Аға буын жас өркенмен кездесті
Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин бастаған жұмыс тобы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына арнайы барып, студенттерімен кездесті. Жұмыс тобының құрамында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Эмануилиди және жауапты хатшы Батима Рахметова бар. Олар институттың дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің студенттерімен жүздесіп, елбасының Жолдауын талқылады. Кездесуде алғаш болып сөз алған Кенжебек Үкіұлы алдымен ардагерлер ұйымының жұмысын таныстырды. -Мен сіздерге қарап отырып, өзімнің студенттік шағымды еске аламын. Өткен ғасырдың елуінші жылдары, дәлірек айтқанда, 1957 жыл еді. Орта мектепті аяқтаған соң, жолдастарыммен бірге Алматыға жоғары білім алуға аттандық. Бәріміз емтихан тапсырып, студент атануға асықтық. Алайда, қасымдағы жігіттердің ішінде мен ғана оқуға түсе алдым. Емтиханнан сүрінгендер ауылға кететін болды. Зәулім шаһарда жалғыз қалғым келмеді. «Мен де сендерге еріп, ауылға кетемін» дедім. Жолдастарым мені көндіріп, ақыры институт бітіріп шықтым. Сіздердің әрқайсыларыңыз арман қуып, осы оқу орнына түскен боларсыздар. Студенттік шақ адам өмірінің ұмытылмас бір кезеңі ғой, – деген К.Укин әңгімесін ардагерлер ұйымының қазіргі тұрмыс-тіршілігін баяндаумен жалғастырды. 1987 жылы республиканың әр аймағында ардагерлер ұйымы құрылған еді. Былтыр 30 жылдығын атап өткен ірі ұйымның құрамында тыл еңбеккерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары және еңбек ардагерлері бар. Қостанай облысындағы ардагерлер кеңесі белсенді жұмыс істейді. Кеңес мүшелері жас толқынмен жиі кездесіп, әртүрлі тақырыпта сұхбаттасады. Соның бір жарқын көрінісі – ҚМПИ-дағы бас қосу. Бұл іс-шарада философия ғылымының кандидаты Бағытжан Алшанова Жолдауда айтылған негізгі он міндетті жіктеп, презентация арқылы жастарға түсіндірді. Ал, Кенжебек Үкіұлы адам капиталының маңызына тоқталды.
– Жолдаудың жетінші міндетін ерекше атап өткім келеді. Елбасы: "Жаңғыру негізі – адами капиталы", – деді. Бұл дегеніміз – мына отырған сіздер. Сіздердің сапалы білім алып, саналы азамат болып өсулеріңіз ел үшін маңызды. Бәсекеге қабілетті ұрпақ мемлекеттің тірегі екенін естен шығармаңыздар. Жолдаудың «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген жолдарын тағы бір мәрте қайталағым келеді,-деді К.Укин.
Аталған іс-шараға дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің деканы Наталья Кифик те қатысып, Жолдау туралы өз пікірін білдірді. Белсенді студенттер кездесу қонақтарына сұрақ қойып, өз ойларымен бөлісіп отырды.
Аталған іс-шараға дене шынықтыру, спорт және туризм факультетінің деканы Наталья Кифик те қатысып, Жолдау туралы өз пікірін білдірді. Белсенді студенттер кездесу қонақтарына сұрақ қойып, өз ойларымен бөлісіп отырды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.