20 мың грант қандай мамандықтарға бөлінеді?
Биыл қосымша 20 мың гранттың қандай мамандықтарға бөлінетіні белгілі болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл жөнінде primeminister.kz сайтына сұхбат берген ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Қаржы орталығы" АҚ білім беру қызметтерінің төлем жүйесін дамыту департаментінің директоры орынбасарының міндетін атқарушы Алпамыс Сатыбалдин айтып берді. "Мемлекет басшысының үшінші бастамасы білім беру деңгейін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, қосымша 20 мың грант бөлу. Оның 16 мыңын бакалаврға, соның ішінде 11 мың грантты техникалық мамандықтарға, нарықта сұранысқа ие басқа мамандықтарға – 5 мың грант, магистратураға – 3 мың, PhD бағытына 1 мың грант бөлу көзделген", – деді Сатыбалдин.
Оның айтуынша, 2017 жылы бес жыл ішінде алғаш рет қосымша 10 мың грант бөлінді. Бұған дейін бакалавриатқа жыл сайын 28 902 грант бөлініп келген. Өткен жылы 35 мың грант бөлінді. Сонымен қатар, магистратурада гранттар саны 7 мыңнан 10 мыңға дейін өсті. Биыл тағы 20 мың грант бөлінеді. Жалпы, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 66 389 астам білім грантын құрайды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда схема әзірленіп жатыр, жыл сайын гранттар саны жоғары оқу орындарының қажеттіліктеріне негізделіп бөлінеді. Еске сала кетейік, 2018 жылы 5 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеу жариялаған еді. Мемлекет басшысының үшінші бастамасы білім беру деңгейін арттыруға бағытталған.