Әмиянды иесіне қайтарып берді
Шырақбек Қабылбаев атындағы ІІМ Қостанай академиясының курсанттары тауып алған әмиянды иесіне қайтарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Полиция майоры Ерболат Қайнар мен полиция капитаны Нұрдәулет Мырзазияев ауладан ішінде қомақты сомасы бар әмиян тауып алған.
«Қазіргі заманда түрлі оқиғаларды естіп жатырмыз ғой. Сол себепті, бастапқыда біз оны алуға жасқандық. Дегенмен, ақылдаса келе әмиянды ашып, ішіндегі құжаттарды көрдік. Сондай-ақ, онда 500 мың теңгеден астам ақша болды. Осылайша, әмиянның иесін іздестіре бастадық», – деді Нұрдәулет Мырзазияев.
Айта кетейік, болашақ полицейлер қомақты сома мен құжаттардың иесін ғаламтор арқылы тапты. Кездесу орнын белгілеп, барлық құжатты, қаражатты тиесілі адамына қайтарған. Өз кезегінде әмиянның иесі курсанттарға және академия ұжымына алғысын білдірді.