ОН ЖЕТІДЕ ОТ КЕШКЕН…

Біз соғыс көрмедік. Тәуба! Тек әдеби кітаптардан оқып, майдангерлердің аузынан естіп-білдік… Десек те, Ұлы Отан соғысынан қалған ызғырықты сезіп, зардабын тартқан жандарды көз көрді. Әсіресе, 9 мамыр Жеңіс күнін тойлар шақта алаңға шыққан ардагерлерді ауыл балалары қаумалап, ортаға алушы едік. Сонда әңгімесін екпіндете бастаған ақсақалдар артынша күрсініп, көздеріне жас келетін. Ал біз сол аталарымызды мақтан етіп, қошеметтеп жүретінбіз…
Қазір ардагерлердің қатары сиреп бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді, әрине. Бүгінгі ұрпақ ата-баба ерлігіне құрмет көрсетіп қалуға тырысамыз. Сондықтан оқырман қауымға он жетісінде от кешкен Мырзекен Нұрғазыұлы туралы айтып, батыр есімін жаңғыртуды жөн санадық. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тіккен батыр аз ба қазақта, бірақ, біз айтқалы отырған Мырзекен майданда әрі солдат, әрі дәрігер болған.  004Ол кісі 1921 жылы, 17 ақпанда қазіргі Аманкелді ауданына қарасты Қабырға ауылында туған. Әкесі Нұрғазыдан екі жасында жетім қалып, кейіннен он бір жасқа толғанда шешесі Шадидан да айырылады. Сөйтіп, бала Мырзекен Қостанайдың Семиозердегі (қазіргі Әулиекөл ауданы) балалар үйінде тәрбиеленіп, ер жетеді.
1937 жылы 7 жылдық мектепті, одан соң фельдшерлік мектептің екі жылдық дайындық бөліміне түсіп, үш жыл курста оқып, оны соғыс басталар уақытта үздік бағамен тәмамдайды. Шақыру қағазы қолына тиісімен жететін болып, елге аттанған. Ең алғаш еңбек жолын 1941 жылдың шілде айында аудандық денсаулық сақтау мекемесінде бастап та кетеді. Көп ұзамай, тамыздың 1-і күні әскерге шақырту қағазын алған ол 19 тамызда Ташкенттегі медицина қызметкерлерін қайта даярлайтын екі айлық курсқа кетеді. Тағдырдың жазуы солай шығар, Мырзекен атамыз бір жерде көп аялдамай, байтақ еліміздің әр бұрышында дәм-тұз бұйырып жүрді. Кейін Ақтөбедегі 101-атқыштар қатарында жүрген Мырзекенді Сольплецкіге жібереді.
Ал 1942 жылдан 1944 жылға дейін Жоғарғы Бас қолбасшының резервіндегі Киев, Житомир гаубициалы артиллерия полкінде қызмет етті. Даңқты Днепрді кешіп өту жорықтарына қатысып, батылдығымен көзге түскен өрен «Ерлігі үшін» медалімен нагардталады. Әскери фельдшер сол жылы КПСС мүшелігіне қабылданды.
Бұдан кейінгі майдан жолы Курск, Прохоровка, 1-Украина майданындағы 15-атқыштар корпусының штаттық батареясында, 918 жеке саперлар батальонында фельдшер қызметпен жалғасқан. Ерлігімен жиі көзге түсіп жүрген Мырзекен нұрғазин 1944 жылдың 31-і күні «Қызыл Жұлдыз» орденін омырауына тағады.009Ал Жеңіс күнін Чехословакияның астанасы Прага қаласында қарсы алады. Жиырма жасында майданға аттанған Мырзекен Нұрғазыұлы Ленинград, Украина, Белорусия, Польша, Германия, Чехословакия жеріне дейінгі жорық жолынан өтті. Бейбіт күндер басталса да ол 1946 жылдың соңына дейін теміржол байланысын қалпына келтіретін 17-жеке батальонның әскери фельдшері болып, Орал қалаларынан Батыс Украинаға дейін барды.
1947 жылы ғана елге оралған ол халықтың денсаулығын арттырып, ауданда дәрігерлік қызметін жалғастырды. Аудандық денсаулық бөлімін басқарды. 1950 жылдардың басында оның басшылығымен аудандық аурухананың ғимараты салынған.015Алғаш рет аудандық санитарлық эпидемиология станциясының ірге тасын қалап, одан кейінгі жылдары да ренгенолог, санэпидемия станциясының дәрігер көмекшісі қызметтерін атқарған. Осы еңбектерінің жемісі үшін 1970 жылы 9 маусымда «Денсаулық сақтау қызметінің үздігі» белгісі берілді. 0161976 жылы құрметті демалысқа шықты. Бірақ ол еңбектен қол үзбей сол денсаулық саласында көп жылдар бойы қызметін жалғастырды. М.Нұрғазин бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес Одағының бірнеше орден-медальдары мен мақтау қағаздарын алған. Батыр бабамыз бейбіт күнді, Тәулесіз Қазақстанның аспанын көрді. 11 ұл-қызын, 26 немере мен 9 шөбере сүйді. Тек Алланың қалауымен Мырзекен ата 2007 жылы ортамыздан озды. Дегенмен, батырдың есімі мәңгі есте қалады. Ол кісінің бар болмысын, өр тұлғасын, білім-парасатын бір мақалаға әсте сыйдыра алмаспыз, бірақ өскелең ұрпақ ердің есімін біліп жүрсе игі…
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓