Савердин ИМИРОВ: «Туған жер – солдат үшін қастерлі ұғым»

Әуелі, елдің тыныштығы қымбат. Жау жағадан алмаса да, ішкі тәртіптің мінсіз болуы маңызды. Сондықтан да, бүгінгі әскердің қуаттылығы тұғырымыздың тұрақтылығы. Елбасы елдің тыныштығын күзетер сарбаздардың білімі мен білігін мықтауды мақсат тұтты. Олқылыққа орын бермеуді тапсырды. Тәуелсіздік алғаннан бері тұтас елдің тіршілігі талайды тамсантты. Осыдан 26 жыл бұрынғы әскердің жағдайын, бүгінгі кезеңмен салыстыруға келмейді. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан әскери қауіпсіздікті нығайтуға тер төгіп, бірнеше белестен өтті.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан жасақ қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Савердин Имировпен аз-кем сұхбаттасқан едік.  IMG_0874-Савердин Карлұлы, Қостанай жеріне қош келдіңіз! Сапарыңыздың мақсаты қандай?
– Қазақстан бойынша Ұлттық ұланның 9 әскери бөлімі бар, қазіргі таңда соларды аралап жүрміз. Біздің негізігі мақсатымыз – ел ішіндегі тыныштықты сақтау, әрбір азаматтың құқығын қорғау. Жыл сайын әрбір әскери бөлімді аралап, есеп беру жиындарын өткіземіз, мемлекеттегі жағдайды және елбасы саясатын түсіндіреміз. Бұған дейін Жітіқарада және Құсмұрында болдым. Ол жақтарда да арнайы бөлімшеміз бар. Солдаттардың ата-аналарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Олардың балаларының ел алдындағы абыройлы қызметі жайында айтып, алаңдауға еш негіз жоқ екенін жеткіздік.
Өткен жыл Ұлттық ұлан үшін тарихи жыл болды. Өйткені, ішкі әскери бөлімнің құрылғанына 25 жыл толды. Бұдан бөлек, біздің жігіттер Астанада өткен Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің қауіпсіздігін қаматамасыз етті. Сондай-ақ, инспекциялық тексерістен сәтті өтіп, ұландар өздерінің шеберлігін дәлелдеді.
Дәл осы Қостанайдағы 6693 әскери бөлімі тек аймақтық емес, республикалық деңгейде өздерінің мықтылығын көрсетіп келеді. Мәселен, 2015-2016 жылдары 1-ші және 2-ші орын иеленген болатын. Сондай-ақ, қызмет барысында ешқандай тәртіп немесе заң бұзушылық тіркелмеген.
Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан – қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырған бірден бір фактор. Өйткені, күні-түні, ыстық-суыққа қарамай біздің солдаттар өз посттарынан табыла білді.
-Әскери қызметшілерге мемлекеттің ұстанымы мен даму бағдарламаларын қалай жеткізіп жатырсыздар?
-Былтыр Елбасы халыққа «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын таныстырған болатын. Міне, осы бағдарлама аясында қоғамдық сананы жаңғырту үшін біздің әскерилермен кездесу өткізіп жүрмін. «Туған жер», «Туған ел» түсініктері офицерлер үшін ең қастерлі дүние. Біздің елдің шарықтап дамуының бірден-бір себебі – тұрақтылық. Президент ұстанған саясаттың жемісі бұл. Ол өз сөзінде әуелі экономика, сосын саясат деген болатын. Ел аяғынан тұрып, зауыт-фабрикалар іске қосылғасын ғана саясатты қолға алды.
Бүгіндері Тәуесліздіктің тұғырына шықтық. Әлемдік қауымдастықта өзгелермен тең болу үшін бұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Ең бастысы – қоғамдық сананың жаңғыруы. Яғни, еліңнің, жеріңнің өткенін білмей, мемлекетіңнің бүгінгі мақсат-міндетін білмей сен алға бас алмайсың. Бұл жерде тек үкіметке сенім артпай, қоғам да өз үлесін қосу қажет. Халық мемлекеттен тиімді басқаруды сұраса, мемлекет халықтан патриоттықты, тұрақтылықты көргісі келеді. Демек, үкімет қоғамды емес, қоғам үкіметті қалыпатстырады.
«Отан отбасыдан басталады» деген жақсы сөз бар. Балаға тәрбие үйде беріледі. Міне, сәйкесінше қоғамда қандай құндылық, қатынас болса, мемлекеттік басқару сондай нәтиже береді. Сондықтан, Президент елдің дамуындағы маңызды үш тетікті өте дұрыс айтып өтті. Ол: эконмоикалық, саяси және қоғамдық сананың жаңғыруы. Бастысы – рухани жаңғыру. Тарихтан тағлым, мәдениет пен әдебиетті түсіну. Ұлттық кодты, генетикалық байлығымызды сақтау. Ол – біздің еркіндігіміз, сөзге беріктігіміз, отбасыға қорған болу, жер ананы құрметтеу, бағлау, ағайын-туысты қадірлеу сияқты асыл қасиеттеріміз.
Мәселен, «Туған жер» бағдарламасы ол тек бүгін ған пайда болған ұғым емес. Бұл – ежелден бар дүние. Қазақ халқы әуелден туған жерін құрметтеген. Сол қасиеттің арқасында барлық қиындықтан өтіп, бүгінгі бейбіт күнге жетіп отыр. Оған дәлел көп. Біздің туған жерге арнаған ұлттық әндеріміз жетерлік, салт-дәстүірімзде де өсіп-өнген өлкеге деген құрмет көрініс табады.
«Туған жер» ұғымы әскери адамға керек дүние. Мәселен, сен батыс Қазақстанда дүниеге келдің делік, ол сенің туған жерің. Сонда сенің бүкіл достарың, туыстарың, естеліктерің қалды. Бірақ сен әскерге барған соң кең байтақ еліңнің бір пұшпағын ғана емес, оны тұтастай қорғау керектігін түсінесің. Бұл өз кезегінде «Туған ел» бағдарламасына түсінуге жол ашады.
Мен 34 жыл әскер қатарындамын. Осы уақыт ішінде көпетеген адаммен жұмыс істедім және олардың қалай өзгергенін де байқаймын. Мәселен, тоқсаныншы жылдары жігіттер әскерге барғысы келмей, үнемі қашып жүретін. Бір бөлімнің өзінде 30-40 адам қашқында жүрген кездер болды. Қазір ондай жоқ, тіпті солдаттар мұндайды оламайды да десем артық айтпаған болар ем. Екіншіден, Елбасының жүргізіп отырған саясат бүгінгі күні жемісін беріп жатыр. Ол барлық іс-шараның басы-қасында жүріп, мереке күндері халықты құттықтап, қанаттандырып отырады. Әрбір азаматтың бойындағы отанға деген махаббатын оятып, келешекке сеніммен қарауға шақырады. Жастардың үнемі желпінідіріп отыру керек.
Біздің солдаттардың дені шығармашылыққа жақын. Олар ән шырқайды, өлең шығарады, қысқа әңгімелер жазады. Өзіміздің «Қалқан» деген газетіміз бар, солдаттардың шығармаларын соған жариялап отырамыз. Сондай-ақ, осыған байлансты үнемі байқаулар өтіп тұрады.
-Савердин Карұлы, цифрландыру деп жатырмыз ғой, қазіргі Қазақстан әскері замануи технологияны қаншалықты меңгеріп келеді?
-Біз бұрын, шынын айту керек, компьютердің не екенін білмедік. Бүгінгі жастар оны бүге-шүгесіне дейін ақтарып бере алады, заманның сондай бір сыйы болар. Әр мектепте компютер бар. Қазір әскери бөлімер де соңғы технологиялармен жабдықталған. Әр бұрышта бейнебақылау орнатылған, қарауыл басшысы тәртіпті сол арқылы бір жерден бақылап отырады. Оқыс оқиға болса, дабыл қағуға да ыңғайлы. Сондай-ақ, бөлім командиры солдаттардың қаланың қай бұрышында жүргенін көре алады. Яғни, ІІД арқылы жүйге қосылып, қаладағы барлық жағдайды бақылап отырады. Сондықтан, әскер адам үшін ақпараттық технологияларды меңгеру маңызды. 2018 жыл біздің қолбасшымыздың бұйрығымен әскери қызметшілердің кәсіби даярлық жылы деп жарияланды. Осы бастама аясында цифрлық технологияларды да жетік меңгергуді бастап кеттік.
Ал жыл сайын офицерлерді Ресейге білімдерін жетілдіруге жіберіп отырамыз. Олар онда IT технологияны үйренеді. Әрбір бөлімде арнайы бір маман болады. Ал орталықта тұтас басқарма бар. Мемелекеттік құпияны түрлі шабуылдардан қорғайтын бөлім жұмыс істейді. Ол біздің ішкі компьютерлік желілерімізді және қаржылық оперцияларды қорғайды.
-Бұған дейін әскери бағыттағы телеарна ашу мәселесі көтерілген болатын. Осыған алып-қосар пікіріңіз бар ма?
Мен Кеңес үкіметі тұсындағы патриоттық бағдарламаларды қарап өстім. Қазір Тәуелсіз Қазақстанды сүюге, қорғауға арналған патриоттық іс-шаралар мен бағадарламар аз. Сондықтан, арнайы телеарна болмаса да, осыны жиі насихаттап тұру керек. Көптеп фильм түсіру қажет, кадеттік сыныптар ашу керек. Бас қолбасшымыздың бұйрығымен «Бүркіт» әскери-патриоттық ұйымы ашылған болатын. Мектеп жасындағы балаларды әскерге баулыйды. Қазір барлық қалаларда жемісті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек «Ақсауыт», «Айбын», «ӘскерKZ» телебағдарламалары арқылы әскери тіршілікті көрсетеміз. Жуырда Қазақстанда тұңғыш рет болған оқиға желісімен әскери ат-шабыс жанрындағы фильм түсірілді.  «Шестой пост» депаталады. Қазір еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсету үшін жұмыстар істеп жатырмыз.
Фильмнің қысқаша мазмұнын айта кетйін. 2010 жылы Маңығстау облысындағы қатаң режимдегі кологиясынан жиырма шақты тұтқын қашқан болатын. Осы кезде қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев жалғыз өзі қылмыскерлерге төтеп береді. Өзі ауыр жарақат алса да, қашқындардың біразын ұстап үлгереді. Бұл – адамның нағыз отанға деген махаббатын оятатын, қылмыскерлерге қарсы күреске шақыратын фильм. ҚР барлық азаматтарына көруге кеңес берімн.
Осындай кино немесе роликтар арқылы адамның бойындағы патриоттық сезімді тірілту керек, әйтпесе, смартфонға телмірген жастар тым әлжуаз, отанын қорғауға дәрменсіз болып бара жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан, қазірден бастап осындай жұмыстарды қолға алу керек.
-Савирдин Карлұлы, ел үшін атқарып жатан еңбегіңізге, әңгімеңізге көп рахмет! Сәттілік серік болсын!
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓