Жүгі ауыр жауапкершілік жүктейді
«Бір ауыз сөз жан тетігін табады» – Кәкімбек Салықов ағамыздың өлеңінің бір жолы. Бұрынғылар «Бір ауыз сөз жазады мың көңілдің жарасын, бір тәуекел бұзады мың қайғының наласын» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавирус ахуалына байланысты халыққа Үндеуінде сын сағатта жанкешті қызмет көрсетіп жатқан мамандардың қатарында бізді де атап: «Халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын», – деді. Шыны керек, марқайып қалдық.
Шынтуайтына келгенде, қазіргідей алмағайып кезде тілшілер қауымы «темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей» қалғанша тыным көрмеуде. Себебі, тәжажал эпидемиясымен қатар ақпарат эпидемиясы өршіп барады. Тіпті соңғысының екпіні күшті секілді. Мылтықсыз майдан жүріп жатқан қазіргі заманда «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген қағида расқа айналды. Төрткүл дүниеге таралып, тыныс-тіршілікті тарылтқан коронвирустың түп-тұқияны қопарыла, рас-өтірігі қоса сапырылып жатыр. Әр елдің түрлі сұрқылтайлары өз мүддесі үшін ақпараттар қоздатуда. Мұндайда лайлы тасқынды тұндырып, татымдысын сүзгіден өткізу – қаламгерлер үшін ап-ауыр жүк. Әлемді қоя тұрып, өз өңірімізге келсек те сөз көп.
Қарапайым ғана бір мысал. Еліміз бойынша осы вирус тарала бастаған алғашқы аптада біздің облыс кеселден ада болатын. Соның өзі қалың жұрт арасында өсек-аяңға сеп болғаны бар. «Мыңдаған науқас аурухана жатыр, айтпай жасырып отыр» деген секілді қауесет пен гу-гуге алғаш тосқауыл болған журналистер. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Мәселенің мән-жайын жауапты органдардың жауапты мамандарынан сұқбат және де нақты дерек-дәйектер алып, сол күні-ақ халыққа жеткізіп берді.
Сөздің шыны керек, біз жергілікті билік органдарына ризамыз. Салиқалы да сабырлы. Облыстық штаб, ішкі саясат басқармасы, денсаулық саласының басшылары дер уақытында облыстағы жағдайды шынайы ақпараттармен үздіксіз қамтамасыз етуде. Облыстың қай түкпірі болсын орын алған оқиғалар мен құбылыстар хақында сол сағатта, сол сәтінде хабардар етуге күш салынуда. Айталық, Жітіқарадан шыққан кесірлі науқас туралы алғашқы болып байсалды да тиянақты хабар жеткізген – облыстық ресми БАҚ өкілдері. Әлеуметтік желілерде, газет пен теледидарда уақытында жарияланды.
«Қол бастаудан сөз бастау қиын». Журналистің бір ауыз сөзімен қалың ел-жұрт хабарланып, таратқан жаңалықтары қоғамда қозғаушы күшке ие болады. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». (Ш. Мұртаза) Журналист өзгенің қамын өзінікінен жоғары қояды. Сондықтан да, бұл саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор. Президентіміз әріптестеріміздің осындай қызметін дер кезінде лайықты бағасын бергеніне қалай разы болмассың, әріптестеріміздің еңсесі көтеріліп қалды.