Еңбегі елге мәлім
Елінің өркендеуі мен көркеюі жолында маңдай терін төккен еңбек ардагері Кәкімжан Карбозов өнегелі ісі туралы бұған дейін облыстық телеарналарда айтылып, облыстық “Қостанай таңы” газеті мен аудандық “Біздің Торғай” және “Амангелді райы” газеттері жарыса жазған болатын. Арада аз уақыт өткен соң мерейтой иесінің тарихи кеші туған жерінде өтті.
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Еңбек ардагері, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы Кәкімжан Карбозұлының 80 жас мерейтойының құрметіне арналған тағылымды кездесу кеші болды.
Кеш тізгінін қолына алған алаштың ардақты ақыны, айтыс ақтангері, жерлесіміз Айбек Қалиев мерейтой иесінің кеңес үкіметі тұсындағы және тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ел үшін істеген елеулі еңбектерімен жеткен жетістіктерін өрелі ойларымен әспеттеп, қысқаша шолу жасады. Республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Тоба Өтепбаев кеш егесіне деген тілегін жүректен шыққан арнау жырымен жеткізді. Мерейлі кешке алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар ағынан жарылып, Кәкімжан әкеміздің қажырлы еңбегі мен жемісті жетістіктерін жарыса айтты. Солардың бірі – Астана қаласының тұрғыны, кезінде совхоз директоры болып абыройлы қызмет жасаған Кәрімжан Бекболатов.
-Ардақты ағайын мен кешегі кеңестік дәуірде Кәкеңмен қызметтес болып бірге жұмыс атқардым. Мені аға деп құрметтеп, сыйлады. Кәкімжанды айтқанда Көлқамыс, Көлқамысты айтқанда Кәкімжан ойыма келеді. Себебі Кәкең сол ауылдың болашағы үшін бар күш жігерін жұмсады. Үдере көшкелі отырған елді тоқтатып, қолынан келген істі жасады. Олардың жағдайларын жасап, азын-аулақ малмен қамтыды. Күнкөріс деңгейі төмен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтерді. Еңбек етудің не екенін жақсы білетін ол еш қиналған жоқ. Өмірдің тауқыметін көп көрді. Әкеден ерте айырылды. Бірақ жасыған жоқ. Қайта шыңдалды. 11 жасында еңбекке етене аралсқан бала Кәкімжан анасына қамқор болды. Анасы берген бағыт-бағдарды мақсатты іске асырып, өмір ағынына қарсы тұрды. Ел қатарлы күнделікті күйбең тіршілікпен айналысты. Анасының сенімін ақтап, биік шыңдарды бағындырды. Жетті, жетілді. Қиын-қыстау өмірден алған мол тәжірибесін еліне, туған жеріне арнады. Лауазымды қызметтер атқарды. Халықтың қолдауымен, биліктің таңдауымен депутат болды. Елдің мұң-мұқтажын биік мінбелерде айтып, тиісті органдарға жеткізді. Тура бидей турашылдығы мен қайсарлығының арқасында бүкіл торғайлықтардың мақтанышы бола білді. Соның нәтижесінде бірнеше ордендерді омырауына тақты. Бұл – елге деген еңбегінің нәтижесі. Айналайын Кәкімжан, ендігі саған тілерім – мықты денсаулық, балаларыңның ортасында немере-шөберелеріңнің қызығын тоймай жүз жаса, – деп сөзін қорытындылады.
Келесі кезекте облыс әкімінің аманатын жеткізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов алғыс хат табыстап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Аудан әкімі Шота Оспанов 80 жасқа толған ел ағасының игілікті ісі көпке үлгі болатындығын айтты.
-Кеңес үкіметі тарап, біраз елді мекен қаңырап бос қалды. Құлдырау кезеңі жекешелендіруге әкеп соқты. Сол тұста қазіргі Көлқамыс ауылы болашағы жоқ бөлімше болды. Саусақпен санарлық отбасы қалды. Намысқа тырысқан Кәкімжан ақсақал жоқтан бар жасап, ілгері талпынды. Жинақтаған мол тәжірибесін қолданды. Алғашқы болып шаруа қожалығын ашқан да осы кісі болатын. “Сыма-К” шаруа қожалығын құрып, азғантай ауыл халқын жұмысқа тартты. Еңбекақыларына қой-ешкі, сиыр, жылқы беріп, малдандырды. Сол қиын кезеңде шағын ауылдардың электр сымдары ұстағынның қолында, тістегеннің аузында кетті. Бүгінгі Албарбөгет ауылдық округіне қарасты барлық қоныс орындар мен ауылдардағы электр бағаны мен сымдары қарақшылардың қанауынан аман қалды. Бұл – сіздің елге деген жанашырлығыңыз. Басы өзіңіз болып, ауыл азаматтарын қараулыға қойып, сақтап қалдыңыз. Енді, міне, еліңіз, жұртыңыз сіздің еңбегіңізді бағалап, құрметтеуде. Көлқамыс ауылының құнарлы жерін тиімді игеріп, төрт түлікке толтырдыңыз. Мінекей, шаруашылық жетегін кенже балаңыз Манат қолға алды. Сіз бақытты әке, ардақты атасыз. Мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Алла зор денсаулық берсін. Әлі де ел игілігіне қызмет жасайды деп сенемін. Сондықтан иығыңызға шапан жауып, ат мінгізуді жөн санадық, – деп салатантты түрде сый-сияпат табыстады.
Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин бастап келген делегация құттықтауларын жолдап, Кәкімжан Карбозұлына “Арқалық қаласының Құрметті азаматы” деген атақ беріп, омырауына медаль тақты.
Көршілес Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов те сый-құрмет көрсетті. Аманкелді мен Жанкелдин ауданының ардагерлер кеңесінің төрағалары Кәкімжан ақсақал хақында теберіне сөз сөйлеп, өнегелі ісін кейінгі жас буын өкілдеріне насихаттады. Сонымен қатар, еңбек ардагеріне лайықты сый-сияпат тапсырды. Аудандық мәдениет үйінің және Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұжымы тағылымды кешті әсем әнмен әрледі. Асқар тау әке, ардақты ата, қамқоршы дана атанған Кәкімжан әкеміздің балалары сахна төріне шығып, ізгі тілектерін айтып, әкемізге байлық пен мансап емес, балаларының, немерелерінің амандығы керек деп, сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалдың 80 жас мерейтойының құрметіне шетелдік атвокөлікті сыйға тартты.
Жанкелдин ауданы мен Арқалық қаласының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Кәкімжан Карбозұлы:
-Мен халқыма, еліме өте ризамын. Азды-көпті жасаған еңбегімді елеп-ескеріп, қуанышқа бөледіңіздер. Облыс, аудан, қала басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мен өзім үшін емес, елімнің ертеңі үшін қызмет қылдым. Торғайдың болашағына алаңдадым. Болмаса, мен де ел қатарлы көшіп кетіп, күн көруіме болатын еді. Оған арым жібермеді. Екіншіден, марқұм анамның айтқан ақылы мен өсиеті мені көзі ашық, көкірегі ояу азамат етіп тәрбиеледі. “Балам, өзге елде сұлтан болу оңай. Сен кіндік қаның тамған, бар балалық шағың өткен киелі туған жеріңді тастап кетсең, сұлтандығың кімге керек. Одан да туған жеріңе туыңды тігіп, ауылыңның түтінін түзу шығарсаң, одан асқан бақыт бар ма?” – деп айтқан сөзі әлі күнге жадымда сақталып келеді. Осындай дәрежеге жетуім бірінші анамның арқасы. Екіншіден, Құдай қосқан жан жарым Гүлназияның арқасы. Маған бар мейрімі мен қамқорлығын сыйлады. Қиналғанда мұңымды, ашуланғанда сырымды бөлісті. Бала тәрбиесінде жүріп, дала шаруасына көмектесті. Сүрінгенде демеу болып, құлағанда қолтығымнан демеді. Арқа сүйер адал жарым болды. Егер тірі жүргенде бүгін осы сахнада жанымда жадырап отыратын еді. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Мүмкін, тағдырдың жазуы шығар. Көз жұмар алдында мен көрмеген қызықпен, жасамаған жасымды Кәкімжаныма берсін деген шығар. Алла алдынан жарылқасын. Мен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Мен көрген тауқыметті емес, жасымды сіздерге берсін!
…Шындығыңда, шалғайдағы шатқаяқтап тұрған ауылды гүлдендіріп, түрлендіріп, кішігірім шаһарға айналдырған Кәкімжан әкеміздің еңбегі зор. Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Түбекбай Ғабсалықұлы айтқандай, бұл кісінің еңбегін бір күн айтып, бір томдық кітапқа сыйдыру мүмкін емес.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.