«Асқақ әнім – Астана!»
Осындай атаумен Рудныйдың «Горняк» мәдениет сарайында облыстық халық шығармашылығы фестивалінің қалалық кезеңі өтті.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға қатысушылар бір емес, қатарынан бірнеше ай бойы дайындалып жатады. Міне, бүгін бақ сынайтын кез де келді. Биылғы 32-ші облыстық халық шығармашылығы байқауының тақырыбы – Астананың 20 жылдық мерейтойы. Осыған орай, қатысушылар саны да 20.
Өзге байқаулардың арасында бұл фестивальдің рудныйлықтар үшін орны ерекше. Даралардың дарасы ғана қатысуға мүмкіндік алатын бұл додада жез таңдай, күміс көмей әншілер бір-бірлеп те, топ болып та сахнада өз өнерлерін көрсетті. Олардан басқа байқауға мың бұралған бишілер де, көркемсөз шеберлері де қатысып отыр. Бірақ көрсетер өнердің сан алуандығына қарамастан, қазылар алқасы барлығын ортақ сынап, 25 ұпайға дейін бағалайды.
Бабадан қалған дәстүрді қазіргі заманға сай етіп түрлендірушілердің қатарында «Айгүл» би ансамблі де бар. Ұжым қазақтың ұлттық биі мен сәнді би элементтерін қосып, жаңа үлгідегі өнер туындыларымен көрермендерді тәнті етті.
– Қазақ биінің сәні еш уақытта кетпейді. Қазақ биін билемейтін биші Отанын сүймейді деген сөз. Біз болсақ, елімізді сүйеміз, осы сүйіспеншілігімізді би арқылы білдіруге тырыстық, – дейді «Айгүл» халық спорттық-сәнді би ұжымының қатысушысы Екатерина Казимирчик.
Бірнеше жанрды қосып, үйлестірудің нәтижесінде теңдесі жоқ жаңа шығармашылық туындылар пайда болады. Мысалы, әнші Әсел Тасмағамбеттің сүйемелдеуімен би билеген «Аққу» би тобы жиналған қауымға атадан балаға мұра боп жеткен тамаша көріністі тарту етті.
– Әрине, кез келген қойылымның өзіндік ерекшеліктері, өзіне тән қиындықтары болады. Бүгінгі қойылымды бір айдан артық дайындадық. Алдымен әр үзінділерді дайындап, кейін барлығын ортақ нәрсеге біріктірдік, – дейді би ұжымының қатысушысы Анна Алышева.
Әзірше жергілікті өнерпаздардың қайсысы жеңіп-жеңілгені белгісіз. Өйткені, шығармашылық байқау әлі де жалғасуда. Өңіріміздің барлық аймақтарын аралап шыққан соң, әділқазылар алқасы фестивальдің қорытындыларын жариялап, жеңімпаздарды анықтайтын болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ