Түлігі – табыс кепілі
Қостанай ауданында тұратын Полина Назарова асылтұқымды ешкі өсіруді қолға алды. Заанендік тұқым ХІХ ғасырда пайда болған. Өте өсімтал түлік. Полинаның қорасында отыз шақты ешкі бар. Кәсіпкер түлік санын одан сайын көбейту үшін тағы тазатұқымды ешкі сатып алуды көздеп отыр.
Ол өз кәсібін ашпас бұрын «Бизнес-кеңесші» курсын оқып алды. Сол арқылы таяуда мемлекеттік грантқа қол жеткізді.
Заанен тұқымды ешкілер сүтті келеді. Жылына шамамен 800-900 литр сүт береді. Сондықтан, Полина Назарова таңдау дәл осы ешкі тұқымына түскенін жасырмайды. Ешкілердің құны да олқы емес. Мәселен, тушасының өзі кем дегенде 15 000 Ресей рублі тұрады.
– Алғашқы ек тушаны біз 2012 жылы сатып алдық. Содан бастап оларды өз төлінен көбейте бастадық. Негізі, белгілі бір кәсіппен айналысу үшін терең білім қажет. Сондықтан, мен облыстық кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіріп, ондағы қысқа мерзімді курсқа жазылдым, – дейді кәсіпкер.
Ешкі саны өскен сайын, сүт мөлшері де арта түсті. Оны өткізуде Полинаға аса қиындық тудырған жоқ. Ауыл тұрғындары сатып алады. Одан қалды облыс орталығына әкеп өткізеді. Көбіне кішкентай баласы бар үйлер жиі тұтынады. Сол себепті, Полина сүт сапасына қатты мән береді.
– Соңғы кездері сүт жетпейтін болды. Жұрт ірімшік, сыр, йогурт сұрайды. Сол кезде мен кәсібімді одан әрі кеңейте түсу керектігін ұғындым. Ол үшін ең алдымен, асылтұқымды заанендік ешкілерді сатып алуды ойластырдым, – дейді Полина Назарова.
Ол мемлекеттік грант-қа өткен жылы өтініш тапсырған. Бірақ, жеме-жемге келгенде ресейліктер ешкі сатудан бас тартқан. Биыл кәсіпкер 1 млн 260 мың теңге несие алып, жобаны толық жүзеге асырды.
Жалпы, облыста Полинадан өзге асылтұқымды ешкі өсірумен ешкім айналыспайды. Кәсіпкер сатып әкелген ешкілерді бағып, күту үшін жалға жер алды. Жақында лақтарды қамауға бөлек қора-қопсы салып алмақ.
Әлібек ЫБЫРАЙ