8-жұп – Сералы мен Еркінғазы (жаңартылды)

"Ел мерейі – Астана" облыстық жазба айтысының алғашқы айналымы мәреге таяды. Бүгін соңғы жұп өлең сайысына түскелі отыр. Олар – келешегінен үміт күттіретін жас ақындар Сералы Мырзабай мен Еркінғазы Айтбаев. Сералы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқиды. Ал оның қарсыласы Еркінғазы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында филолог мамандығы бойынша білім алуда. Ендеше, қос үміткердің сөз саптауы мен ой баптауына баға беріп көрейік.
типтерАйта кетейік, осының алдындағы Нұрқанат Құлабаев пен Абылай Маудановтың айтысына әділқазылар тең ұпай берді. Екі ақын да алдағы сында өнер көрсету мүмкіндігін иеленіп отыр. Ал бұл жүйріктердің қатарына бүгінгі айтыскерлердің қайсысы қосылар екен?   
 
Еркінғазы Айтбаев:
"Жаратқан қабыл етсін тілектерді,
Қыраның қияларға түлеп көрді.
Біздің де алдымызда талай ақын,
Жазба айтыстың сынағын шын өткерді.
Жалғауға ақындардың керуенін,
Еркін мен Сералыдай түлек келді.
Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Сыбанып түрейінші білекті енді.
Көздің майын тауыстың айтыс қарап,
Қошеметін ақынға үдетті енді.
Ақпанда басталып ед осы айтыс,
Сəуірде сөз алатын рет келді.
Біздер жаққа гүл көктем кеш келеді,
Талай аяз, суықты мың өткерді.
Салқын қабақ танытып қайтемін мен,
Маздатайын оттай ғып жыр өткелді.
Жалынды жырларымды ала келдім, 
Жылытуға мұздаған жүректерді.
 
Жан едім басқалармен егеспеген,
Қошеметін елімнің мен ескерем.
Астанам жайлы бірер сөз айтайын,
Елорда ғып түзеген ел, өскелең.
Бой түзеп қарт Есілдің жағасында,
Ертегі қаласындай елестеген.
Салынып биік-биік ғимараттар,
Көк аспанмен төбесі кеңесті ерен.
Ханшатыр, Бəйтеректей сəулеттерді
Көруге асығады көп өскелең.
Орын алған Сарыарқадай асқақ төрден
Жер үстінің жəннəты деп ескерем.
Мəңгілік еліміздің орталығы
Жаңғырып өркендеуде белеске ерен.
Астанам үйдің ерке баласындай,
Билігімді жүргізем деп өскен ең.
Ерке бала жиырмаға келсе дағы,
Ескегі ешқашанда кері еспеген.
Сый қылып ЭКСПО-дай шар əпердік,
Деген соң жеңісіңді ел ескерем.
Нұр-ағаның арқасы барлығы да,
Еңбегін еш елеусіз емес дер ем.
Астанам – алашымның абыройы,
Əлемнің небір жері теңеспеген.
 
Ақындар суырылып топқа кірді,
Жігіт ем білмейтұғын мақтануды.
Сөздің басын өзіңе бұрайыншы,
Ұлсың ғой ала білген топтан үлгі.
Тойға келіп, тосылып қалдыңыз ба,
Байқадым өлең таппай отқаныңды.
Мына маған баста деп айтып едің,
Аға боп ұмытыпсың оқталуды.
Сен бұрын айтыс болса қалмаушы едің,
Атырып өлеңменен ақ таңыңды.
Жүлдесіз қайтпаушы едің үйіңе сен,
Қайтарып жырыңменен көп қаруды.
Сенімен айтысатын сəтті күттім,
Осылайша берейін ақпарымды.
Ал қазір айтыстардан көрінбейсің,
Жасыңнан жігіт ең ғой көп дарынды.
Біз ақыры жолықтық жазба айтыста,
Айтыс болсын ендеше от жалынды.
Кезікпей жүрген маған əккі ұл едің,
Сабасына түсірейін сотқар ұлды.
Сералы, əлде айтысты қоямын деп,
Осылай шештің бе тоқтамыңды.
"Белге байлап қайтемін?" дедің бе əлде,
Көтере алмайтұғын шоқпарыңды".
 
Сералы Мырзабай:
 
"Танытып өзгелерден даралығын,
Қостанай жасап жатыр жаңалығын.
Мәдениет басқармасы ұйымдастырып,
Айтыстың жасауда екен жаңа қырын.
Тобыл-Торғай өңірінің ақындары
Айтысып, жырға қосар саланы мың.
Жазбаша жыр сайысқа үлес қоссам,
Өз мерейім үстем боп қалатұғын.
Ағайын, негізінде, бұл Сералы
Көп айтысқа шықпаған болатұғын.
Тәжірибе толысып  тұрмағасын,
Айып болмас, байқалса шалалығым.
Дегенмен бақ сынаған жөн ғой, тегі,
Өзіндік қалыптастырып дара ұғым.
Бісміллә, өз әлімше шауып көрем,
Жұртымның жырға қосып бар алыбын.
 
Тұнып тұрған сәтінде таңдай жырға,   
Ұсынайық оқырманға балдай тұнба.
Ел ордам, еңселі кейпің бар-ау,
Өзіндік қалыптасқан дара тұлға.
Астана, арғымақтай арындай түс,
Жұрты да шын тұлпарын жаратуда.
Жиырма жылда қырандай қалықтадың,
Қайрылмасын деп тілейік қанатың да.
Сапар шегіп келіп жатқан қонақтарың
Астанаға тамсанумен таңы атуда.
Сәулетшілер сәндеумен айналысып,
Ажарыңды күн сайын жаңартуда.
Әр пенде нәпақасын тауып ішіп,
Бақ боп келген қаласың таландыға.
Сымбатыңды суреттеп өлең-жырмен,
Арқау болған қаласың бар ақынға.
 
Несіне жырларыңды шайқаладың,
Ойыңды шолақ деп мен айта аламын.
Айтысты бірінші бастау мәртебедей,
Қырдан асты сүйіншілеп айтар әнің.
Ұттым деген тұсың егер осы болса,
Ештеңе жоқ, есемді қайтарамын.
Алғаш бастау – алға шығу емес еді, 
Одан еш озғандықты байқамадым.
 
Жырымды шығармаймын мың толғанбай,
Қалмасын деп оқырман жырға қанбай.
Айтысқа шықпай жүрсем айып емес,
Өмір ғой теріс, кейде оң болғандай.
Менімен айтысатын күнді күтіп,
Байқаймын, Еркінғазы сандалғандай.
Кезікпей жүрсің дейді көптен бері,
Сералыны кезіктірмей зар болғандай.
Ағаңды шын сағынсаң Қостанайға
Іздеп келіп қайтпаймысың, бар болғыр-ай.
Өлең таппай отырсың деп кінәлайсың,
Ақындықты қызғанып тар болғандай.
«Сотқар ұл» деп айыпты қылып отсың,
Сотыма кеп куәгер болған жандай.
 
Еркінғазы, танысым ең сен бұрыннан,
Айтыстағы айлаларың тең құрылған.
Балтасардай ақынның шәкіртісің,
Мақсатың болу керек елдік арман.
Арқалықта оқисың бұл күндері,
Арқаның қуат алып таң нұрынан.
Жан-жақты жарнама боп жүрген жансың,
Өнердің өрісіне тың бұрылған.
Әндеріңді жариялап өзің айтқан,
Таратып әлексің сен сан қырынан.
«Табынушы» тауыпсың тез арада,
«Алаш баласы» – бұл күнде сендік ұран".

Еркінғазы Айтбаев:

Еркінге қошеметті қылыңыздар,
Байқалды Секең жақтан суық ызғар.
Аға жолын үлкен деп сыйлап отсам,
Сын айтып қатырады-ау мұныңыз дəл.
Ойымды шолақ деп сен шорт кестің-ау,
Сонымен түскендей ғой құныңыз дəл.
Есемді қайтарамын деп қояды,
Біздің де жауап берер тіліміз бар.
Сөз бастау мəртебе деп айтпап едім,
Нысанаға тимеді-ау жырыңыз дəл.
Көз десе құлақты айтып шатып отқан,
Сералыдай шатаққұмар ұлыңыз бар.
Сералы-ау, мына саған шаш ал десе,
Басымызды алатын түріңіз бар.

Кезек ап, кел, екеуміз алмасайық,
Жақсы айтыс жасауға қам жасайық.
Жарнамашыл дедің ғой мына маған,
Ал енді ұтымды оймен дəл басайық.
Бұл күнде талантсыздар танылып жүр,
Жарнама еткен соларға жармасайық.
Қолға алып шын өнерді танытпасам,
Қалайша шын өрен боп жалғасайық.
Алаш деп өткен кеше Ахаң, Жақаң,
Сол дүрлер салып кеткен жолды ашайық.
Мағжан сенген жастарың біз емес пе,
Сенімін тастамайық шаңға шайып.
Бəріміз бір Алаштың баласымыз,
Болашақтың дəптерін мəнді ашайық.
Шын өнерге жанашыр болып жүрмін,
Өнер жалған болса, неге арбасайық?
Бабалары бастаған даңғыл жолды,
Балалары жалғаса болмас айып.

Əрбір тұлпар шабады өз əлімен,
Қашанғы ойдың түбін қаза берем.
Шығарған өлеңіңді жарнама қып,
Жүрсің деп жоғарыда сазарып ең.
Сералы-ау, мен палуан бола алмаймын,
Сынасуға келмейді таза денем.
Саудагер де келмейді біздің қолдан,
Алушыны алдайтын ажарымен.
Кенен мен Шəмшілердей бола алмаймын,
Жүректерді тербеген саз-əнімен.
Жалған жұлдыз болу да қиын екен,
Қызығы қатар жүрген мазағымен.
Сондықтан өлең жазу – бар жұмысым,
Ақындық – Алла берген ғажап əлем.
Абай атам айтқандай артымда бір,
Үлгілі сөз қалмаса, жаза көрем.
Жақсысын ала жатар ішіндегі,
Санасына сіңіріп қазақ өрен.
Ұнамаса, өз сөзім өзімдікі,
Шамам келсе, əлі де жаза берем.

Шапқанда жүйріктердің қатар бəрі,
Ішінен озып шығар тарпаңдары.
Қиыннан қиыстырып сөз құрасай,
Сөзіңнің кіреді екен қашан мəні?
Жеңем деп жалған ұран айтып отсың,
Түлкібұлаң айланы жасар бəрі.
Сен есеңді қайтара алмайсың-ау,
Сен құсап бос қиялға батар бəрі.
Мен айтсам абзалырақ осы сөзді,
Сералының, байқасам, бос арманы.
Мықты болсаң, айтысқа шық домбыра алып,
Жөн емес бұлай батыр атанғаны.
Телефонның ар жағында отырып ап,
Жазба айтыстың боласың қаһарманы.

Бұл маған жырын қарсы жолдағасын,
Менде бұның берейін зор бағасын.
Журналист мамандығын оқып жүрсің,
Бұлардың кей ісіне таңданасың.
Сол мамандық туралы сөз қозғайын,
Қадірі кеткен бе деп арланасың.
Əншілер мен әртістер орнын басты,
Шоу қылған ісін халық қолдағасын.
Көк жəшікті ашсаң да шыға келер,
Тілшілер алып жүрген зорға басын.
Боқауыз айта берер емін-еркін,
Ютубта канал ашты, таң қаласың.
Тасбақалар шығам деп тау басына,
Елге бүлік қып жатса, толғанасың.
Əйтеуір айтатыны – өсек-аяң,
Не боп жатса, сұғады сонда басын.
Өмірі қызық па əлде біреулердің,
Істейтін жұмыстары болмағасын?

Сералы Мырзабай:

Еркін бала, өткенді қазбалама,
Өйтсең сен жолығарсың тазға ғана.
Бар ойың мені жеңу сияқты ғой,
Мен жайлы деректерің аз болар ма?
Мен олай-былай айтқан жоқпын дейсің,
Шатаққұмар екенсің шамданарға,
Тақырып Сералы емес, Астана ғой,
Көліңді қызғанбасай қаз қонарға.
Басқа ақындар не айтып, не қойғанын
Көз жүгіртсей алдыңғы жазбаларға.

Мен үшін өз орының бар қашанда,
Демессің маған көңілің тар қашанда.
Батырып айтып жатсам ашуланып,
Еркінғазы ағасынан алты асар  ма?
"Бас салатын түрің бар" деп қояды,
Шындық айту айып па, қалқам, сонда?
Сәл сынымды көтере алмай қалып,
Сылтау тапты-ау жағамызға жармасарға.
Ақын деген атың бар, Еркін бала,
Сынақ пен сынға сынба тарқасар да!
Қазағым дана халық, білесің ғой,
Астарлы сөзді ұққайсың әрқашанда.

Еркінғазы, бұның бос ерегес қой,
Сеніменен мына мен тең емес қой.
Әркімнің өз биігі болмайды ма,
Бастамасай ақылға кері егесті ой.
Домбыра алып айтысқа шық деп отсың,
Оныңнан қашып отқан мен емес қой.
Айтысқа шығудан мен еш қашпаймын,
Зіл тартып тайқып кетер бел емес қой.
Сен бірақ сөз бен сөзді дұрыс құра,
Болашақ ұстазға ол жөн емес қой.
Әр сөзді өз орнына орнықтыршы,
Бұл жер саған бос сөйлер жер емес қой.
Жазба айтыстың «Қаһарманы» деп отырсың,
«Қаһарман» маған айтылар сөз емес қой.
Бауыржанды, Әлия, Мәншүкті айт,
Олардың аңсағаны төр емес қой.
Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззаттардың
Жасаған ғұмырлары көп емес қой.
Алайда мың ғасырға татырлықтай,
Ерлік жасап кеткені өре күш ғой.
Біз екеуміз соңғы жұппыз айтыстағы, 
Сенің ойың "тойдың соңы төбелес" қой.

Қалайша сөздеріңе бос қарайсың?
Сен өзі ойлап отсын басқалай шын.
Журналистер боқ ауыз сөйлейді деп,
Жаман жақтың есігін ашпағайсың.
Бір-екі әншісымақты көріп қалып,
Қаралап тілшілерді ластады-ай шын.
Ішінде жүрмегесін сөйлейсің-ау,
Бәрін біліп отырған қасқадай шын.
Журналистің бір күнін көзбен көрсең,
Сен мұңыңды шағар едің басқадай шын.
Халыққа шоу да керек негізінде,
Жақсылары көңіл көтеріп тастады-ай шын.
Бір сарында жүре берсе мәні кетер,
Сондықтан әдебіңнен аспағайсың.
Газет-журнал, теледидар мақұрым деп,
Мамандыққа топырақ шашпағайсың.

Өзің отқан бұтағыңды аралама,
Еркін бала, БАҚ өкілін қаралама.
Ахмет «Қазақ» газетін өркендетті,
Сен оны жоққа шығарып, алалама.
Бейімбет «Ауыл» газетін жандандырды,
Үлгі алсай зор істерін бағала да.
Сералиндер серпіліс жасап еді,
"Қостанай таңы" гезетіне қара, бала.
Ең алғашқы журналист қыз Нәзипа апа,
Торғайдан шықпап па еді даралана.
«Қостанай» телеарнасы жақсы болды,
Барын берер қартқа да, балаға да .
Сен тұратын ауданда да газет бар ғой,
«Аманкелді арай» таралады қалаға да.
«Біздің Торғай» газеті де өркендеуде,
Оқитұғын апа мен аға барда.
Мен саған шет-жағасын айтып тұрмын,
Сен оны қала, мейлің, қала ма да.
Осы газет, телеарналар, өз ойыңша,
Бос қызмет жасап жүр ме, ада бала?
Бар тілшінің жұмысын жоққа балап,
Бір-екі шоуға бола табалама.

Тамаша айтыс жасап бар халыққа,
Аға-іні сыйластығын таныталық та.
Мен сені өзімменен тең көремін,
Сондықтан тереңінен қағыталық та.
«Рухани жаңғыру» деп елімізде
Қолдамаған бірде-бір жан қалып па.
Елбасы жариялаған мақаланың
Мазмұнына ден қойып қарадық па?  
Мақаланың мәнін қашырып жүргендерге
Тереңінен түсіндіріп таныталық та.
Қандай да бір іс-шара өте қалса,
«Рухани жаңғыру» дер шартарапқа.
Қайда болса сол жерге сұға бермей,
Сай ісін жасайықшы шын талапқа.
Негізінде, жап-жақсы бастама ғой,
Көнеңді көгертетін таң қалып та.
Ескіміз ескерілмей қалып жатыр,
Неліктен, біздікі әлде жалқаулық па?
Ұмыт қалғанды ұтымды қайтара алып,
Болашаққа батыл біздер баралық та.
Қостанайда атқарылды қыруар іс,
Жаңғырудың аясында бағыт алып та. 
Өзіңнен білгім келіп отырғаны,
Жайы қалай жаңғырудың Арқалықта?

Еркінғазы Айтбаев:

"Бар ойың – тойдың соңы төбелесте",
Деп мені алып отсың келемежге.
Тең емеспіз, біресе теңбіз дейсің,
Не болды, тең бе, енді тең емес пе?
Сен айтқан батырлардың есімдері,
Алатын орындары төр емес пе.
Əлия мен Мəншүктей қыршындардың,
Аңсағаны елі мен жері емес пе.
Сәбира мен Ләззаттай батыр қыздың,
Жасаған ерліктері көп емес пе.
Бауыржан, Қайрат, Ербол елі үшін,
Ержүректік танытқан ер емес пе.
Ал сені "жазба айтыстың батыры" деп,
Айтқанға бауырымау ерегеспе.
Шамаңа қарап баға бергенім ғой,
Көңілім саған деген кең емес пе.
Батырлардың ұрпағы болсақдағы,
Сералы-ау, сенің ойың кері емес пе.
Сен бұлардай қаһарман бола алмайсың,
Шамданып, ескегіңді бөлек еспе.
Əскерден қашып жүрген мына сенен,
Үмітті үзе салған жөн емес пе.
"Жарамсыз" десе ғой, – деп, – дəрігерлер",
Жыл сайын тілеп жүрген сен емес пе.

Жаратқан берер болса тілге медет,
Біздерге осындай сəт күнде керек.
"Рухани жаңғырудан" жаңалық көп,
Біз де одан қалыс қап жүрмеген ек.
Кейкідей бабамыздың басын əкеп,
Көнені жаңғыртқаны мүлде бөлек.
Ахмет, Ғабит, Ғафу, Қасымдарды,
Жастарым жүр емес пе жырға бөлеп.
Жыл сайын айтыс өтіп Арқалықта,
Ақындар жиналады іргеме кеп.
Рухани жаңғыруды "жаңғыру" деп,
Дұрыс жағын түсінген жүлдегер ек.
Əйтпесе қазір бəрі дабырлап жүр,
Қорқасың айтуға да бірдеңе деп.
Біз енді заманауи боламыз деп,
Оранар үлде менен бүлдеге көп.
Руғани жаңғыруды "қаңғыру" деп,
Шарқ ұрып жүр кей жастар үндеме деп.
Көнеңді өзіміз кеп жаңғыртпасақ,
Сералы-ау, өткеніміз кімге керек.

Ағайын, енді несін ақтарамын,
Несіне жалған сөйлеп ақталамын?
Екеуміз айтыстағы соңғы жұппыз,
Финалға кім өтері хаққа мəлім.
Сералы-ау, осыменен тарқасайық,
Өзіңдей ағамменен мақтанамын.
Сералиндер жасаған серпілісті,
Жаңғыртып өркендетсең, шаттанамын.
Кешегі өткен Ахмет, Бейімбеттей,
Жырға бөле өмірдің ақ парағын.
Хамитбек ағамыздың жолын беріп,
Өзіңдей батыл болсын баптағаның.
Еліңе өле-өлгенше қызмет ет,
Жақсылыққа толсыншы хат-хабарың.
Ел аман жұртым тыныш болсын деймін,
Қыздарың кірлетпесін аппақ арын.
Бабалар аманат қып тастап кеткен,
Тілің мен дінің болсын сақтағаның.
Қазағым, менің саған тілейтінім,
Ешқашан қайғы-мұңның татпа дəмін.

Мырзабай Сералы:

Жырыңды жолдаудасың төзім тауып,
Берейін ақпарымды кезек алып. 

Əскерге сен құлшынып отырсың-ау,
Байқаймын, Еркін бала, сөзің анық.
Əскерден қашып жүрсің деп қоясың,
Ол сөзіңе қайтейін босқа налып.
Əскерге саған кезек келгенінде
Шығарып саламын мен өзім барып.

Түрер болса жаңалыққа құлақ адам,
Сұрақтар көп өз жауабын сұралаған.
Биліктегі басқосуда қаралыпты
Бір талай мәселелер тұралаған.
Астананың өз заңы керек деген
Ұйғарым түсініксіз мына маған.
Келген қонақ қыдырмай ма, заң жаттамай,
Міне, сондай туады сұрақ одан.
Қалаларға жалпы бір талап болса,
Намысымыз қалмайды ғой құлап одан.
Сақтап жүрер жүргінші, жүргізуші
Қаталырақ болған соң талап одан.
Мәдениетке мән беріліп, тәртіп болса,
Сонда адамдар еріксіз аралаған.
Жалпы заң сақталынбай жатса өзі,
Үй ішінен үй тіккені ұнамаған.

Ауыздан тастамастан Астананы,
Шарықтап тұр бүгінде жастар әні.
Елбасы жастарға көп дем беруде,
Жол бастап болашаққа асқаралы.
Жоспарлар жасалуда жайлап, міне,
Мекендеген халық үшін бас қаланы.
Үйсіз-күйсіз жүрсе де жас отбасы,
Алайда тастамады тас қаланы.
Үйден үйге көшумен ұлы өсіп,
Қызы тұрмыс құратын жаста, әні.
Жақында елбасы үндеу тастап,
Жасады әлеуметтік бес бастаманы.
Біріншісі тұрғын үй жайлы еді,
Мерейді үстем қылып тастағаны.
Бастаманы бастап алып тастап кетпей,
Жөн еді қадір-құттың қашпағаны.
Тілерім 20 жылдық қарсаңында
Болсыншы әр отбасы баспаналы!

You may also like...

3 Responses

  1. Батырхан айтты:

    "Қолдасын бір Алла,         Еркінғазы тек алға!!!"

  2. Асылай айтты:

    Еркінғазы Айтбаев ақынның сөздері ұтымды екен

    Сералы Мырзабайға қарағанда,ұйқасыда жақсы

  3. Данияр Ихсан айтты:

    Серəлі Мырзабай алға

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓