ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҒАЙЫҚ…
«Әліптің артын бағайық» деген мақал – қазақ халқының араб әліпбиі арқылы сауат ашу тәжірибесінен туындаған сөз тіркесі. Ол араб тіліндегі таяқ таңбалы «әліп» әріпінің сөз таңбалау барысындағы құбылуына байланысты айтылған уәж. Бүгінгі латын әліпбиіне көшу науқанына байланысты осы мақалды тағы да бір қайталап айтуға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені цифрлық әлемге түбегейлі бет қойған заман талабы мен тілші мамандарының айтыс-тартысы бір тоқтамға келмей тұр. Тіл – рухани байлықтың сауыты екенін ескерсек, тілші ғалымдардың уәжіне де құлақ салу өте орынды.
Латын әлібиіне көшу барысындағы қысқа тарихқа көз салар болсақ, негізгі пікір-айтыс ІТ мамандары мен лингвист ғалымдар арасында жүрді. Заманауи технология мамандарының әліпби ісіне араласуы – замана сазы. Себебі ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы ІТ мамандардың да, сол технологияларды тікелей қолданатын қарапайым халықтың да әліпбиге деген көзқарасын өзгерткені сөзсіз. Технологиялар жетістігі жеке тұлғаларға тура, жаппай жетіп жатқан кезеңде әліпбиге қатысты технологиялық маңызы зор пікірлер әлі де айтыла беретіні анық. Бастысы: латын әлібиіне көшу науқанында қазақтың «Көш жүре түзеледі» деген қағидасы орындалды. Көктемде өзен-дарияны құрсайтын сең жүрді. Демек, құрсаудан шыққан ағыс өз жолын тауып, іс оңалары анық.
Елбасы жұртшылықтың пікірін ескере отырып толықтырулар мен өзгертулер енгізген әліпбидің жаңа нұсқасы халықтың пікірін, лингвист ғалымдардың көзқарастарының негізінде бекітілген. Өтпелі кезеңде білікті тілші мамандардың пікірін тыңдаған орынды. Аталмыш үлгіде тіл таңбалары пернетақтаға емес, пернетақта әліпбиге бағынуы тиіс деген пікір үстемдік алған сынды. Мұнда даудың көрігіне түскен қазақтың төл дыбыстары жеке таңба алды. Бұл – көңіл қуантарлық көрініс. Бір «әттеген-ай», қазақ тіліне тән емес «ф», «ч» дыбыстары әліпбиден орын алыпты. Аталмыш дыбыстардан тұратын санаулы сөздер бізге сырттан кірген. Сондықтан оларды алып тастау қажет. «Ф», «ч» әріптерсіз де өмір сүре аламыз. Оның есесіне қазақтың «ә» дыбысын таңбалайтын латын әліпбиінен диграф (қосарланған таңба) табуымыз керек. Осылайша, бірте-бірте Президент әу баста талап етіп қойған 26 таңбалық пернетақтаға сыйып кетуіміз ғажап емес. Мысалы, әліпбидің жаңа нұсқасында латын әліпбиінде кең қолданысқа ие кейбір әріптерге, айталық, «w» мен «с» таңбаларына қазақ тілінен дыбыс белгілемеу – латын әліпбиінің әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымыздың айғағы. Біздіңше, «w» таңбасына қазақтың «у» дыбысын белгілесек, ағылшын тіліндегі «у» дыбысымен үндесіп кетер еді. Мысалы, уақыт – waqyt, Washington – Уашингтон. Сондай-ақ «С» таңбасына қазақтың «к» дыбысын бекітсек, біршама дұрыс болар еді. Мысалы, Canada, canon, Corola, Coca-cola т.б сияқты ағылшын сөздерін қиналмай оқи берер едік. Латындағы «k» әрпіне «h» қосып қазақтың төл дыбысы «қ»-ны таңбалауға болады. Мысалы, kһazakh, Khazakhstan. Ал «Q» таңбасына «ө» дыбысын бекітсек қазіргі кириллге үйренген көзімізге үйреншікті болар ма еді?
Бұл, әрине, әліпбидің қарапайым тұтынушыға тиімді болу тұрғысынан бағыт алған ұсыныс. Ал енді латын таңбалары негізінде қазақ әліпбиін әлемдік ақпарат желісіндегі универсал кодтарға үйлесімді түрде бейімдеу – екінші мәселе. Тығырықтан шығарар «құдайдың жолы» әрдайым бар. Бұл орайда ІТ мамандар тілші ғалымдармен consenswskha келе отырып жұмыс жасайды ғой деп ойлаймыз.
Алмасбек Әбсадық,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универсиетінің профессоры.