Қызғалдақтай құлпырған
Шуақты көктеммен бірге келетін керемет мереке – 8-Наурыз Халықаралық әйелдер күні. Айтулы мейрам қарсаңында Сарыкөл ауданында қыз-келіншектерді жергілікті билік өкілдері құттықтады.
Әкімдікте өткен әсерлі шараға әр салада оң нәтижеге қол жеткізіп жүрген нәзік жандылар арнайы шақырылды. Кездесу барысында өз істерінің хас шеберлері жайында қысқаша баяндалып, олардың өңірге қосып жатқан үлестері қомақты екендігі айтылды.
Аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков ақжарма лебізін ақтарып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Осылайша, қызылды-жасылды киініп келген олар құшақ-құшақ гүлге оранып, қызғалдақтай құлпыра түсті. Қысқасы, жан-жақтарына шұғылалы сәуле шашып, гүл көктемнің бір көрінісін көз алдымызға алып келгендей әсер қалдырды.
Кездесу соңында мейрам иелері естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.