Студентті буындырып өлтірген
Қостанайда 22 жастағы студенттің өліміне кінәлі қала тұрғынына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Студенттің өліміне қатысты іс бүгін Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Іс материалдарына сүйенсек, 2017 жылдың 27 қарашасында Абай Мұхамбетов есімді тұрғын 22 жастағы студент Кристина Шульженконы буындырып өлтірген.
«Күдікті Абай Мұхамбетовке ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша айып тағылды. Сот үкімімен оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Оның іс-әрекеттері қауіпті рецидив ретінде танылды. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды», – деді судья Жанна Тілеубаева.
Сондай-ақ, сотталушы тараптан 1,5 миллион теңге моральдық зиян және 120 мың теңге қосымша жұмсалған шығын үшін өндірілді.