Қауіп аймағында – 95 елді мекен

Қостанай облысында тасқын және қарғын су басуы ықтимал аймақтарда 95 елді мекен бар. Бұл туралы ҚР ТЖМ облыстық ТЖД бастығы Біржан Кәрімов брифингте мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар департаменті жағдайды жіті бақылауда ұстап, күн сайын мониторинг жүргізіп, қауіп аймағындағы мекендерге алдын ала көмек жөнелтуді жоспарлап отыр. Қатермен бетпе-бет келіп отырған 95 елді мекенде халық санағы жүргізіліп, үй жануарларының саны алынған, сондай-ақ халықты орналастыру, жануарларды айдап апару орындары белгіленді. Облыстың барлық аймақтары үшін жалпы сомасы 814 млн теңге болатын қаржы қоры жасалды.
Б.Кәрімовтың айтуынша, Қостанай қаласы, нақтысында Энгельс, Белинский көшелері және Қостанай-2 шағын ауданы қызыл су басуы мүмкін ең қауіпті аймақтар саналып отыр.
"Шамасы, бұл жерлерде құрылыс әуел бастан-ақ су басу қаупіне қарсы нормалар ескерілмей салынған болуы керек. Салдарынан кейбір жерлерге қарғын су екі жақтан құйылуы ықтимал, ал арық жүйелерінен су тысқа не уақытылы ағып үлгермейді, не бұнда олар мүлдем жоқ", – дейді департамент бастығы.   
Бұл мәселені шешудің дәл қазіргі жалғыз жолы – осы аймақтарды толықтай қардан тазалау. Мысалы, Қостанай-2 шағын ауданында бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓