Қызмет көрсетудің оңтайлы тәсілі
Қазіргі ақпараттық технология өріс алған заманда мемлекеттік қызмет түрлерін алудың тәртібі мен тәсілдері туралы халықты хабардар ету деңгейін арттыру жаппай қолға алынып жатқан науқан. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық Депаратменті де мұндай шараны өткізуге мұрындық болып келеді. Осы аптада Қостанайдағы «Мирас» мәдениет сарайында өткен «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі» соған дәлел. Айта кетейік, мұндай жәрмеңке Департамент тарапынан осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Аталған шара аймақ тұрғындарына жұмыспен қамту, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет, мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы кеңес алуға мүмкіндік береді. Сол себепті, бұл салалардағы көптеген мәселелерді білу азаматтардың сұранысына ие екендігін ескеріп, оларға кеңес беру, соның ішінде жеке қабылдау үшін мемлекеттік органдардың басшылары өздері келіп қатысты.


– Жер қатынастары басқармасына қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан 12 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Бүгінгі акция барысында біз халыққа біздің сала көрсететін қызметтердің тек қағаз жүзінде емес, сонымен қатар электронды портал арқылы да қол жеткізуге болатынын кеңінен түсіндірудеміз. Біз азаматтарға үйден шықпай-ақ, интернет арқылы қызмет түрлерін алуға немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асыруға болатынын айтқымыз келеді. Оның қиындығы жоқ. Сіз электронды үкімет порталына кіріп, тізім бойынша көрсетіліп тұрған салалардың ішінен өзіңізге қажет қызмет түрін таңдайсыз. Сол жерде өтініш толтырасыз. Ол үшін сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болуы шарт. Бәрі ойдағыдай өткен соң анықтамалық құжат сіздің электрондық жеке кабинетіңізге келіп түседі, – деді.

Ж.Қабиболла электрондық қызмет алудың көптеген артықшылықтарын атап өтті. Алдымен, уақыт жоғалтпайсыз, сарсылып мекемелердің есігін тоздырмайсыз, қағазбастылықтан арылтады. Ең бастысы, бұл қоғам кеселі – жемқорлықтың жолын кесетін бірден-бір тәсіл.


Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ