«Астанада» қалықтады Алтай әні
Алтай деп отырғаным – белгілі композитор Алтынбай Сейітқасымов. Ел ішінде Алтекеңді осылай атайды. «Айналайын Торғайым», «Кінәлама», «Бала кезім-қаракөзім», «Сен менің жадымдасың», «Сағынышым қайда еді?» сияқты көптеген лирикалық әндердің авторы. Оның әндерін қазақ эстрадасының жұлдыздары – «Нұрмұқасан» тобы, Лұқпан Жолдасов, Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, Назгүл Дүйсенбаевалар шырқап жүр. Бір ғана «Айналайын Торғайым» әні барша торғайлықтардың бейресми әнұранына айналғалы қашан! Міне, осы Алтекең 60 жасқа келгенше бірде-бір рет шығармашылық кешін өткізбепті. Қарапайымдылығы ғой. Ол "мені телевизорыңа түсір, газетіңе жаз" дейтін кісінің сойынан емес. Қасында қара баяны болса болды. Ырғай тартып, құдыретті жеті нотаны ыңғайына көндіреді.
… «Астана» концерт залында ине шаншар орын жоқ. Алтекең кешінің билеттері күні бұрын сатылып кетіпті. Кіреберісте билет іздеп, шарқ ұрған талай адамды кезіктірдік. Қолыңда артық билет болмаған соң, қайырылуға шама жоқ. Ішке қарай ентелеген көптің арасында сүрініп-қабынып жүріп, отыратын орнымызға зорға жеттік. Жан-жағымызға ұрлана қарап қоямыз, айналасы бес минөттің ішінде зал лық толды. Балконның да белі қайысып тұр. Туған жердің әуендеріне сусап жүрген ағайын концерттің басталғанын тағатсыздана күтіп, әлсін-әлсін қол соғып қояды. Оларды осында жетелеп әкелген – Алтынбай әндерінің құдыреті!
Тіпті, осы концертке Алматыдан, Қарағандыдан, Арқалықтан, Қостанайдан, Есілден арнайы келгендер көп екен. Қонақтарының арасында көрнекті ақын Серікбай Оспанов, халық ақыны Қонысбай Әбіл, журналист Әлімжан Сабыржанұлы, белгілі композитор Қалибек Деріпсалдин, кәсіпкер Ибраш Естаев сияқты танымал тұлғалар бой көрсетіп қалды. Халық әбден жайғасып алған соң кеш тізгінін қолдарына алған журналист Жасұлан Айсағали мен белгілі театр-кино актрисасы Толқын Сұлтан концертті бастады.
Шығармашылық кешті Астана қалалық мемлекеттік филармониясының «Қорқыт» ұлт-аспаптар ансамблі (жетекшісі Шолпан Қорғанбек) ашты. Одан әрі Гүлмира Жангелдіқызы жетекшілік ететін «Айналайын» балалар хоры автордың Мылтықбай Ысмағұлдың сөзіне жазған «Туған ауыл оттары» әнін орындады. Досымжан Таңатаров Қ.Әбілдің сөзіне жазылған «Жалған-ай» әнін әуелетті. Концерт барысында Оразбек Ғалымов, Жасұлан Қазымбеков, Медет Шәйкелов, Қасқыр Нұрғалиев, Асхат және Дидар Шыңғысовтар, Шахаризат Сейдахмет, Нұрболат Арзамас, Асылболат Сәрсенбаев тәрізді күміскөмей әншілер Алтынбай ағамыздың әндерін төгілдірсе, дәулескер күйші Анар Мұздаханова той иесіне күй тарту етті.
– Алтынбай інім мықты композитор ғана емес, жақсы ақын. Мен бүгін оны осы қырынан таныдым. Қажет кезінде әуенге сөзді өзі жазып ала қояды. Оның ән сөздеріне қатты мән беретіні көрініп тұр. Көркем тіл, ара-арасында юморы бар. Бұл өнер адамына, әсіресе, ақындарға өте қажет дүние, – дейді халық ақыны Қонысбай Әбіл.
Расында да, Алтекең әндерінің көбіне сөзді өзі жазған. Алайда, Серік Тұрғынбековтың, Серікбай Оспанұлының, Қонысбай Әбілдің, Мылтықбай Ысмағұлдың, Сағи Әбілхасеннің, Таңатқан Сәтбаевтың өлеңдеріне жазылған әндері ел ішінде жиі орындалып жүр. Солардың біразы осы кеште айтылды.
Айтпақшы, дәл осы концерт үстінде композитордың «Гүлзада» әнінің тұсауы кесілді. Сиясы кеппеген бұл туындыны көрермендер Диас Кәрімжановтың орындауында өте жылы қабылдады.
Жалпы, Алтынбай әндерінің көпшілігі туған жер, Отанға деген махаббатқа іңкәрліктен туған. Бұл жолғы кештің мақсаты да сол – Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жұмыстардың мәдени мазмұнын байытуға үлес қосу. Алтынбай Сейітқасымов – қайда жүрсе де туған жерін жүрегінің төрінде сақтап, оған жүрегінен шыққан нәзік әуендерін, жырларын арнаған композитор. Сондықтан да оның тұлғасын Елбасымыздың: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөздерімен сипаттауға болады.
– Алтынбай Сейітқасымовтың атынан бұрын, оның «Айналайын Торғайым» әні шықты. Ол кезде біз Алматыда тұратын едік. Бұл ән тез таралды және жиын-тойларда жиі айтылып жүрді, – деді белгілі қаламгер Әлімжан Сабыржанұлы.
Әріптес інісін қолдауға келген Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин айтады: «Торғай-Қостанай өңірі екі ұлы композиторды мақтан тұтады. Біреуі – Бақытжан Байқадамов, екіншісі – Әбілахат Еспаев. Біз солардың шекпенінен шықтық десек қателеспеймін. Мына Алтынбай інімнің әндері – сол ағаларымыздың туындылары сияқты халықтың көңіліне жаққан шынайы шығармалар. Сонысымен құнды».
Кеш барысында облыстық мәдениет басқармасы басшысының құттықтау хаты оқылып, той иесіне сый-сияпат жасалды. Сондай-ақ, Жанкелдин ауданының әкімі де арнайы сәлемдеме беріп жіберіпті. Ұлы мәртебелі өнердің өркендеуіне теңіз тамшысындай болса да үлес қосып жүрген белгілі композитор кеш соңында барша ағайынға алғысын айтып, елге сәлемін жеткізді.
Концерттен алған әсерін бөліскен көпшілік бұл кеш енді Қостанайда, Торғайда жалғасын тапса жақсы болар еді деген тілектерін айтып жатты. Ел ағалары көпшіліктің бұл тілегін жерге тастамас деген үміт бар.
Әлібек ЫБЫРАЙ,
Қостанай-Астана-Қостанай