СЫТЫРЛАТЫП САНАМАСАҚ ТА…

Бұл, банкомат картасымен дүкендерде есеп айырысу немесе теңгеңізді сытырлатып санап салып, содан кейін ғана кәдеңізге жаратар электронды әмиян емес. Бұл ақшаның жөні бөлек! Былтыр ғана бүкіл әлемді дүрліктірген криптовалюта қазақ елін де әбігерге сала бастады. Олай дейтініміз, жоғары мінберлерде электронды қаржының мәртебесін айқындап айналымға енгізу, я болмаса шеттету турасындағы ұсыныстар жиі айтылуда. Не мұнай, не алтын, не ұлттық валютаға байланбаған электронды ақшаның артықшылығы не?  Осыны саралап көрелік.майнинг
 
Қайдан шыққан қаржы?
Криптовалюта – криптографикалық әдіспен жасалған, нақты бір жүйемен бақылауға келмейтін виртуалды валюта. Негізін криптографиядан алатын блокчеин, ацикликалық графика, консенусты реестр іспетті технологиялық  жүйелермен жұмыс істейді. Криптовалюталардың айналымы ашық жүргізіліп, электронды цифрлы қолтаңбаның ашық кілті, яғни криптографиямен реттеледі. Цифрлық қаржы – биткоиннан бастау алады. Одан кейін блокчеин, Р2Р, Cash іспетті басқа да түрлері пайда болды.   Жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптаған криптовалютаны кім, қалай атаса да, оның негізі бір – криптография.
Жалпы, криптовалюта термині алғаш рет атақты «Forbes» журналында 2011 жылы аталғанымен, тарихы 90-шы жылдардан бастау алған деседі.  DigiCash деген атауға ие болған қаржы жүйесі жекелей өтемақы есебінде 1990 жылдан бастап кәдеге жаратыла бастаған. Ағылшын кәсіпкері Дэвид Чом негізін қалаған электронды қаржы орталықтандырылғандықтан өрісі кеңеймей, 1998 жылы банкрот болады.
2009 жылы өздерін «Сатоси Накамото»  тобы деп атаған азаматтар аяқсыз қалған істі қайтадан қолға алып,  «Биткоин» жүйесін құрады. Одан кейін NamecoinLitecoin, PPCoin, Novacoin іспетті бірнеше тарамақтары пайда болады. 2013 жылы халықаралық  биржа мен саудаға араласып,  дүкен, мессенджер іспетті инфрақұрылымдық жүйелердің жұмысына қатысуға қауқарлы криптовалюталар қалыптасты.биткоин
 
Қаржыны қайдан табасыз?
Виртуалды ақшаны көшіріп алуға да, ұрлап алуға да болмайды. Қазіргі уақытта валютаның 8 мыңнан астам түрі бар. Ең танымалдары Bitcoin, Ethereum, Ripple, Bitcoin Cash, Litecoin, Dash. Әлемде кең таралған түрі – биткоин 2015 жылы Еуропа жоғарғы сотының шешімімен баламалы төлем құралы есебінде мойындалған. 
 Криптовалютаны табудың (қазіргінің тілімен айтқанда – майнинг жасаудың) өзі қызық. Ғаламтордағы ашық ақпараттарға жүгінер болсақ, электронды ақшаны компьютері бар кез-келген адам таба алады. Мәселен, биткоин өндіру үшін компьютеріңіз, оның ATI RADEON іспетті ең мықты деген видео картасы болуы шарт. Компьютеріңіздің өнімділігін арттыратын құрылғы қаншалықты көп болса, майнинг жасауыңызға да мүмкіндігіңіз молынан болмақ. «Осыдан кейін (ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ!) үлкен ферма құрып, тәулігіне – 24 сағат, аптасына – 7, жылына – 365 күн пайда табыңыз!» – дейді криптомандар.  
Бұл фермада жеп-шөп тасып шаршамайсыз, төрт түлік емес, видеокарта жинайсыз. Экономикалық жүйеге негізделген компьютерлік ойынды ойнап, пайда табасыз.     Арнайы биткоин конверторын жүктеп, тапқан табысыңызды цифрлы ақшаға айналдыру мүмкіндігі де қарастырылған. Жұмыр жерді жайлаған фермерлер биткоин өндірушілерінің әр әрекетін қалт жібермей қадағалап отырады. Бұл, жүйенің өсімін қамтамасыз етіп, биткоин бағамының тұрақты көтерілуіне септігін тигізеді.
Виртуалды әлемде отырып биткоин табу үшін есепке жүйрік болуыңыз керек. Сіз бәсекелестеріңізбен, яғни майнерлермен «майнинг» процесінен өтесіз. Бұл күрделі математикалық амалдарды шешу деген сөз. Мұнда 10 минут сайын жеңімпаз анықталып, ол 25 биткоинға ие болып отырады. Қиялыңыз ұшқыр болса, электронды ақшаның иесі атанып, онымен халықаралық қаржы транзакцияларын орындау мүмкіндігіне қол жеткізесіз.
 
Кәдеңізге қалай жаратасыз?
Биткоинды майнерлерден сатып алуға немесе біреуге қызмет көрсетіп, соның ақысы ретінде ие болуға болады. Айтпақшы ұтқан биткоиныңызды компьютеріңізге орнатылған оффлайн әмиянда сақтай аласыз. Ол жердегі виртуалды валютаны құпия кілт сөз арқылы жұмсайсыз. Биткоинды кәдеге жарату үшін онлайн әмиянға да жүгінуге болады. Онлайн әмиянға технологияның барлық түрімен кіре аласыз. Биткоинға қатысты барлық транзакциялар ашық жүргізіледі. Дерек қорында ақша қашан, қанша жұмсалғандығы нақты жазылып тұрады. Тек ақшаны алушы мен жіберуші туралы мәлімет болмайды.
Фермерлер арасындағы ауызбіршілік, биткоин өндірушілерінің жасырын тапсырмаларын бірлесе орындауы мен  тапқан табысты теңдей бөлісуі – осы бір жүйенің айналасына түрлі қауымдастықтың көптеп құрылуына негіз болуда. Алғашында цифрлы монеталар геймерлердің өзара ойын алмасу, ойын қосымшаларын сатып алу мақсатында пайдаланылды. Уақыт өте тұтыну ауқымы кеңейіп, үлкен нарыққа жол тартты. Қазіргі уақытта жаһандық сұранысқа ие болған биткоинның монетасы 10 700 АҚШ долларынан саудаға салынған.    ферма криптовалюта
 
Кімдер қолдайды?
Криптовалюта жүйесінде инфляция деген ұғым жоқ және оған қатысты транзакция сыртқы күштің басқаруына көнбейді. Десек те, биткоинның құны аяқ астынан шарықтауы, я болмаса әп-сәтте құлдилап кетуі ғажап емес. Бұған қоса биткоинның қолданысы ешқандай заңмен реттелмейді. Сондықтан әлем елдерінің криптавалютаға деген көзқарасы әртүрлі. Мәселен,  АҚШ-тың жекелеген штаттары мен Сингапур, Нидерланды, Австралия, Германия сынды мемлекеттер биткоинды қош көрсе, Ресей, Украина, Индонезия, Қытай дәл осы төлем құралына түрлі шектеу қойған. Ал Еуроодақ биткоинды қолдап, соты онымен жасалатын қаржы операцияларына қосымша құн салығын салмау керек деген  шешім шығарды. Десек те экономикалық сарапшылар мен банкирлердің арасында биткоинге күмәнмен қарайтындар бар. Олар төлем құралының осы түрі алаяқтық жасауға негіз болуы мүмкін деген пікірде.
 
Бізге қажет пе?
Қазақстандықтардың да криптавалютаға аңсарының ауа бастағанын айта кеткен жөн. Парламент депутаттарының мәліметінше, сауда-саттықтың кейбір түрлері, жылжымайтын мүлік саудасы осы валютамен жасала бастаған. Бұған, Krisha.kz Olx.kz сайттарындағы «мүлікті криптовалютаға сатамын» деген хабарландырудан-ақ көз жеткізуге болады. Қазақстандық ғаламторда  «Майнинг» жасау тәсілдерін үйрету», «Цифрлы қаржы табу» іспетті түрлі онлайн семинар-тренингтердің қаптауына қарағанда, криптовалюта біздің елде де қанатын кеңге жая бастаған сыңайлы. Ерекше атап өтерлігі, ҚР заңнамасында биткоин төлем құралы болып белгіленбеген. Оны қолдану мен қолданбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қолданыстағы заңымызға сүйенетін болсақ, Қазақстанда криптавалютамен есеп айырысу құқық бұзушылық болып табылады.
Сарапшылардың уәжіне құлақ асар болсақ, табиғи шикізат немесе құнды қағаздарға байланбаған валютаның болашағы бұлыңғыр. Криптовалюта – ешбір заңмен реттелмейді. Құнын қаржы ұйымдары емес, қарапайым тұтынушылары реттеп отырады. Дамыған елдерден бастау алып, сол елдердің ішкі өнімділігімен шақталған виртуалды қаржының әр тиыны 20 мың АҚШ долларына дейін көтерілген еді. Ауқымы кеңейіп, дамушы мемлекеттерге тарай бастағанда оның бағасы 10 мың АҚШ долларына дейін түсті. «Үшінші сұрыпты» мемлекеттерге таралған шағында криптовалютаның құны одан да төмен құлдырауы тиіс. Яғни, валюта – тұтынушыларының тұрған жеріне, мемлекеттердің ішкі өнімділігіне тікелей байлаулы. Криптовалютаның тұрақты  өсімін қамтамасыз ету үшін (мәселен) Америка мен Андола, Канада мен Қырғызстанның экономикасы тең болуы тиіс. Мұнсыз битоинмен байимын деп айта алмассыз.   
 
Жұматай Кәкімжанов   

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓