Айсана (Шығыс сарынындағы қазіргі әфсана)

IMG_2369Үлкен даңғылда "Ленд Крузерді" ұршықтай үйіріп келе жатқан Сүйрік өзіне қатарласа берген  дәл  өзінікідей "қаракөкті",  оның руліндегі   сұлу қызды көріп  жүрегі дір еткендей болды. "Хор қызындай сұлуын қарашы-ей! Тоқта бәлем!"  Бұл ойлап үлгергенше қыз оқ бойы алға  озып  кетті. Сүйрік  жылдамдықты  барынша   арттырып  бір шақырымға жетер-жетпесте  қуып жетті.  Терезесін ашып жіберіп:
– Оу,  аймаңдайлы қарындас! Сәл аялдаңызшы, айтар сөзім бар! – деді дауыстап.  Сол сәтте қыз мұның сөзін қағып алса керек:
– Қоңырау таққан құба  нардай болған ағасы-ау, сонша не боп қалды? –  Даусында наз, саф сыңғыр  бар екен.  Қозы көш  жер ұзап  барып тоқтады.  Сүйрік келіп жеткенде,  қыз да кабинаның терезесін түріп тастаған.  Сүйрік есімін айтып танысты.  Қыздың аты  – Айсана екен.
– Айсана! Құй сен,  құй сенбе, сені көргеннен-ақ  жүрегім аузыма тығылды.  Бірі – шекер, бірі – бал,  бірі – қайың  бірі – тал талай   қарындастарды  көріп жүрміз ғой.  Бірақ  бірде-бірі дәл сендей жүрегімді өртеген емес.  Құлың болып өтейін, өлсек,  бір шұңқырда, шықсақ бір төбеде болармыз.  Имандай шыным, қолыңды бер! – деп жалына жабысты.
– Қанадылдай шырылдап, жүрегің езілмей тұра тұрсын, – деді, Айсана күлімдеген қалпы – Анау артыңа қарашы, көз ұшында құлдырап келе жатқан "Хаммердің" ішінде менің сіңілім  – Күнсана бар.  Өзі перінің қызындай менен өткен  сұлудың сұлуы. Ажарына ақылы сай перизат. Соны көрші, мәжнүн, сұлтаным! – деп сыңғырлай күлді, көлігі орнынан лып етіп қоз-ғала берді. Сүйрік қапелімде  абдырап қалды. "Мына  сайтан қыз  шын айта ма?!  Кім біледі, көрсем көрейін." Көп күттірмей-ақ, сұрғұлт түсті жалт-жұлт еткен "Хаммер " жақындай түскенде, Сүйрік жанұшыра тоқта деп белгі берді.
Сымбатында сын жоқ   жұтынған көлік мамырлай кеп тоқтады. Рөлінде  басында дағарадай жеңіл қалпақ киген,  мойын еті  қатпар-қатпар,  екі бетінде үш тарау сояу-сояу  әжімі бар, жуан білектерін қоңырқай жүн   басқан, алпысты алқымдаса да, ерніне қызыл бояу жү-гірткен  "жасамыс" әжей отыр. Көрген сәтте Сүйрік тұрған орнынан теңселіп құлап қала жаздады да, жалма-жан "Кешіріңіз, сізді біреумен шатастырып алдым, жүре беріңіз" –  деді даусы зорға шығып. Сылаң қағып "Хаммер" жүйтки жөнелді.  Сүйріктің қаны басына тепті. Түтіккені сонша, тікендей қара қастары тікірейіп, тістерін қышырлата шайнап, өзіне-өзі айбат шеге кабинасына секіріп мініп, Айсана кеткен жақты тұспалдап заулады-ай кеп! Мейманалы дәуренінде мұндай күйді кешпеген оған екі қырды асқаннан ақ, қылыштың қырындай жол сорабынан бұлдырап  Айсананың "қаракөгі" көзіне шалынды. Айсананың көлігі бұған қарайлағандай қаннан-қаперсіз баяу ғана жорғалап бара жатқандай. Ал Сүйріктің жақындаған сайын ашу кернеген күйі сәл бәсеңси түскен..
– Сен неге мені алдадың, Айсана ханым! Менің ақ ниетімді неге таптап кеттің? –  деді, қуып жеткеннен соң ентігін баса алмай.
– Ниеті тәуір  жігіттің,
Жүрісінде мін болмас.
Айтқанында зіл болмас,
 Көңілінде кір болмас, –  деген, мырза. Сабыр ет. Ал тыңда: мен сенің жүрегіңді шын өртеген   болсам, сен менің құлым боп өтуге  дайын болсаң, онда басқа сұлуға қарамас едің!       Сен ойланбастан-ақ  артыңа тұра жүгірдің, ендеше айтқаныңның  бәрі жалған! "Сымбатыңда сын жоқ, ішкі сарайыңда дым  жоқ" пендесің, хош, –  деді де, жүріп кетті.
Жанұзақ Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓