Ассамблеяның мақсаты – мызғымас татулық
Рудный қаласындағы мемлекеттік тілдегі кітапханада Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Менің елім – Қазақстан» атты көрме ұйымдастырылды. Атына заты сай көрменің көздегені ұлттар арасындағы бірлікті, татулықты, ынтымақты паш ету.
Тәрбиелік мәні зор көрмені Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары тамашалады. Сөреге қойылған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы», жазушы Ербол Шаймерденовтың «Елтаным» кітабы, Қазақ Халқы Ассамблеясына арналған эмблема, «Қазақстан Республикасының Конституциясы» т.б құнды дүниелер ұлттар достығының айғағы іспеттес. Сонымен қатар, «Қазақстан және әлем елдері» мен «Қазақстан мәдени ошақтары» атты кітаптардың әрбір парағы әр елдің салт-дәстүрін, ұлттық киімдерін дәріптейді.
– Ассамблеяның басты мақсаты мызғымас татулық. «Ұрыс – ырысты қашырар, ынтымақ – ырысты асырар» деген халық даналығынан қалған сөз осы Ассамблеяның 20 жылдығына дәлме-дәл келіп-ақ тұр. Біздің еліміз татулық мекені, тілге, дінге қарап алаламайды. Ерінбегеннің әрқашан еншісі басым. Ол қай ұлт болса да, Қазақ елін көркейтуге атсалысса, төр соған арналады. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша елімізде 17 165 236 ұлттардың үлес салмағын да көрмеде жіктеп көрсетіп қойдық.130-ға жуық ұлт өкілдері тұратыны туралы да сандық мәліметтерді көріп, қызығушылықпен көкейлерінде жүрген сұрауларына да жауап алып жатты, – дейді осы іске мұрындық болған кітапханашы Айша Кайшентаева.
Роза ЖАРҚЫНБЕКОВА.
Рудный қаласы.