шаруашылығы басқармасына нұсқаушылық қызметін тапсырды.  Көп ұзамай оған  аудандық автобаза директорлығы қызметті бұйырды. Дәл осы жылдары ауданда көптеген жаңғыртулар жүзеге асты. Көше сәнін кетіріп тұрған ескі үйлер орнына жаңа үйлер тұрғызылды. Қ.Топаев, Б.Хамзин атындағы көшелер бой көтерді. Жол бөліміндегі жігіттер жақсы істі жалғастырып, көшені асфальттап та үлгерді. Мұндайда өзімен бірге еңбек еткен әріптестері – Серік Топаев, Қабден Ерәділ, Мұрат Ержігіт, Ғалымжан Мәди, Аман Пұсырман, Әлім Ғалымов т.б. еңбегін Тыныштық бүгінде жылы лебізбен еске алады да, рахаттана қуанып қалатыны бар.
Тыныштық осы салада біраз жылдай қызмет атқарды. Тор-ғайда алғаш рет ұшақ қонатын әуе жолын салғызып, оның ауласын абаттандыру ісінде де көзге түсті.
1990 жылы елімізде нарық өзгерісі ене бастағанда Тыныштыққа тағы да жауапты қызмет жүктелді. Ол – аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің жұмысын алға жылжыту. Әрине, бәрі де жекешелендіру, нарық қыспағына түскен мекеме жұмысын көтеру оңайға түспесе керек. Әріптестері, елдің білікті жігіттерінің мұнда да үлкен жанашырлығы болды. Ел азаматтары – Бақыт Ражанов, Хамза Байдрахман, Көптілеу Кенжетаев, Қабжәлел Әлібек, Базарбай Жақсыбаев т.б. осы істе үлкен қамқоршы бола білді. Көне Торғай орталығын мәдениеттендіру, әрлендіру ісі бірден жоспарға енді. "Шаңырақ" шатханасын салысып, жұртшылықты қуант-қаны бар.
 Бүгінгі Торғай баяғы Торғай емес, қазір шаруашылығы дамыған қаланың мәдениеті өзгерген. Мынау шатхананы сол кездегі сенің сыныптасың, аудан әкімі болған Жақан Қосабаев (марқұм) ешқандай жобаны қажет етпей, жігіттерге тікелей өзі тапсырма беріп салдырған. Ал қала сәнін енгізудің бір көрінісі – су бұрқағын (фонтан) орнату, ми далада қиынның екені белгілі. Ал тұрғындарды сумен, жылумен қамтамасыз ету неге тұрады десеңізші?! "Көз қорқақ, қол батыр" деген емес пе? 
 Ойлап қарасаңыз мұның бәрі осы кездердегі ел басқарған, өз істеріне жауапты қараған азаматтардың, соларға ерген нар жігіттердің арқасы демеске болмайды. Солардың арасында мақаламыздың кейіпкері әртүрлі жауапты жұмыстың кілтін жиырма жылдан астам уақыт ұстаған Тыныштық Сейдахметов жүрді.
Былай қарағанда Тыныштықтың ауыз толтырып айтатын марапат атақтары жоқ десе де   болғандай. Парасатты азамат туған еліне еңбегін сатпаса керек. Тіпті, басқаға ренжіп те көрмепті. Бәрі де бір қалыпты. Ұяң мінезімен, адал еңбегімен қатардағы азамат қалпында зейнеткерлікке шығып, отбасынын амандығын тілеп отырған жайы бар. Аяулы жары Күләш екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Құдайға шүкір, балаларының бәрі білімді. Қыздары – Гауһар мен Айгүл заңгер болса, кіші қызы Айнаш Астанадағы Назарбаев университетінде қызмет атқарады. Ұлдары – Алмас пен Олжас өз мамандықтарымен еңбек етуде.
Ата-анаға бұдан артық бақыт бар ма? Тыныштық өткенді еске алып Торғай жеріндегі атқарған еңбек жылдарын, әріптестерін жиі еске түсіре отырып;
– Мен үшін атақ, даңқ бақыт емес. Соғыс жылдарында дүниеге келіп қиындықты көріп өскен біздерге соның өзі бақыт. Қатардан қалмай, қатардағы азамат атануымның өзі бақыт емес пе, – дейді зейнеткер.
Ия, барға қанағат жасау шынындада екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Соған қарағанда, Тыныштықтың осы қарапайымдылығының өзі нағыз азамат екенін көрсетпей ме?!
Күлсайран
Батырғалиқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓