СЫН САҒАТЫ
Қазақстанда бір мезетте 180 мың адам латын әліпбиінен диктант жазды. Қостанай облысынан бұл шараға 15 мыңдай адам қатысқан.
Бүкіл облыстағы мектептер мен кітапханаларда, мәдени ошақтарда сағат 11.00-де басталған ашық диктант "Мың бала" республиалық мәдени-ағартушылық аясында Тілдер күні мерекесіне орай өтті. Басты ұйымдастырушы – Қазақстан Халқы Ассамблеясы. Диктанттың осы жолғы ортақ тақырыбы – "2019 жыл – Жастар жылы".
Қостанай қаласында жалпыхалықтық науқан "Қоғамдық келісім" КММ-де, Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-де, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-де және бірқатар мектепте өтті. Қатысушылар – оқушылар, студенттер, мұғалімдер мен оқытушылар, сондай-ақ кез келген тілек білдірген тұрғынның қолына қалам мен қағаз берілді. Арнайы бақылаушылар екінші республикалық диктантқа қатысушылар санының, сапасының да анағұрлым артқанын айтады. Мәселен, бір ғана "Қоғамдық келісім" ғимаратының кіші залында 55 диктантшы сынақтан өтіп, шетінен лайықты нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада мекеме қызметкерлерінен диктант алған белгілі ақын, журналист Абылай Мауданов азаматтардың жаңа қаріпке әжептәуір жаттығып қалғанын айтады.
"Кітапхана басшылығы сенім білдіргесін республикалық маңызы бар шараға үлесімді қостым. Диктантқа қатысушылардың соншалық тосылып жатқанын байқаған жоқпын. Бұл, әрине, қостанайлықтардың латыннегізді әліпбиді тұрақты түрде үйреніп, машығып, жаттығып жүргенін дәлелдесе керек", – дейді ол.
Ал жалпыоблыстық көрсеткіш бүгінше анықталған жоқ. Қостанайлықтардың нәтижесін арнайы қадағалаушылар електен өткізіп, республикалық комиссияға өткізеді. Өңір тұрғындарының белсенділік деңгейі қаншалық болғаны кейінірек мәлімделеді.
Ең бастысы, елдің жазу тарихындағы жаңа қадамды қолдауға облыс тұрғындары ерекше ықылас танытты.