ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ БАР!
2019 жылғы 31 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 баптан тұратын "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына қол қойған еді. Informburo.kz ақпараттық порталы айтулы заңның артықшылығы мен жалпы сипатын талдап, жариялады. Назарларыңызға мақаланың маңызды деген қысқартылған бөлігін ұсынамыз.
Ақпарат порталының хабарлауынша, заң педагог мәртебесін айқындайтын негізгі 4 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, ұстаз құқығын кеңейту және қызметіне жат жұмыстан босату, жүктемесін азайту; мұғалім қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; материалды емес стимул тетіктері; материалдық ынталандыру тетіктері қарастырылған.
Педагогтердің еңбекақысы артады
2020 жылы педагогтердің еңбекақысын 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Сондай-ақ, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалып, енді оларды (ер адамдарды) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.
Үлгілік оқу жоспарларының төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.
Заңға сәйкес, мұғалімдерге қосымша ақы төленеді:
Тәлімгерлік үшін – 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни, 17 мың теңге төленеді.
Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі.
Халықаралық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді.
Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек.
Педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады.
Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты бойынша жалақы арттырылады.
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, қазіргі кезде мұғалімдердің арасында магистр дәрежесі бар мамандар аз. Олардың жалпы саны – 7,5 мың адам, яғни барлық педагогтың 3,5 пайызын ғана құрайды. Ал әлемдік көрсеткіш – 40-50 пайыз. Осыған байланысты магистр атағы үшін 10 АЕК көлемінде қосымша ақы қарастырылған.
"Мектептегі қызметін жаңа бастаған жас мұғалімге бір жылға тәлімгер бекітіледі. Тәлімгер болатын педагогтың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт. Оған қызметі үшін бір базалық қызметтік еңбекақының көлемінде қосымша ақы төленеді. Оның көлемі – 17 697 теңге", – деді Бибігүл Асылова баспасөз мәслихатында.
"Педагог мәртебесі туралы" заңда педагогтердің еңбек демалысын кезеңі 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген. Бұл және өзге де әлеуметтік кепілдіктер заңның 12-бабында қарастырылған.
Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін де жақсы өзгерістер бар. Олардың педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақының 30 бен 50 пайыз бөлігі көлемінде жаңа қосымша ақы енгізіледі. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерінің жалақысы 2020 жылы 25 пайызға өсіп, төрт жылдың ішінде екі есе арттырылады. Бұл санаттағы мұғалімдерді міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың хабарлауынша, заң аясындағы шараларды жүзеге асыруға 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге бюджеттік қаражат қарастырылған.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ