Жақсылық жаса

Кеше алғыс айту күні өтті. Ал мынау  жұрт аузында жүрген бүгінгі әңгіме.
– Кісіге жақсылық жасап көрдіңдер ме? – деп сұрады бір кісі жанында отырғандарға қарап.
– Жасап жүрген шығармыз, – деген дауыс әр-әр жерден шықты. Бірақ ешкім де нақты, сеніммен айтқан жоқ. Шынын айтқанда тосыннан қойылған сұраққа нақты жауап бере алмай тосырқап қалды.  Отырғандардың бәрі де іштей кімге қашан не жақсылық жасағанын ойлап кеткені рас. Бізден дені дұрыс жауап болмағасын ол кісі:
– Жарайды. Жақсылық жасау дегенді қалай түсінеміз? Не ол? – деп сұрағын нақтылады.
– Қиналған адамға көмектесу, – дедім, бәрінен бұрын жауап бергеніме мәз болып.
– Көмектесу басқа нәрсе. Екеуін шатастырма! Қиналғанға қол ұшын беру ол сенің міндетің! – дегенде, көңілім су сепкендей басылды да қалды. Әлгі кісінің отты жанары өңменімнен өтіп барады.  Құдай-ау жақсылық жасамақ тұрмақ оның не екенін де білмейді екенбіз ғой деп ойланғаным сол екен, бүкіл өмірім зая кеткендей көңілім құлазып сала берді. Бәріміз үндемей қалдық. Әлгі кісі:
 – Мәселен, мен көзім көрмейтін ғаріп жанмын делік, – деп үнсіздікті бұзды. –  Жол жиегінде өте алмай тұрмын. Не істейсіңдер?
  Біздің өткізіп жібереміз деген жауабымызға ол:
– Өткізіп жіберуге міндеттісіңдер. Оны жақсылық жасадық деп ойламаңдар, – деді.  Сонда жақсылық деген не? Жарайды енді қиналып кеттіңдер ғой. Сұрақты басқаша қояйыншы. Мамандықтарың не?  Дәрігер, – деп қалды арамыздағы біреу.
– Дәрігер, алдыңа ауырып келген адамға не істейсің?
– Емдеймін.
– Емдеу дәрігерлік міндетің, қиналғанға көмектесу адамдық борышың. Яғни ол да міндетің. Сонда жақсылық деген не болды?
Тағы да тосылдық. Үп-үлкен адамдар болсақ та ұсақ-түйек көрінетін сұраққа жауап таба алмай қиналып кеткенімізді көрмейсіз бе? Тіпті ойлана алмайтын да болып қалғанымыз ба? Осы кезде дәрігер:
– Кісіге жылы сөйлеп, көңілін көтеру, – деп еді, ана кісі: "Әкелші қолды", -– деді жас балаша мәз болып. Сұрақтың жауабы табылды-ау! Арқамыздан зіл қара тас түскендей заматта жеңілдеп сала бердік.
Ал енді… айналамызға бір мезгіл байыппен қарайықшы: үлкен де, кіші де жүректен шыққан бір ауыз жылы сөзге зәру. Тіпті дұрыс сәлемдесуді, амандасуды білмей барамыз…
Құран хадистерде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кісі көңілін қалдырмауға айрықша ден қойыпты. Әрбір ісінде бұны жіті қадағалапты. Қабақ шытпай,  жүзі күлімсіреп жүреді екен. Аузынан қатты сөз шықпайды екен. Зат сұрап келген адамға ешқашан "жоқ" деп айта алмауы да оның осы бір көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Қолында жоқ болса, тауып берем деп уәде беретін. Біреудің қателігін түзетпек болса, көңіліне келер деп ол кісінің атын атамай, отырғандарға жалпылама айтатын. Кімге қарата айтылып жатқанын әлгі адам өзі сезетін. Жай адамдарды ғана емес, "Мүгедек біреуді көрсеңдер, сендерді сондай күйге түсірмеген Алла тағалаға шүкір етіңдер, бірақ оны дауыстап айтып әлгі ғаріптің көңілін ренжітпеңдер" деп, көңілі жарым бейшара мүгедектерді де ренжітпеу керектігін білдіретін. Өсиеттерінде үнемі ата-ананы, сүйікті жарды, жақын туыс, көрші-қолаңды ренжітпеуге, жетім-жесірдің көз жасына қалмауға, баланы өкпелетпеуге, дос көңілін қалдырмауға шақыратын."
Елде Алғыс айту күні  – жаңа мереке. Мәнін біз әлі түсініп болған жоқпыз.  Хадистерде  "Адамдар-ға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды" деген. Қазақ "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын"деген. Кеше  ел-жұрттың жан дүниесінде бір жаңа леп ескендей болды. Жақсылыққа баладық.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓