Айыратын әлеуметтік желі ме?
Ықылым заманнан адам баласы түрлі әдіспен бір-бірінен хабар алысып келген. Ерте кездері аталарымыз ат шаптырып, сә-лемін жеткізсе, сол кездің жастары жеңге жүгіртіп, бір-біріне деген сезімдерін сездіргені әмбеге аян. Қалай болса да, байланыс орнатып, жазғандарына жауапты айлап, кейде жылдап күтіп, әйтеуір бір хабарын алды.
Заман түзелді, техника дамып адамдардың тұрмысы да, байланысы да жеңілдей түсті… Хаттың да жазылуы мен жеткізілу тәсілдері жеңілдеді. Тоқсаныншы жылдарда поштаның пәрменімен жазғанымыз жетілеп жүріп, діттеген жеріне әупіріммен жеткізілді. Ал, жаңа ғасырда хатымыз электронды поштаның көмегімен жұмыр жердің кез-келген нүктесінде сол сәтінде оқылатын болды. Ұялы байланыс құралы, компьютер, планшеттеріңіз ақпарат алмасудың ең тиімді, ең қажетті құралға айналды. Ең бастысы, техниканың тілін біліңіз, хабар жіберіп, хабар алу түк болмай қалды.
Ақпараттық технология қа-рышты дамыған сайын, әлеуметтік желілердің де қатары қа-лыңдай түсті. Бас кезінде бәріміз-ге жат көрінген "Мой мир", "В контакте", "Одноклассники", "Фейсбук" іспетті желілер қоғамдық байланыстың бір бөлігіне айналды. Осыдан да болар, ғаламтор-ға телміріп, техникаға жармас-қандардың қатары жаңбырдан соңғы жауказындай қаптай берді. Жаңалыққа еліктегіш жастарымыздың өзін былай қойғанда, аға буын өкілдерінің де әлеуметтік желілерге жайғасқанын айта кеткен жөн.
Әлеуметтік желілерді қаншалықты кәдемізге жаратып жатырмыз? Әңгіме барысы осы жаққа ойысқанда "байланысып, хабар алу, жұмыс және тұрмыс үшін қажетті" деп ақталып жатамыз. Осы бір бәлеге кіріптар болып, күнімізді қаратып, баланы да, басқаны да ғаламтор шырмауына салып қойғанбыз. Қарапайым күнделікті былай қойып, балалардың пән бағасын ғаламтордан, әлеуметтік желі арқылы қарайтын күйге жеттік. Білмейтінімізді білімдіден емес, "Гугл", "Яндекс" деген білгіштерден алатын болдық. Одан қалды, айтарымызды "әлеуметтік алаңға" тастап, экранның арғы жағынан хабар күтетінді шығардық…
Қазіргі таңда, жастарды жарастыратын да, ажырататын да осы әлеуметтік желілер болып отырғаны шындық. Бұрынғыдай кездесуге шақырып әуреленбей, үйде отырып, бір-бірін біліп, сезім білдіріп жатқандары қаншама. Әңгімелері жарасып, отау құрғандары да баршылық. Әлеуметтік желінің кесірінен ажырасып жүргендер де жеткілікті.
Жасыратыны жоқ, кей кездері шаңырағымызды шаттықа бөлеген балаларымызға көз салмай, компьютер мен ұялы байланыс құралымызға телміреміз де отырамыз. Құдды, өміріміздің сәні де, мәні де соның ішінде іспетті. Ері мен әйелінің өз әлемі, балалардың бой жазатын өз алаңы пайда болды. Барлығы да ғаламтор ішінде… Бір-бірімен тоғыспайды, бір-бірімен ұрыспайды. Ақыр аяғында бір-бірінен алыстап, бір-біріне жат болып шыға келеді. "Не жаздым, нем жақпады" деп осы арада ойлана бастайсың. Отбасы құндылықтарының құлдырап, ажырасушылардың көбеюіне осы себеп шығар?! Кім, анығын айта алады?
Бірде, үйінде электр жарығы бірер сағатқа өшіп қалған бір пақырың, уақытты өлтірмекке туған-туыстарымен тілдескенін әлеуметтік желіге жариялапты: "Ата-анам, бауыр, бала-шағаммен екі сағат әңгімелестік, әзіл айттық, күлдік. Жалпы жақсы кісілер екен" – деген екен. Әзіл де болса, ащы шындық. Әлеуметтік желілердің арбауында жүріп, жақындарымыздың жақындығын сезінуден қалып барамыз. Айтпағым осы еді…
Жұматай
Кәкімжанов