КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАР ЖОЛ

«Болашаққа бағдар: Рухани жағыру» бағдарламасына бір жыл
Өткен жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Елбасының бұл бастамасынан соң қазақстандық қоғам дамудың жаңа жолына түсіп, рухани ізденісті арттырды. Ұмыт болып бара жатқан тарих пен өнерді жандандырды. Ұлт Көшбасшысы өз мақаласында былай дейді: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс — біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді».
 
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»
Міне, Тәуелсіз Қазастанның рухани жаңғыру жолына түскеніне бір жыл өтті. Осыған орай Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" бағдарламасының бір жылдығына арналған есеп беру жиыны ұйымдастырылды. Шара аясында әрбір жобаның нәтижесі бойынша арнайы стендтер қойылып, атқарылған жұмыстың қорытындысы жарияланған. Бұл шараға аймақтардан арнайы делегациялар келіп қатысты.kbb_9717ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның айтуынша, жиналыстың басты мақсаты – өткен бір жылдың ішінде атқарылған жұмысты талқылап қана қоймай, оны ары қарай тиімді жалғастыру.
-Әрбір бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесін тыңдап, одан кейін осы жерде ашық әңгіме жасауымыз қажет. Өйткені, әрқайсыңыздың керемет ұсыныстарыңыз бен ойда жүрген жақсы жобаларыңыз бар. Осы руxани жаңғыруды ары қарай xалыққа қалай жеткіземіз? Себебі, бағдарламаға еліміздің әрбір азаматы қатысса ғана нәтижесі тиімді болмақ. Осыны Елбасы да үнемі айтып отырады. Сондықтан, алда жұмыс көп. Бағдарламаны барынша қызықты ету керек. Ең бастысы, нәтиже бар. Енді, осының бәрін ары қарай елге жеткізу сіз бен біздің басты мақсатымыз деп білемін,- деп атап көрсетті А.Балаева. 
Сондай-ақ, бөлім меңгерушісі "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда журналистердің еңбегі ерекше екендігін айтты.
-Шынында, бағдарламаның әрбір жобасы бөлек мемлекеттік бағдарламаға сай келеді. Соның бәріне xалық белсенді атсалысып отыр. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеке алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, сыни материалдардың өзі біз үшін үлкен әдістемелік құрал сияқты болды. Біз өз жұмысымызды жандандырып, оны басқа бағытта дұрыстап жасауға тырыстық. Әрбір жобаның мазмұнын ашып, xалыққа жеткізу жағынан сіздердің еңбектеріңіз зор,- деді А.Балаева.
«Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет»
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бағдарлама аясындағы «Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет» жобасында көзделген шараларды баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба еліміздің мәдениеті мен руханиятын жер жүзіне таныстырып, әлемдік деңгейден өз орнын табуға мүмкіндік бермек.
– Былтыр ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тұсауы кесілген. Айтулы жоба екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, ұлттық құндылығы мол шығармаларды іріктеп, үздіктерін анықтау. Екіншісі, оларды шет мемлекеттерге насихаттау. Қазір алғашқы кезең аяқталды. Төрт бағытта 500-ге жуық озық туынды сараптаудан өтті. Бұл үшін еліміздегі шығармашылық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істедік. Сондай-ақ, ең үздік ұжымнан құрылған солистеріміз гастрольдік сапармен 50-ге жуық елді аралап, шетелдік көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, өзге мемлекеттерде қазақ әдебиетінің орталықтары ашылды,-деді вице-министр.20180413115236
 
«Қасиетті Қазақстан»
Жиында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы да сөз алды. Ол аталмыш орталықтың бір жылдық жұмысының қорытындылады.
-Ең біріншіден, біз бір жылдың ішінде қазақ жерінің киелі де қастерлі, қасіретті де әулиелі жерлерінің тізімін анықтадық. Киелі жерге тағзым ету, барып дұға оқу, түнеу – ата-бабамыздан келе жатқан ізгі дәстүр. Киелі жерлеріміздің бәрін түгендеп, тұңғыш рет олардың ортақ картасын жасап жатырмыз. Сондықтан, ең біріншіден, ол жерлердің тізімін анықтау әсте оңайға түскен жоқ. Ол үшін бүкіл аймақтарды араладық. Басты талабымыздың бірі – халықтың бұл жерлерді өзі анықтайтындай жұмыс жүргізу еді. Сондықтан, әрбір өлкеде өлкетанушылар мен ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерінің бірігуімен облыстық комиссиялар құрылды. «Қасиетті Қазақстан» орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сараптамалық комиссия құрылды. Оған елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енді. Сараптамалық кеңес тізімді қарастырып, арнайы анықтамасын республикалық БАҚ-тарға жариялады. Ел аумағында көпшілік біле бермейтін киелі жерлер бар, бұрыннан белгілі, халқымыз тәу етіп жүрген орындар да бар. Әр жердің өз киесі, діни және ғұрыптық ескерткіштері сақталған. Біз олардың барлығын біріктірдік. Діни, ғұрыптық, тарихи сонымен қатар, қазақ ұлтының пісіп жетілуі жолында ерекше орын алатын саяси жерлерді де қостық. Батырлар тарихына, Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жерлерге баса назар аудардық. Ұлттық рухы асқақ, рухы биік халықты қалыптастыру үшін құндылығына көбірек мән береміз. Қостанай өңірінен біраз қасиетті жерлердің тізімін анықтадық. Негізінен, жергілікті өлкетанушы ғалымдар ұсынған деректер мен археологтардың еңбегіне сүйендік. Мысалы, Қостанай мен Челябінің арасындағы үлкен бір өркениет – Арқайым деп аталады. Бірақ, Арқайым секілді ескеркіштер бізде де бар, ол сол Ресейдегі Арқайыммен көршілес жатқан Қостанай облысы Денисов ауданындағы «Қазақстандық Арқайым» аталатын Қамысты тарихи ескерткіші. Арқайым өркениеті жақсы насихатталғандықтан, оны қазір бүкіл әлем біледі. Сондай қызықты ескерткіштердің бәрі – ата-бабаларымыздан қалған. Бұл жобаның басты мақсаты – тұтас тарихи сана-сезімді түйсіну. Біз кезінде сақ, сармат, ғұн, түркі, Шыңғыс хан империясының бір бөлігі болдық. Ру-ру болып елдікке айналып, тұтас қазақ ұлты болдық. Соның бәрі де – біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан, жоба ең алдымен тұтастықты, ұлттық бірегейлікті көздейді. Біз – бір елміз. Қазақстандағы әрбір қасиетті жер – барлық қазаққа ортақ болуы керек. Шығыстағы Ырғызбай ата тек шығысқа, батыстағы Жұмағазы ата батысқа ғана қатысты емес. Ол бәріне ортақ. Сондықтан, ақпаратты бірдей таратамыз.
Сонымен қатар, Торғай көтерілісі мен Алаш арыстарынан қалған тарихи мекендер жетерлік. Ел үшін аянбаған тұлғалардың жатқан жерлері де біз үшін киелі. Соның ішіндегі Торғай геоглифтері қазір жақсы танылып жатыр. Оны да сол тізімге қосып, әлі де насихаттау керек. Мемлекеттік деңгейде соған мән берілсе екен дейміз,-дейді Берік Әбдіғали.x9xrwz5qxcwСондай-ақ, Берік Әбідғали сөз соңында жаңадан ашылатын мемлекеттік үш қорыққа қатысты арнайы қаулы шыққанын жеткізді.
– Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылады. Оны Президент Әкімшілігі қолдады. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Бірінші қорық – елорданың іргесіндегі Бозоқ қалашығы. Тарихымызда елеулі оқиға болған жер. Көбі оны біле бермейді. Болашақта сол жерде үлкен музей-орталық ашылады. Екінші қорық – Ботай. Бұл жерде адам баласы алғаш жылқыны қолға үйретті. Үшіншісі – Сарайшық. Атырау облысында орналасқан. Қазақтың талай ардақты хандары жатқан жер. Кезінде Қасым xан елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге апарған. Сөйтіп, Алтын Орданың мұрагері біз екенін көрсетті. Сондықтан Сарайшық біз үшін үлкен геосаяси құндылық, – деді ол.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»
Бұған дейін Астанада «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өтті. Шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Елбасы айтқандай, әрбір аударылған кітаппен xалықтың санасы түбегейлі өзгереді. Ең бастысы, соның бәрін іс жүзінде кәдеге жарату қажет.«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтар, әсіресе, ауыл баласы үшін зор қазына.
Аталған жоба болашаққа бағытталған бірнеше стратегиялық мақсатты орындайды. Ал оның қазақ қоғамына, Қазақстан халқының санасын оятып, дүниетанымын кеңейтуіне қосар үлесі жылдар өте келе айқындалады дейді аудармашылар.
Осы уақытқа дейін аталған жоба аясында философия, дінтану, антропология және журналистика бойынша 18 кітап пен оқу құралы жарыққа шықты. Әрбір оқулық 10 мың данамен басылып, алдағы бір айдың ішінде жоғары оқу орындары мен кітапxаналарына таратылады. Биылдан бастап оқу бағдарламасына да енгізіледі. Сондай-ақ, барлық оқулықтардың электронды нұсқалары және соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы Қазақстанның ашық университеті платформасы (OpenU.kz) арқылы таратылатын болады.
Оқулықтар әлемдік білімнің жауһарларын қазақ тілінде оқып, санасы азат ұрпақ өсіруіге мүмкіндік береді. Аударылып жатқан кітаптардың арасында орыс тіліне ешқашан аударылмағандары бар. Яғни, ағылшын тіліндегі тың дүниеге қазақтілді оқырманның қолы бірінші жетеді деген сөз. Бұл «жақсы кітаптың бәрі орыс тілінде болады» деген ойдан арылтады, яғни санада серпіліс жасайды. Бұл – әсіресе ауыл балалары үшін орны толмас қазына. Бұған дейінгі ұрпақтарда тәуелсіз сана қалыптастыруда мұндай ерекше мүмкіндік болған жоқ. Әрине, 18 оқулық әзірге теңізге тамған тамшыдай ғана. Бірақ, бұл – азат саналы ұрпақ қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.
"Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасын іске асыру мақсатында үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры құрылды. Әлемнің жетекші баспаларымен байланыс жасалды. Алғашқы 18 оқулықтың глоссарийлері негізінде 3 мыңнан астам ғылыми терминдер мен ұғымдар жиналған. Солардың үштен бірі қолданысқа жаңадан енгізіліп отыр. Оқулықтардың тізімі мен жоба туралы толық ақпаратты www.100kitap.kz сайтынан алуға болады.20180413115321Алғашқы оқулықтардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы» бар.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі»
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңі аяқталып, жеңімпаздардың тізімі жарияланған болатын. «100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрды. Басты критерий – тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне қосқан үлесті көрсету. 2017 жылдың 1 жел­тоқсаны – Тұңғыш Президент күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы мәресіне жетіп, қорытындыланды. Қоғамға сіңір­ген еңбегімен, өнерімен, білімімен, ерекше қасиеттерімен дараланған «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан азаматтарымызды Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты түрде қабылдады.
Өзде­рінің игі істері арқылы халық­тың ыстық ықыласына, таңдауына ие болған 2017 жылдың «100 жаңа есімі» тәуелсіздіктің жылнамалық тари­хына енді. «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында жүзеге асқан «Қазақстан­дағы 100 жаңа есім, табысты адамдар – табысты ел» жобасы жеңімпаздарының өмір жолы мен жетістіктері қазақстан­дықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Осы уақытқа дейін El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру жүргізілген болатын. Осының нәтижесінде барлығы 102 адам жеңімпаз атанып отыр. Министрдің айтуынша, екі үміткер жалпы топтан оқ бойы озық шыққан жүздіктен сәл ғана қалып тұрғандықтан, тізімге енгізілген көрінеді. Жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген екен. Үздіктер қатарынан қостанайлық кәсіпкерлер Алмат Тұрсынов пен Қайрат Маишев және спортшы Денис Кузин көрінген еді. Бұл бастама алдағы жылдары да жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, шара шеңберінде әрбір жоба бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көрсететін көрме ұсынылып, еліміздегі мәдени мұраны бір жерге жинап, кең түрде насихаттап отыратын «Мәдениет» порталының таныстырылымы болды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Астана-Қостанай-Астана. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓