Жоба аяқсыз қалды
Үстіміздегі жылы облыста 2018-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлерді қолдау картасына алты жоба іріктеліп алынды. Олардың арасында «Баян сұлу» кондитер фабрикасындағы жаңа нуга карамелінің цехы, ұн тартатын диірменнің құрылысы, құрама жем комбинаты, бидай өңдеу кешені сияқты ілкімді жобалар бар. Жаңа жобалар жазға салым Президентпен өтетін телекөпір барысында ашылатын болады.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен үдемелі индустрияны дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінде кеңірек сөз болды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабековтің мәлімдегеніндей, қуатты өндірістерді іске қосуға тартылған жалпы инвестицияның көлемі 131,5 млрд теңге шамасында. Алғашқы бесжылдықтан бері өңірде барлығы 88 жоба пайдалануға берілді. Осы арқылы 5,2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Есепті кезеңге дейін 500 млрд-тан астам теңгенің өнімі өндіріліпті.
-Біз аудандар мен қалалардың ұсыныстарына жеке-жеке сараптама жүргіздік. Соның нәтижесінде, индустрияландыру картасы бойынша сегіз жоба іріктелді. Оның алтауы 2018 жылға жоспарланған. 2012 жылы іске қосылған «Қостанай сұйық май зауыты» ЖШС өз жұмысын тоқтатты. О баста оның жұмысына қыруар теңге бөлініп, облыстың индустриялдық картасына енгізілген. Алайда, жоба өзін-өзі ақтаған жоқ. Кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Бас себеп: әлсіз менеджмент. Нысанның барлық мүлкі мен өнімдері «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өткізілді. Тағы бір жоба – Қарабалық ауданындағы «Комсомол құс фабрикасы» АҚ 2013 жылдан бері тоқтап тұр. Өйткені, бұл зауытта айналымға келетін қаржы жоқ», – деді Иса Құдабеков.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аты аталған кәсіпорынның бөлінген ақшаны жоспарлы түрде жұмсағанына күмән келтірді.
«2011 жылы серіктестікке 88 млн теңге бөлінді. Ол кезде доллар бағамы төмен болатын. Мен бұл зауытта болдым. Шынымды айтайын, барлық ақшаның жоспарлы жұмсалғанына сенбеймін. Құрылтайшылар жұмыс істегісі келмейді. Зауыт басшылығы қайда қараған? Ешқандай сараптама жүргізілмеген», – деді өңір басшысы.
Ол құқық қорғау органдары, прокуратура өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізіп, мән-жайды толық анықтайтындығын кесіп айтты.
-Кінәлілерді заңды тұрғыда жауапқа тартамыз! Бір де бір құжат жоқ. Бұл қалай болғаны? Банкротқа ұшырау процесі де жалған болуы мүмкін. Олардың 88 млн теңге бюджет қаржысын жымқырып отырғаны туралы сұрақ туындайды. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын. Бөлінген әр тиын өз есебімен жұмсалуы тиіс! – деді өңір басшысы .
Иса Құдабеков облыстың өндірістік ахуалын жақсарту үшін ашылған нысандардың ең әлеуеттісі – индустриялық аймақ екендігін атап өтті. Онда бірнеше кәсіпорынның құрылысы қызу жүріп жатыр. Мәселен, «Урал ЛТД» ЖШС-іне үлкен сұраныс болған жағдайда «Кировец» тракторының 500-ге дейінгі данасын шығаруға ниетті.
Былтыр серіктестік директоры Қостанайда К-744Р сериялы «Кировец» тракторларын құрастыру туралы бастама көтерген. Оның жалпы құны 1 млрд теңге. Жоба жылына 400 трактор құрастыруға қауқарлы, 45 адамды жұмыспен қамтиды делінген еді сол жолы. Ал кешегі ақпан айында компания «Кировец» тракторларын құрастыратын цех салу үшін қосымша жер теліміне өтініш білдірген.
– Бұл жобаны әу баста зауыт басшылары қолдаған болатын. Алайда, олар қазір біздің ұсыныстан бас тартып отыр,-деді кеңесте сөз алған «Урал ЛТД» ЖШС директоры Валентин Романов. Біздің өз қаржымыз тек цех құрылысын салуға ғана жетеді. Ал, құрастыру өндірісіне Петербург зауыты инвестиция салғысы келмейді. Жағдай осы.
– Онда жобаны кейінге қалдыру қажет. Жер телімі де берілмейді, – деді бұған облыс басшысы.
Ақша жетімсіздігінен Рудныйдағы цемент зауытын іске қосу да кешеуілдеп тұр. Аталған кәсіпорынның директоры Мұхамеджан Турдахунов жобаға қосымша 1,3 млрд теңге қаражат қажеттігін айтты. Ал инстриаландыру картасына енгізілген тағы бір жоба – Арқалықтағы нефритті қайта өңдеу кәсіпорынын пайдалануға беру мерзімі де созылып барады. Қалалық әкімдік енді оны келесі жылға қалдыру туралы ұсыныс айтып отыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ