«Кітапхана түніне» жиналды
Қостанайдағы облыстық кітапханада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Кітапхана түні» шарасы өткізілді. Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директоры Дариға Дүйсебаеваның сөзінше, бұл шара осымен төртінші рет ұйымдастырылды.
– Оқырмандарымыз үшін ерекше «Кітапхана түні» дәстүрлі жобаға айналды. Бұл ауқымды шара жылдан жылға жалғасады. Негізгі мақсаты – оқырмандарды кітапқа жақындату, оқуға шақыру, сонымен қатар біздің қызметкерлерге жаңа қырынан танылуына мүмкіндік беру. Мұрағатта сақталып тұрған көне жәдіргерлермен жұртшылықты таныстыру. Себебі, ол жерге басқа уақытта оқырман тұрмақ, өзіміздің қызметкерлерге де кіруге болмайды. Биылғы «Кітапхана түнінде» ертегі кейіпкерлері мен сиқыршылар, батырлар мен балгерлер өнер көрсетеді, – дейді Дариға Дүйсебаева.
Оқырмандар түн ауғанша кітапхананың мұрағат қоймаларын емін-еркін аралап, мекеме қызметкерлері дайындаған түрлі тосын сыйларға куә болды. Кітапханың үш қабатында да әртүрлі шеберлік мектептері мен кітап көрмелері өтті.
– Ғаламтор жайлаған заман оқырмандардың белсенділігін төмендеткені шындық. Сондықтан осынадай тағылымды шаралар тарихи танымымызды кеңейтетіні анық. Бүгін кітапханада бұрын бола бермейтін мүмкіндіктерге қол жеткізді. Сирек кітаптар қорына кіріп, өлкенің бай тарихымен таныстым. Мұның өзі бір ғанибет! – деді Гүлім Боранбай есімді оқырман.
Ән, бимен әрленген кешке келушілер түрлі деректерге қанық болды. Ал ақындар рухты өлеңдерін оқыса, суретшілер кім үздікті анықтады. Оқырмандардың көбі робот техникасы секциясына келіп, жас өнертапқыштардың туындыларын тамашалады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев