ҚАЙДА, НЕГЕ КЕТЕДІ?!
Тоқырау әріден басталған
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы мен жаңа ғасырдың қайта құру кезеңінде ТМД көлемінде демографиялық жағдай қиындап кеткен еді. 1988-2003 жылдардың тапшылығы салдарынан шет елдерге қоныс аударғандар саны көбейді, бала туу жасанды жолмен шектелді, өлім-жітім артты. Ғаламтордағы ашық ақпараттарға жүгінер болсақ, демографиялық тоқырау әріден басталған көрінеді. 1925-2000 жылдар аралығында ТМД көлеміндегі бала туу коэфициенті 6,8-ден 1,21-ге кеміпті. Яғни, осы кездері Кеңес үкіметін мекендеген әр әйелге 1,21 баладан бұйырған екен.
Заманымыз түзеліп, жағдайымыз жақсарғалы балаға да, басқаға да мән беріле бастады. Үкіметтік қолдау мен қаржылық, медициналық демеудің нәтижесінде, бала туу көрсеткіші 1,75-ке көтерілді. Оңды істердің нәтижесінде еліміздегі халықтың табиғи өсімі он жылдан бері 42,5 % жоғарылады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне жүгінер болсақ, былтырғы жылдың өзінде ғана 397,6 мың сәби дүниеге келген. Бала сүю бақыты бұйырғандардың орташа жасы – 28,2. Осыдан он жыл бұрын дәл осы көрсеткіштің 27,7 шамасында болғанын айта кеткен жөн. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандырар болсақ, ерте кездегі көрсеткішке әйтеуір, бір ораларымыз хақ. Әл-әзір, барымызды бағалап, қолымыздағыны құнттау керек сыңайлы.
Адам жетпейді
2000-шы жылдары дүниеге келген азаматтарымыз бен азаматшаларымыз қазір 18-де. Нағыз, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, үлкен өмірге қадам жасар кемел шағы. Қазіргі міндет – осы жастарымыздың бағытын айқындап, оқытып жетілдіру, елімізді өркендету ісіне араластыру. Осы бағытта аз ғана азаматтарымызға дұрыс жөн сілтеп жатырмыз ба?! Мәселе, осында!
Бір ғасырдың ішінде халық өсімі айтарлықтай төмендеген Ресей Федерациясының демографиялық бағдарламаға ерекше мән беріп отырған белгілі. Жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысы мен Еуропа елдерінің қос бүйірден қысқан қаржылық бұғауларына қарамастан, көршіміз адам капиталын жақсартуды – барлық бағдарламаларының басына қойған. Мәселен, бұл елде балалы болған жастарға «отбасылық капитал» қарастырылған. Екінші сәби дүниеге келгенде 2 500 000 теңге көлеміндегі жәрдемақы беріледі. Қордағы қаржыны баспана алуға жұмсауға болады. Көптеген жас отбасылар ақшаны ипотека рәсімдеуге жұмсайды. Себебі, үшінші сәби дүниеге келгенде ипотекалық төлемнің жартысы үкіметтің есебінен жабылады. Ал, төртінші бала сізді ипотекалық бұғаудан мүлдем босаттыратын көрінеді. Ал, ауылдық аймақтарда «селолық баспана» арнайы ипотекалық бағдарламасымен пайызсыз несие беріледі. Бағдарламаның алғышартының бірі – оған баласы бар жас отбасылар ғана қатыса алады екен.
Ішкі демографиялық жағдайды жақсартуға күш салған көршіміз жұмыр жер бетінде тарыдай шашылған қандастарын да назардан тыс қалдырған емес. Арнайы «Отандастар» бағдаралмасын қабылдап, Ресейге көшкісі келетіндерге барынша көмек көрсетуде. Сондай-ақ, іргелес мемлекеттердің жастарын да, өздеріне тартып әлек.
Тегін білім – тегін берілмейді!
Көрші мемлекет қазақстандық жастарды өздеріне тартуды көздеп отыр. Атап айтар болсақ, Ресей Федерациясы біздің жастарымызға негіздеп, 10 000 білім грантын бөлді. 23-ші сәуірден бері Алматы, Астана, Ақтау, Жезқазған, Қызылорда, Тараз және Шымкент қалаларында ресейлік ЖОО қабылдау емтихандары жүргізілуде. «Бұл үкіметаралық келісім негізінде қолға алынып отырған шара. Қазақстандық жастар Ресейдің мықты деген 30 оқу ордасында білім алатын болады». – деген еді «Қазинформ» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілі Алтай Нұрманов.
Жастарымыздың ТМД көлеміндегі жетекші білім ордаларында білімдерін тереңдетері әрине, қуантарлық-ақ жаңалық. Өссін, өнсін, білімдерін тереңдетсін, оған еш қарсылығымыз жоқ. Тек, сол жастарымыздың өз Отанында емес, өзге елдерде тәрбиеленетіні (басым бөлігінің болашақта сол елдің сойылын соғатыны) көңілді күпті етеді… Мәселен, Қостанайдағы Горький атындағы, Физика-математикалық бағыттағы мемлекеттік тілді емес лицейлердің түлектерінің дені ҰБТ-ға мән бермейді. Неге десеңіз, мұндағы оқушылардың басым бөлігі өз бақтарын көрші елдің жоғарғы оқу ордаларында сынап көрмек. Естуімізше, көрші елге бейімделіп жүрген кейбір жастарымыз Қазақстан тарихы, Қазақ тілі пәндеріне де мұрын шүйіре қарайтын көрінеді. Мұның есесіне, (болашақта қажет болуы ықтимал) Ресей, Дүние жүзі тарихы, Орыс және шет елдер әдебиетін барынша меңгеруге тырысады. Қажет десеңіз, қатты ынталыларды Ресейдің жоғары оқу ордаларына даярлайтын арнайы орталықтар да бар. Ғаламтордан іздей қалсаңыз, бір ғана Қостанайдан орыс оқуларына даярлайтын орталықтардың оннан астамы тізіліп шыға келеді. Тегін білім іздеп кеткен жастарымыздың болашақта Қазақстанға қайта оралып, еліміздің көсегесін көгертеріне өз басым сене алмаймын. Қанша бұлтарсақ та, ортасын өзгеріп, өзге елдің идеологиясын бойына сіңіріп өскен азаматтың сол елдің сойылын соғары шындық.
Қазақстандық жастарға венгрлер де «құда» түсуде. Будапештте (Мажарстан) жоғары оқу орындарының ректорларының қатысуымен өткен Мажарстан-Қазақстан форумында аталған мемлекеттің біздің жастарымызға тегін грант қарастырып жатқаны белгілі болды. Форум жұмысына Қазақстан және Мажарстанның 60-тан астам университеттерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Мажарстанның адам ресурстарын қорғау министрлігінің және Мажарстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты екі ел арасындағы, сондай-ақ екі елдің университеттері арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту. Форумның қорытындысы бойынша екі елдің университеттері арасында 15-тен астам келісім-шарт жасалды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ректорлары кеңесі мен Мажарстан ректорлары конференциясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жиын барысында қазақстандық жастарға 200 білім гранты тағайындалды. Тізе берсеңіз, тегін білімімен жастарымызды өздеріне тартып жатқан мемлекеттер жетерлік.
«Ақылдылар ағынын» қайтсек тоқтатамыз?
XXI ғасыр – ақылды машиналар мен жоғары технология заманы. Оны ғылым мен білімді, инженерияны жетік игергендер ғана қалыптастырып, басқара алады. Осыны дер кезінде түсінген АҚШ, Германия, Жапония іспетті дамыған мемлекеттер адам капиталына, ғылым мен білімге ерекше назар аударды. Өз елінің жастарының жоғары білім алып, сол елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлесін қосуын қамтамасыз етті. Жастарын тегін біліммен ынталандырып қана қоймай, ғылыми жетістіктерге жеткендерін барынша қолдап, әлеуметтік, қаржылай қолдау көрсетті.
АҚШ пен Германия елдері ғылым жолындағы талантты жастарды өз елдерінде ғана емес, жұмыр жер бетінен іздеді. Өз елдеріне ақылды адамдарды көптеп тарту үшін, барын салды. Мәселен, АҚШ, Германия, Корея, Израиль елдері, былтырғы жылдың өзінде ғана, жылдық жалпы ішкі өнімнің 7,5 % ғылыми-техникалық саланы дамыту, адам капиталын ақылдылармен толықтыру мақсатына жұмсаған. Ұлыбритания, Канада, Финляндия елдері ЖІӨ 6,5 % салыпты.
Еліміздегі «Ақылдылар ағынын» тоқтату үшін, біздің елімізге де осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Озық технологияны дамыту, адам капиталын жақсарту бағытына жұмсалар қаржы көлемін тым құрығанда, Ресей Федерациясының деңгейіне жеткізу керек. Сонда ғана, көрші елдердің тегін білімін ешбір жас керек қылмас еді.
Жұматай Кәкімжанов