Жерлестеріміз жүлдегер
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дәстүрлі "Рухани қазына – 2021" республикалық фестивалінің биылғы жүлдегерлері қатарында қостанайлықтар жарқырай көрінді. Бұл – мәдениет және өнер саласына еңбек сіңірген ұжымдар мен мамандарды анықтайтын үздіктер додасы.
Осы жылы облыс қоржынына беделді байқаудың төрт бірдей жүлдесі түскелі отыр. Атап айтқанда, облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайы "Рухани қазына" жеңімпаздары қатарынан көрінді. Сондай-ақ, облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы орталығы және кинобейнеқор орталығының көркемдік жетекшісі, "Шаңырақ" ұлттық өнер орталығының жетекшісі Айгерім Кушкимбаева үздік деп танылды. Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дариха Дүйсебаева да ең жоғары бағалауға ие болып отыр. Ал, белгілі қаламгер, "Qostanai" обылстық телеарнасы директорының орынбасары Абылай Мауданов "Б.Соқбақбаев атындағы балалар мен жаөспірімдерге арналған үздік кітап авторы" аталымы бойынша лауреат атанды.
Айта кетейік, республикалық байқауға еліміздің 15 өңірінен кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметі бойынша 300-ден астам өтініш келіп түскен. Жеңімпаз жерлестеріміз Көкшетау қаласында 18-21 мамыр аралығында өтетін марапаттау рәсіміне жол жүргелі отыр.