Сарыкөлдегі спорт күні
Сарыкөл ауданында спорт күні сән-салтанатпен аталып өтілді. Спорттың сегіз түрінен өткен сайыстарда сайдың тасындай спортшылар бақсынап, сақадай-сай дайындықпен келгендерін паш етті.
Алдымен, салтанатты шара ұйымдастырылып, аудандық спорт бөлімінің басшысы Серік Мусин, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Юрий Степин, өңір өлкетанушысы Валерий Стародубтар құттықтау сөздерін сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Содан кейін бір топ спорт ардагерлері мен аудан спортына өз үлесін қосып жүрген сала қызметкерлеріне аудан әкімі Эльдар Күзенбаевтің «Алғыс хаттарын» табыстады.
Бұдан соң, асыға күткен спорт ойындары да басталды. Айтпақшы, осы спорттық шараға арнайы келген ардагер спортшылар шағын футболдан жарысып, өздерінің кезінде капитандары болған жерлестері Берген Байгентовты еске алды. Ал олардан қалыспаған жалынды жастар болса, доп додасының көрігін қыздыра түсті. Сондай-ақ, волейбол, стритбол, теннис, тоғызқұмалақ, шахматпен шұғылданатындар қарсыластарын шан қаптырса, асық атып, арқан тартқандар да спорт мерекесінің сәнін кіргізіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, делебелерін қоздырды.
Осылайша, Спорт мерекесінде «Батыр» стадионына сабылған сарыкөлдіктер тамаша тартыс пен қызыққа толы спорттық ойындардың куәсі болды.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы