Өндірістегі ару

Дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай-ақ, өндіріс саласында, қоғам кайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі болды. Бұл әріден жалғасып келе жатыр. Бүгінгі Тәуелсіз мемлекетте де болашағынан үміт күттіретін, әсіресе ер азаматтармен теңдей құрылыста, өндірісте жүрген аруларымыз да бар. Солардың бірі – «ССКӨБ» АҚ Кен дайындау және байыту фабрикасындағы пайдалы қазбаларды байытушы Айжан Дәулетбайқызы Нұрланова.DSC_9022
Айжан 1994 жылы Өзбекстанда туған. Ата жұртқа қоныс аударғанына он жылдың жүзі болды. Алғашында Лисаков техникалық колледжіне оқуға қабылданған Айжан отбасылық жағдайға байланысты Рудный тау-кен технологиялық колледжіне ауыстырып, осында бітіріп шыққан.
– Колледжді тәмамдап, дипломымды алған соң кен дайындау және байыту фабрикасына мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұндағы міндетім – беріліп жатқан концентрат ылғал болмауы үшін су мен ауаны қадағалау, өнім конвейерге дұрыс түсуі үшін сүзгішті бақылау. Тоқтап қалған жағдайда операторға хабар беріп, сүзгішті тазалап жуып, қайта іске қосу, – дейді Айжан.DSC_9052
Жас маманның фабрикаға жұмысқа келгеніне үш жарым жыл болды. Алғаш келгенде үш ай сынақ мерзімінен сәтті өтіп, емтихан тапсырып, толықтай өз күшімен жұмысқа орналасқан.
– Айжан ұжымда өте жауапкершілікті сезініп жұмыс атқарады, – дейді пайдалы қазбаларды байыту бойынша ауысымда аға шебер Сәкен Есенғалиев. – Тіл алғыш. Бізге жұмысқа келгелі тіпті ешқандай ескерту де алған емес.
Айжан Дәулетбайқызы – бүгінде отбасылы, ата-ененің қызметіндегі келін, жұбайына сүйген жар, бір қыздың анасы.
– Мен ауысыммен жұмыс істегеннен кейін кейде бос уақытымызда осындағы әріптес қыздармен команда түзіп, волейбол ойнап тұрамыз, – деп Айжан спортқа да бейімі бар екенін айтып өтті.DSC_9055
Айжанның алға қойған мақсаты – жоғары оқу орнына түсіп, осы сала бойынша мамандығын жетілдіру.
Әйел-ана – ұлт, әлем болашағының кепілі екені даусыз, түрлі тарихи кезеңдерде, түрлі қоғамдарда әйел баласының ерекше орнын биіктеткені шындық. Кеншілер қаласында да өндіріс алаңында өз орнына талпынатын бір аруымыз бар екенін көрдік. Ендеше, Айжанға сәттілік жар болсын деп, алда келе жатқан Халықаралық әйел-қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓