Цифрландыру – ел дамуының төте жолы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын енгізу ел экономикасы мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтқан.
Қазірдің өзінде барлық саладағы жұмысты оңтайландыру және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру шаралары жүзеге асып жатыр. Қостанайдағы №1 ХҚКО-да көрсетілетін қызметтің тең жартысы цифрлы жүйеге көшкен. Тұрғындар бірқатар шаруаны ұялы телефонымен-ақ тыңдыра береді.
IMG_9597№1 ХҚКО-ның бөлім жетекшісі Зарина Қожахметова орталықтағы жаңалықтармен бөлісті. Мәселен мұнда сәбиін дүниеге әкелген әрбір анаға арналған қызмет түрі күн санап артып келеді.
-"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен "Ұлттық ақпараттық технологиялары" АҚ-ның бірігуімен аналарға арналған қанатқақты жоба іске қосылған болатын. Қазір бұл бастама жақсы қарқын алды. Болашақ ана алдымен электронды үкімет, яғни egov.kz порталына телефон нөмірін тіркеп, кейін сол арқылы SMS хабарлама алып отырады. Сәби дүниеге келісімен оған алғашқы құттықтау хат және үш қызметтің түрі ұсынылған хабарлама келеді. Ол әуелі баланың туу туралы куәлігін рәсімдеу және балабақшаға кезекке тұру мен ай сайынғы жәрдемақыны алу мәселелерін тез әрі оңай шеше алады. Бұл жоба Қазақстанның барлық облыстарында жұмыс істеп тұр,-дейді З.Қожамхетова.IMG_9596Жыл басынан бері 691 анаға хабарлама жолданған, соның 425-і атаулы қызмет түрін пайдаланыпты.
Бұдан бөлек, орталыққа келген әрбір азаматқа электронды үкіметті пайдалану тәсілін үйрету, түсіндіру жұмыстары үздіксіз көрсетіледі. Мысалы, кез келген адам өзінің немесе туысқандарының тұрғылықты жері туралы анықтаманы үйде отырып-ақ ала алады.
-Бізге тұрғылықты мекенжайына байланысты анықтама қағазын алуға көп адам келеді, ал бұл қолдағы ұялы телефонмен де істеуге болатын қарапайым шаруа. Қазір ҚЖЭК (Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы) қарызы бар тұрғындарға қатысты анықтаманы egov.kz порталынан алып отыр. Бәрі қолжетімді. Сондықтан, түгел меңгеріп алатын болсақ, алдағы уақытта азаматтардың өміру сүру сапасы артатына кәміл сенемін,-дейді Зарина Серікқызы.
Қостанай облысындағы "ХҚКО" департаментінде адамдардың жеке куәлігіндегі ЖСН-ді телефон нөміріне тіркеу және сол арқылы электронды сандық қолтаңба беру жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Осылайша, азаматтар операторлардың көмегінсіз барлық қызметті пайдалана алады. Сондай-ақ, қаладағы және аудандардағы ХҚКО қызметкерлері тұрғындардың компьютерді жетік меңгеруі үшін "Өзіңе қызмет көрсет!" акциясын ұйымдастырып отырады. Олар қоғамдық орындарда және білім ордалары мен мемлекеттік мекемелерге барып, egov.kz веб-порталын таныстырады. Электронды үкімет сайты арқылы тұрғындар 447 қызмет түрін пайдалана алады.IMG_9602Электронды үкіметтің және орталық мамандарының мобильдік ұжымы ұсынған акциялар жұмыстан қолы босамайтын азаматтарға өте ыңғайлы. Мәселен, ХҚКО қызметкрелері бірер күн бұрын облыс әкімдігінің ғимаратына барып, екі күн ішінде барлық мемлекеттік қызметкерлерге электронды сандық қолтаңба үлестіріп үлгерген. Олар осынау көмекке дән риза.
-Қазір мемлекет тұрғындарға барлық жағдайды жасап келеді. Сол қызметтерді алу керек, көбісі халыққа қызмет көрсету орталықтарына барады, кезекте тұрады, ал біз жұмыста жүргесін оған уақыт бола бермейді. ЭСҚ көмегімен қалаған мәліметті алып, кез келген қызмет түрін өзіміз қолдана беретін болдық. Осындай мүмкіндік сыйлап отырған ХҚКО мамандарына алғысымыз шексіз, әрине,-дейді Қостанай облысы әкімдігінің құжаттарды қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Байгенжина.
Қажетті құжаттарын смартфон арқылы әзірлеп, ұтымды пайдаланып жүргендердің бірі – студент Әлімбай Бекетов. Ол алғаш рет университетте информатика сабағында электронды сандық қолтаңбамен танысқанын айтты.
-1-курста бәріміз цифрлы қолтаңбамызды аштық, бірақ аса мән бермедім. Кейін бір анықтама қағаздар алу керек болып, ХҚКО-на бардым, сонда алғаш рет осы қолтаңбамды пайдаландым. Қазір әбден үйреніп алған соң бүкіл шаруаны өзім-ақ шеше беремін. Енді ата-анама да үйретпек ойым бар,-дейді студент.
Әзірге ел арасында сандық саясатқа көшу, оны пайдалану жайында насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, халыққа қызмет көрсету саласы алдағы бес жылда тегіс электронды үкімет арқылы жүзеге аспақ. Өйткені, цифрландыру ел дамуының төте жолы екені анық.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓