Сотталғандар түрмеде көз жұмды
Қостанай облысында төрт сотталушы органикалық сұйықтықтан уланып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚР ІІМ ҚАЖ жүйесінің баспасөз қызметі.
«Төтенше оқиға 2018 жылдың 20 наурызында Құсмұрын ауылындағы УК-161/4 мекемесінде болған. Кешкі уақытта бір топ сотталушылар колонияның өнеркәсіптік бөлімінде спирттік негіздегі химиялық өнімді (646 еріткіш) ішкен және ауыр түрде уланған», – делінген хабарламада.
Жедел медициналық көмек бригадасы уланған сотталушыларды Әулиекөл ауданының орталық ауруханасына жеткізген.
«Медициналық сипатта көрсетілген барлық шараларға қарамастан, төрт сотталушының өмірін сақтап қала алмадық», – деп хабарлады ҚАЖ жүйесінің баспасөз қызметі.
23 наурыз күні уланған сотталушылардың бірі жансақтау бөлімінен арнайы медициналық палатаға ауыстырылды. Тағы үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Сотталушылардың қайтыс болу фактісі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді, Әулиекөл аудандық ІІБ қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.