Қостанайдағы "Мирас" МҮ-де облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен "Текті сөздің төресі – терме" атты облыстық терме байқауы өтті. Биылғымен екінші рет өтіп отырған дәстүрлі сайысқа аймақтың 16-35 жас аралығындағы өнерпаздары қатысты.

Бұл жолы ұлт өнерін насихаттауды көздейтін мәдени шараның арнасы кеңейгені байқалды. Өйткені, алғашқы сайыс Қостанай мемлекеттік педагогикалық колледжі ғимаратында әлдеқайда тар аяда өткен еді. Осы жылы қатысушылар саны да артық, жүлде қоры да қомақты, көрермен қарасы да көп. Үміттерін үкілеп келген 15 өнерпаз ұлт болмысын, ел бірлігін, Астананың 20 жылдығын термелеріне арқау етті.

Ғұмар Ахметшин, Назымбек Молдахметов, Манапбек Қадыров, Роза Олжабаева, Қыдырбек Қиысхан сынды өңірге белгілі азаматтардан құрылған қазылар алқасы термешілерді әншілік шеберлігіне, таңдаған туындысының мазмұндылығына, сахна мәдениетін ұстауына қарап баға берді. Қуантқаны, ұдайы ел алдында жүрген дарындардан бөлек, жұртшылық көптеген жаңа есіммен танысты. Ешбірін алаламай, барлығына бірдей қиқулап қолпаш білдіріп отырды.

Қортындысында, Қамысты ауданынан келген Әсем Қанышева "Өнегелі термеші", жанкелдиндік өнерпаз Байдос Қожасағиев "Тағылымды терме", алтынсариндік Серік Алпысов "Көрермен көзайымы" аталымы бойынша марапатталды.

Ал 3-орынды аманкелділік Фариза Жоламанова мен Рудный қаласының үміті Айжан Шағаева бөлісті. Оларға 50 мың теңгеден қаржылай сыйлық ұсынылды.

2-орынға Қостанай ауданының намысын қорғаған Жасұлан Мақатов лайық деп танылды. Ол 75 мың теңгемен қоржынын майлады.

1-орын – меңдіқаралық Қанат Ражановтың еншісінде. Жеңімпаз 100 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Қатарынан қара үзіп шыққан Қанат енді облыс намысын республикалық байқауда қорғамақ.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев