Су басу қаупі бар
Биыл Қостанай облысындағы елді мекендер тағы да қызыл судың астында қалуы мүмкін. Мұны Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты. Еліміздің ірі су қоймаларының барлығы бірдей еріген қар суын сыйдырып, өткізуге дайын емес. Оның айтуынша, елде 27 гидротехникалық құрылыс апатты жағдайда тұр. Оларды жөндеу қажет. Сонымен қатар тағы 380 гидротехникалық құрылғы апатты деп танылмаса да, олардың жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Иесіз жатқан 40-қа жуық су қоймасы да бар. Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі: "Биыл Қазгидрометтің болжамы бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын су басуы мүмкін. 918 елді мекен және тас жолдар мен темір жолдардың 1500 учаскесі қауіпті аймаққа жатады деп танылды."
Жергілікті әкімдіктердің су қоймалары мен бөгеттерге қаржыны үнемдейтінін де айтылды. Тасқынның салдарын жоюға республикалық бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы жұмсалады. Мәселен, 2010-2016 жылы аймақтардан 17,9 млрд теңге бөлінген, ал республика апаттың салдарын кетіруге 30 млрд теңге жұмсаған. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне жағдайды бақылауда ұстап, су тасқынына дайын болуға тапсырма берді.