Мерекемен құттықтады
Архимед Мұхамбетов барша қостанайлық нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Бүгінде Қостанай облысында 884 мың адам тұрса, оның 52,6%-ы әйелдер. Мұның сыртында өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ы нәзік жандылардың үлесінде.
«Жергілікті атқарушы органдардағы 140 әйел лауазымды жұмыстарды атқаруда. Оның ішінде 6 облыстық басқарманың басшысы, 9 қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, 28 ауылдың әкімі бар. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік әлеуметтік саясат көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, жалғызбасты аналарды қолдауға бағытталған. Мәселен, Ана мен бала орталығы, жаңа перзентханалар салынып, заманауи құрылғылармен жабдықталды. Президенттің биылғы Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арнайы жәрдемақы тағайындалатын болады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай тұрақты қамқорлықтың арқасында елдегі демографиялық жағдай түзелді», – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
Былтыр Қостанайда Саясаткер әйелдердің клубы ашылды. Клуб құрамында 17 әйел жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмыстардағы әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру. Осы тұста облыс басшысы Қостанайдағы мақтан тұтар тұлғалардың еңбектерін «жіпке тізді».«Есімі облыстың тарихына алтын әріптермен жазылған жандардың бірі бүгін біздің ортамызда. Ол – Социалистік Еңбек Ері Алевтина Кузьмина. Бұл кісі жастайынан еңбекке араласып, зор табыстарға қол жеткізді. Тобыл-Торғай өңірінің атағын алысқа жіберіп, күллі қазақты өнерімен тәнті еткен Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованы білмейтін қазақ жоқ. Ұлттық өнерімізді өрге сүйреп келе жатқан Әсия апамыз өткен жылы «Қостанай облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Жақында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ доценті Индира Бейшова ҚР Президенті Қорының сыйлығын алды. Облыстың үздік мұғалімі Жанар Көпжасарқызынада ризашылығымыз мол. Қостанайдың даңқын асырып, айрықша табыстарға қол жеткізіп жүрген жандарды бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары қатарында көргеніме қуаныштымын! Барлықтарыңызды көктемнің тағы бір мерекесімен құттықтаймын!» – деді облыс әкімі.