Жеңіске бір қадам (БЕЙНЕ)
Қостанайдағы Спорт сарайында өткен бүкіләлемдік бокс сериясында «Astana Arlans» британдық «British Lionhearts» клубын 4:1 есебімен жеңді. Енді матчтың екінші кезеңі 8 маусым күні Лондонда өтеді. Сол жолы финалға өтетін команданың тағдыры шешіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бұл кездесу бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші кезеңі болып есептеледі. Мұндай бәсі жоғары турнир Тобыл өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Тамаша бокс кешін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашты.
-Осыған дейінгі алты кезеңде өз активіне екі жеңіс, екі мәрте екінші орын және үш рет үшінші орын жазған «Astana Arlans» командасының жұлдызды қадамына қостанайлық былғары қолғап шеберлерінің де қосқан үлесі зор. Бұл шын мәнінде қостанайлықтар үшін үлкен мақтаныш. Ел намысын өолрғап жүрген команда сапында Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко, Рио –де –Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Лесит, команда капитаны Самат Башенов және биылғы маусымда өнер көрсетіп жүрген Антон Пинчуктер бар,-деді өңір басшысы. Ал «Astana Arlans» командасының бас менеджері Саят Әбілдин жартылайфиналдық кездесуді Қостанайда өткізудің өзіндік маңынын айтты. «Бұл өңір әйгілі боксшыларды көптеп шығарған жер»,-деді ол өз сөзінде.
Сонымен, алғашқы жартылай финалдық кезеңнің бірінші матчында бес бірдей былғары қолғап шебері шаршы алаңға шықты. Соның төртеуінде жерлестеріміз айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
49 келі салмақта 2013 жылғы Азия чемпионы, WSB-ың бесінші маусымының жеңімпазы, 29 жасар ақмолалық Теміртас Жүсіпов өзінен тоғыз жас кіші ағылшындық Кайрана Макдональдсты 3:0 есебімен тізе бүктірсе, әскерилер арасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Лондонда өткен Олимпиадаға қатысушы, астаналық Ильяс Сүлейменов 56 келі салмақта өзінің британдық қарсыласы – Кристофер Буркты төртінші раундта таза жеңді..
64 келіде рингке шыққан Ділмұрат Мәжитов те 22 жасар ағылшындық Конор Лофтустан басым түсті. 75 келіде шаршы алаңға шыққан 19 жасар жамбылдық Аманқұл Әбілхан да америкалық Никита Абабийді қуып жүріп сабады.
Сөйтіп, реферий амалсыз қазақстандық былғары қолғап шеберінің қолын көтеруге мәжбүр болды. Тек, 91 келіге дейінгі ауыр салмақта жұдырықтасқан жерлесіміз Антон Пинчук өзінің жаңа зеландиялық қарыласы Дэвид Киран Каикка есе жіберіп алды. Бұл Антонның бүкіләлемдік бокс сериясындағы осымен екінші жеңілісі.
Айта кетейік, бұл екі команда өткен жылғы маусымда да өзара кездескен. Онда ағылшындық команда қос кездесуде де жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы жерлестеріміз қалайда есе қайтаруы тиіс.
Әлібек Ыбырай.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.