Қос алма

Бір хан тау тас­тарынан өзіне керемет сарай салдырғысы келеді. Сөйтіп, бір асқан шебер ұста жалдайды. Ол ұста жұмысқа кірісіп, таудың қой тастарына ұсақ тастарды көп қосып, асықпай қиюлас­тырып қалайды. Мұны байқаған хан:
– Сен үлкен-үлкен тастардан қаласаң, сарай тез бітер еді. Сен мына ұсақ тастарға неге әуре боласың? – дейді.
– Сізге бұл сарайдың үлкен әрі мықты болғаны керек емес пе. Ендеше, мен сарайға өмірімнің бір бөлшегін арнаудамын. Сондықтан да сарайдың берік әрі еңселі де әсем болуы елге де, маған да керек. Кейін сан жылдардан кейін осы сарайды  көргендер елді де, салған шеберді де сұрап танитын болады. Маған елімнің әр тасы – үлкені де, кішісі де қымбат, оны ұқсата білу парыз, – депті. Хан еңбекқор, мақсатты, табанды әрі отаншыл шеберді мойындап, уәж айта алмапты.
Осы әфсананы еске түсіргенде әр қазақ бір сәт жүрегінен толғап, Отанға деген іңкәрлік – Алла-тағаланың пендесіне берген  дара тартуы екенін сезінері хақ. Осынау ақ жұпар дүниедегі бесігің – Отан. Онда ата-бабаң жатыр, сен сол ата-бабаңның қаны мен тері сіңген топырақтан жаралдың.қазақ
Әр адамның бойындағы ең құнды сезім – өзін Отанының бір бөлшегі деп сезінуі.  Бұл – әке жүрегінің қызуымен, ана жүрегінің жылуымен нұрланған сезім. Сен өзге елде өмір сүруің де мүмкін. Бірақ сен өз еліңде ғана қазақсың. Тамырынан ажыраған қайда барса да қурайды. Ел сөзі: ғашығынан айырылған жеті жыл жылайды, Отанынан айырылған өмір бойы зарлайды. Жарынан айырылған жарымын жоғалтса, Отанынан ­айырылған бәрін  жоғалтады.
Ұлтымыз Отанға адалдығын қан майданда көрсетті. Жан берісіп, жан алысып қан кешті.
Алаш баласы даласындай жаны да, жүрегі де дархан, басқа елге де кең. Айрықша ­қасиеті: қай кезде де емін-еркін,  ақжарқын, жылы жүзді,  қонақжай.  Жаманын жасырып, жақсысын асырып үйренген. Сәлем беріп, сәлем алып, төрін ұсынатын қалпынан айныған емес.
Алла тағала Адамды жаратып, жан кіргізіп, сосын қасына барады. Аяқ астынан Адам сасып қалады. Сонда Алла бірінші болып: «Ассалаумағалейкум, Адам!» депті. «Алла сәлемі» деген содан қалса керек. Сәлемге адал халқымыздың дәтке де беріктігі хақ. Қазақ – дос­шыл ұлт. «Өзіңді – сүт, досыңды – қаймақ деп біл» деген ертеден қалған сөз бар. Әйтсе де ең алдымен біз үшін керегі – қазақты сүю. Сократ пәлсапасы "өзіңді таны" десе, Будда  "өзіңді сүйе біл" дейді, міне, қазақ мүддесі адамзатпен үндесіп жатыр.
Сабырлы, "сабыр түбі – сар алтынды" қадір тұтқан халықпыз. Бір кішкентай қазақ қызының  қолында екі алмасы бар екен. Мұны көрген көрші орыс кемпірі қызды еркелете күлімсірей: «Күнім менің, сен әжеңе екі алмаңның бірін бересің бе?» – деп сұрайды.
Қыз бірнеше секунд көрші әжейге қарап тұрып, кенет қолындағы екі алмасын ­кезек-кезек тездетіп тістей бастайды. Сол сәтте көрші кемпірдің күлімсіреген жүзі өзгеріп, көңілі қалған күйін байқатпауға тырысты. Сүйкімді қыздың алмасымен бөліспегеніне іштей налып қалды. Кенет қыз қолындағы тістелген алмасының бірін әжейге ұсынып тұрып: «Әже, мына алманы ал, бұл ана алмаға қарағанда тәтті екен», – дейді. Кейуана өзінің асығыс ойы үшін ұялып, не дерін білмей қалыпты.
Қос мереке мерейлі болсын, ағайын!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓