Ғасырлардан жалғасқан мұра

"Садақ толы сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?"
Доспамбет жырау.
Ұлы даламыздың жаугершілікке толы мыңжылдықтарында бес қаруын асынған баһадүр бабаларымыз садақты ерекше қадір тұтқан. Ғасырлар бойы адырнасын тартып, қорамсағын толтырған көне қаруды кеңестік дәуірден бері музейден ғана көретін болдық. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, қазақтың ұлттық спорт түрлерінен дәл осы мергендікке баулитын өнері кенжелеп қалған еді.
Қостанайда ұлттық дәстүрлі садақ ату клубы ашылды. Республикалық садақ ату федерациясының негізінде құрылып жатқан филиал ел бойынша тоғызыншы облыс – Тобыл топырағына келіп жетті. Аяулым Аппазова жетекшілік ететін мектептің тұсаукесеріне еліміздің садақ ату федерациясы, өңіріміздің «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Олжа-Агро» ЖШС басшылығы, дін қызметкерлері, зиялы қауым, танымал спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық спорт мектебін Тобыл өңірінде ашып отырған – Науырзым ауданының тумасы Аяулым Аппазова. Бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында жаттығуды бастаған қаршадай қыз осы уақыт аралығында еліміз бен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсете алды. Дәстүрлі садақ атудан ел чемпионы енді ұлттық спортымыздың өз өңірімізде де өркен жайса деген мақсатымен Қостанай облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген екен.
"Түрлі жарыстарға қатыса отырып, Қостанайдан осы спорт түрін ұсынатын спортшылар жоқ екенін байқадым. Сондықтан өңірде дәстүрлі садақ ату клубын ашып, осы идеяны насихаттау қажет деп шештім ", – деді Аяулым Аппазова.
Кәсіпкерлер палатасы бастамашының стартапын қолдап, жобаны іске асыруда консультативтік және заңгерлік көмек көрсетті.
Айтпақшы, қасиетті Құранда шариғатқа қайшы келмесе, әдет-ғұрыпты ұстанып жүр деген мағынадағы аят бар. Оны дін өкілдері де құптайды.
«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті бойынша әр мұсылман жүзе білу, жүгіре білу, күресе білу, атқа міну және садақ ату керек. Міне, бүгін Қостанай жерінде сол ардақты пайғамбарымыздың сүннетін орындап әрі мыңдаған жылдар бойы аттан түспеген ата-бабаларымыздың қанымен жалғасқан ұлттық мұрасын дәріптеп отырған Аяулым қарындасымызға алғысымыз шексіз», – деді облысымыздың бас имамы Бахытбек Тәжімбет ақ батасын беріп тұрып.
Ал «Олжа-Агро» серіктестігі мұндай ұлттық спорт ойынына әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
«Қанымызда бар қасиетті дамытып, оның халықаралық дәрежеде жоғары деңгейге көтеріп жатса нұр үстіне нұр емес пе. Осындай дүниені қолдаусыз қалмау керек. Қостанай жерінде қазақылықты дамытып жүрген іні-қарындастарымыздың қадамдарына сәттілік тілеймін. Сіздер халықтың патриоттық сезімін ояту жолында зор еңбек жасап жүрсіздер. Ал дәл осындай садақ ату мектептері облыс орталығымен ғана шектеліп қалмау қажет. Мәселен, біздің серіктестіктің Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында мәдениет орталықтары бар. Бәлкім сол аудандарда ұлттық спорт үйірмелерін ашатын болсаңыздар, қуана демеушілік жасаймыз», – деді «Олжа-Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Ходжаназаров.
Өңірімізге арнайы келген республикалық дәстүрлі Sadaq Aty федерациясының вице-президенті Диас Ахметов ұлттық мектептің Қостанай жерінде ашылуына демеушілік көрсеткен азаматтарға елордадан арнайы сый-сияпат ала келіпті. Аяулым Аппазоваға садақ атудан жаттықтырушы екенін айғақтайтын сертификаты табыс етті. Ал өзі және шәкірттері жебе тартудан шеберлік сабағын көрсетті.
Аяулым Аппазова ендігі жерде жаңадан ашылған спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдерді баба өнерге баулуға ниетті.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓