Әлем чемпионымен кездесті
Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары самбодан Әлем чемпионы Ерлан Омаровпен кездесті. Тағылымды шараны білім ошағының білікті маманы, танымал спортшы Нұрбол Әбдіғалиев ұйымдастырды.
Ерлан Омаров – талай байрақты бәсекеде топ жарып, өңір намысын қорғап жүрген саңлақ спортшы. Бірнеше мәрте халықаралық туринрлерде топ жарған палуан. Кешті ұйымдастырушылар атақты спортшының өмір жолы мен спорттағы жетістіктерін экраннан көрсетті. Палуанның өзі де қойылған сұрақтарға жауап беріп, бозкілем үстіндегі белдесулердің бәймәлім тұстары жайлы әңгімелеп берді.
-Кез келген адамның алдында белгілі бір мақсат болуы керек. Сол мақсатқа жеткенше тынбай еңбек етсең, тер төксең ғана, оның жемісің көресің. Мен де бала кезімнен спортшы болуды армандадым. Үлкен ареналарда белдесіп жүрген ағаларыма қызыға қарайтынмын сол кезде. Табыс адамға өздігінен келмейді. Үзбей дайындалу керек, – дейді Әлем чемпионы.
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта да спортпен шұғылданып жүрген жасөспірімдер аз емес. Соның ішінде қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді. Мектеп оқушыларының атақты палуанмен кездесуге көптеп келуі де осы сөзімізді нығарлай түседі.
-Біздің мектебімізде де спортты серік еткен оқушылар аз емес. Олардың алды республикалық турнирлерден жүлдемен оралып жүр. Бүгінгідей кездесу оқушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді, олардың спортқа деген ынтасын оятады,-дейді білім ошағының дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Нұрбол Әбдіғалиев.
Әлібек ЫБЫРАЙ