ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІ
Мәдениет басқармасы алқа мәжілісін өткізді
І.Омаров қазақ драма театрында облыстық мәдениет басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігінің талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Жанар Досаева қатысты. Бұған қоса, қалалар мен аудандардағы мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері шақырылды.2017 жыл облыс мәдениеті үшін айрықша жыл болғаны рас. Шақшақ Жәнібек ескерткіші, Кейкі батырдың сүйегін жерлеу, Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту, алғашқы республикалық домбырашылар байқауы, Таран және Жанкелдин аудандарындағы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған шаралар – мұның бәрі былтырғы жылдың басты жаңалықтары ретінде есте қалады. Осы және басқа да ілкімді істерді облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов жіпке тізді. Оның айтуынша, өңірде 686 мәдени нысан бар. Оның 371-і – кітапханалар.– Алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 нысан оңтайландырылды. Қостанай қаласында «Zodiac cinema» кинотеатры ашылды. Былтыр облыс кітапханаларының қызметін 351,5 мың оқырман пайдаланды. Жалпы мәдени-демалыс ұйымдары 23 989 іс-шара өткізді. 63 көркем шығармашылық ұжым «Халықтық» атағына ие, – деді Ерлан Болатұлы өз баяндамасында.
2017 жылы облыстық филармония ұжымы 335 концерт өткізсе, 4 театр сахнасында 998 спектакль қойылыпты. Ерлан Қалмақовтың сөзінше, 2017 жылы мәдениет саласына 4855,9 млн теңге бөлінді. Материалдық техникалық жабдықтауға 370,2 млн теңге жұмсалды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Мәдениет нысандарының ағымдағы және күрделі жөндеулеріне 204,6 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар, Қарабатыр ауылдық мәдениет үйі жалпы сомасы 86 млн теңгеге жаңарды.-Былтыр өнерпаздарымыз халықаралық деңгейде 50 жүлделі орынды иеленді. Тағы бір айта кетер жаңалық, Қостанай облысының делегациясы ІІ республикалық өлкетанушылар форумына қатысты. Қостанайлық үздік өлкетанушылар – Қалқаман Жақып және Ибрагим Ағытаев «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды. Аймақтың археологиялық ескерткіштерін зерттеу және жүйелеу мақсатында облыстық бюджет қаражаты есебінен 3 археологиялық экспедиция жүргізілді. Соның нәтижесінде Аманкелді ауданының 200 археологиялық ескерткіші, Әулиекөл ауданының 51 ескерткіші туралы есеп жасалды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Қостанайдағы кітапханаларға заманауи құрылғылар сатып алынды. Ы.Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Надежда Теплякованың айтуынша, кітаптар мен құжаттар бірнеше жылдан соң электронды форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дариха Дүйсебаева АҚШ-та өткен «Америка кітапханалары» апталық бағдарламасы бойынша тәжірибе алмасты, Ыстықкөлде өткен халықаралық конференцияға қатысты.Қостанай облыстық қуыршақтар театры Қорған қаласының «Гулливер» қуыршақтар театрымен өзара гастрольдермен алмасып, Екатеринбург қуыршақтар театрымен тәжірибе бөлісті.
Басқарма басшысы мәлім еткендей, облыстың мәдениет саласына кәсіби мамандар жетіспейді. Бұған қоса мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Сондай-ақ, нысандарды күрделі жөндеуден өткізу үшін инвестиция тарту қажет.Кеңейтілген алқа мәжілісінде өңірдің үздік өлкетанушылары марапатталды. Қуанышбай Орманов пен Шөптібай Байділдин «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін тағынса, Елена Цвентухқа Құрмет грамотасы тапсырылды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.
ТОБЫЛ-ТОРҒАЙ өлкелерінің кешегі тарихын зерттеу мен оларды баспаға түсіруде ерекше еңбек сіңіріп жүрген ағаларымыз: ғалым ОРМАНОВ ҚУАНЫШ ағамыз бен көпқырлы қазақи қолөнерін бір адамдай меңгерген, атақты ою-өрнекші, БАЙДІЛДИН ШӨПТІБАЙ ағамыздың өлкетану ісіндегі де көпжылдық еңбектерінің бағалануын жалпы ЕЛ үлкен ризашылықпен, қуана қарсы алып жатыр. ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!