Жаңа жүйенің пайдасы зор
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ауылшаруашылық саласы үшін маңызы ерекше. Бүгінде төрткүл әлем осы технологияны жаппай қолданысқа енгізген. Бұдан біздің елде қалыс қалмауы тиіс. Сондықтан, Елбасының өзі: «Ғаламторға телмірген заманда ІТ технологияны мемлекет барынша қолдап, қарапайым халықа ілгері дамыған бағдарламаларды үйрету қажет», – дегені есте.
Қазір дамыған елдерде қазір роботтар, ақылды жабдықтар, сенсорлар, жасанды интеллект, роботтардың түр-түрі шығырылады. Бұл – уақыт талабы. Келешекте ел дамуының негізгі факторлары да осы саламен байланысты болмақ. Сондықтан Қазақстан цифрландыру саласында батыл қадам жасап отыр. Цифрландыру мәселесіне қатысты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ ректоры Ақылбек Күрішбаев бастаған бір топ астаналық ғалымдармен кездескен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов цифрландыру саясатының түпкі мақсаты жайлы тереңнен толғады.
Жаңа бағдарламаны жүзеге асыруда біздің облыс пилоттық жоба ретінде танылғаны белгілі. Яғни, белгіленген мерзім аралығында соны технология өңірде сәтті жүзеге асуы тиіс. Қазірдің өзінде астықты аймақта цифрландырудың жол картасы түзіліп, оған 70-ке тарта жоба кіріктірілген. Соның 30-ы ауылшаруашылық саласына тиесілі. Мамандар мұның агроөндіріске тигізер септігі зор деп отыр. Жер өңдеу, оның құнарын арттыру, топырақты қайта өңдеу арқылы мол өнімге кенелу тәрізді бірқатар шаруалар осы жаңа жүйенің көмегімен іске асуы тиіс.Жаңа технологияны ауылшаруашылық тауар өндірушілері де жатсынып отырған жоқ. Тек, оның мәнін тереңірек түсіндіретін осындай алқалы кеңестер өткізіліп, мамандарға үйретер болса, онда жаңа жүйе соғұрлым пайда әкелер еді дейді ауылшаруашылық жетекшілерінің өздері.
Бұл жолғы басқосуда тараптар ІТ-технологияның ауылшаруашылық саласына тигізер пайдасы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
-Біз жаңа технологияға көшу арқылы елдің экономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ете аламыз. Бұл жүйе жер емген шаруалар үшін өте тиімді. Бүгінде шетелдік агроөнеркәсіп саласының мамандары түгел осы технологияны игерген. Бұл технологиялар заманындағы ең үлкен жетістік болмақ. Ал дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға ниетті Қазақ елі үшін бұл нағыз ілгерілеу тетігі,-деп атап көрсетті Ақылбек Күрішбаев.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ