Тарандағы БИ-АҒАҢНЫҢ торқалы тойы
Таң сәріден мінген көлігіміз жол қуалап келеді. Бағытымыз – Би-ағаңның – Бейімбет Майлиннің ауылы. Қазақ әдебиетінің корифиіне айналған классик жазушының 120 жылдық торқалы тойы туған өңірі Таран ауданында кеңінен аталып өтпек. Осыдан тура 20 жыл бұрын Би-ағаңның тойы республикалық деңгейде тойланған-ды.
…Ауылға кіреберісте жүздеріне күлкі үйірілген жергілікті тұрғындар шашу шашып, бек құрметтеп бізді қарсы алды. Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлердің маңайы қара-құрым халық. Олар өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан сыр шертетін көріністер қойып, жиналған жұртқа дәм татқызып жатыр. Кәдімгі көшпелі қазақтың қыстаудан жаз жайлауға қоныс аударып жатқан тұрмысын бейнелеуде. Әудем жерде бір пысықай жігіт домбырасын шертіп ән шырқаса, келесі бірі оны қош-қоштап жатыр. Қатын-қалаш барлығы балаларымен әуре болып жүр…
Міне, Би-ағаң ауылының осындай көріністеріне таң-тамаша боп қалған біздерді аудан әкімі Бақберген Өтеулин сахнаның алдында дүйім ел шоғырланып отырған жерге бастай жөнелді. Жол-жөнекей бүгінгі тойдың бағдарламасымен түсіндіріп келеді.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, әлгінде ғана өткен ғасырдың басындағы Би-ағаң ауылындағы қысқаша көріністі тамашаладыңыздар. Алдағы уақытта дәл осы сипаттағы көріністі жергілікті әртістерімізден құралған спектакльден де көресіздер, – деп бізді әкім мырза қызықтыра түсті. Одан әрі ол ат жарыс, палуан күресі, ақындар мүшәйрасы мен айтыстан аламан бәйге болатындығын да әңгімелеп берді.
Сонымен көптен күткен тойдың да беташары ашылды. Дәл осы мереке құрылысшылар күнімен тұспа-тұс кепті. Оны сахнаға құттықтау сөзімен шыққан Бақберген Қасымұлы баяндай отырып, аудан әлеуетінің дамуына үлес қосқан бір топ жандарды марапаттап, той иесі – Би-ағаң жайында аз-кем тоқталды.
– Қазақ әдебиетінің іргелі жанрын қалыптастырып, биік белеске шығаруына сүбелі үлес қосқан Бейімбет Майлиндей атамыздың бүгін туған өңірі Таран жерінде торқалы тойын өткізіп жатырмыз, – деді Бақберген Өтеулин. – Міне, осы тойға түу алыстан ат терлетіп келген жазушы атамыздың тума-туыстары, жақын-жуықтары, құрметті ақын-жазушы ағаларымыз отыр. Кешегі жылдары мінәйі себептермен өтпей қалған Бейімбеттей алаш әдебиеті арысының осы тойын көптен күткен едік. Енді соның сәті бүгін туды. Бұл той тек қана Би-ағаңның тойы емес, ынтымақтағы елдің, шын-пейілді жанашырларымыздың, жалпы халықтың тойы, ағайын!
Осылай тебірене сөйлеген Бақберген Қасымұлы аталған тойдың көп болып ұйымдасып, бірлесе еңбек еткендіктен өтіп жатқандығын да жеткізді. Әлгінде өзі марапаттаған жандардың "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп осыған мықтап, нықтап атсалысқандығын да айтып берді.
Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін салған "Қостанай таңы" газетінің бұрынғы редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, сатирик Ғұмар Ахметчин де сөз сөйлеп, өмірінің бір белестерінен толғана сыр шертті.
– Естеріңізде бар болса, осыдан 20 жыл бұрын Би-ағаңның 100 жылдық мерейтойы туған жері Жалшыда керемет өткен-ді. Сонау Алматыдан қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімов, Шәңгерей Жәнібеков, академик Манаш Қозыбаев, Халық жазушылары Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков бастаған арнайы қонақтарымыз кеп, мәре-сәре болған едік. Онда да дәл осындай ұлан-асыр той өтіп, дәл осындай ақшаңқан үйлер тігіліп, дәл осындай көңіл-күйде тамашалағанбыз. Бағзыдан қалған дәстүріміз жаңғырып, халықтың қуанышы шексіз болған-ды. Енді міне, тура 20 жылдан кейінгі сол көрініс қайтадан көз алдымда тұр, – деп Ғұмар Ахметчин сол уақытта Би-ағаңның туған жерінің адам танымастай гүлденгенін, жаңа мешіт үйінің бой көтергенін әңгімеледі. Одан әрі Қазақстан Жазушылар одағының осы тоймен құттықтауын да жеткізіп, Бейімбет Майлиннің шығармалары туралы баяндады.
Бұл торқалы тойда "Бейімбет Майлин атындағы қордың" президенті Салтанат Мұстафинаны да кездестірдік. Ол жазушының шөбересі екен. Атасының атындағы қорды басқарып отырған Салтанат та, осы қордың директоры Жұмабек Табын да сөз сөйлеп, қор қызметінің жай-жапсарын баяндады.
– Алдағы уақытта, – деді Жұмабек Табын. – Біздер Жазушылар одағымен бірлесе Би-ағаңның құрметіне еліміздің барлық жас жазушыларының әңгімелерін құрастырып кітап шығарғалы отырмыз. Сол жазушылардың қатарында Абылай Мауданов, Нұрболат өзің сияқты толқындар бар екен. Тағы басқаларының туындылары болса, жинақтап беріп жіберерсің. Соны өзіңе тапсырайын.
– Жақсы, аға… Міндетті түрде жібереміз, – дедім. – Қазір сізге өзіңіз естіп жүрген Абылай Маудановты шақырайын. Ол осы маңда жүр, – деп Абылай Маудановты ертіп келіп Жүкеңмен таныстырдым.
Жүкең сөзге шешен, ділмәр кісі екен. Би-ағаңның әр шығармасы жадында сайрап тұр. Ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық инстиутының профессоры Серікбай Оспанов екеуі Би-ағаң жайында ашылып әңгіме шертіп, бүгінгі қазақ әдебиеті мен оның сыны туралы да сырласты. Сондай-ақ, Би-ағаң құрметіне шыққалы жатқан кітапты да сөз етті. Сол сәтте тойдың тізгінін алған жүргізуші сахна төріне Жұмабек Табынды шақырды.
– Бүгін алқалы әлеумет біз қазақтың Би-ағасының торқалы тойының куәсі болдық. Әдебиетіміздің үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 120 жылдық тойы қазір жер-жерде аталып өтуде. Жаңарқасы Сәкенді, Жетісуі Ілиясты, Торғай-Қостанайы Бейімбетті қалай дәріптесе де, олар өз ұлтының бір-бір тұлғасы, классигі. Жаңа ғана Сырағаң мен Ғафаңдардың сарқыты Серікбай Оспанов ағамызбен осы жайында біраз сырластық, – деп Жұмабек Табын Бейімбеттанушы ғалымдар: Тоқтар Бейісқұлов, Серікқали Бәйменшиннің еңбектеріне тоқталды. Әлі де Бейімбет Майлиннің жарияланбаған еңбектері барлығын, оларды зерттеп-зерделеу керектігін де баяндады. Өзімен бірге еріп келген республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісі Бақашар деген жігітті де көпшілікпен таныстырып, оның газет беттерінде жарияланып жатқан туындыларын әңгімеледі.
Содан соң Серікбай Оспанов та сөз сөйлеп, Би-ағаңның жары Күлжамал мен ұлы Мереке жайында әңгіме айтты.
– Бейімбет Майлин жайында жазған зерттеу мақалалар мен өлеңдерім көп-ақ. Бірақ мен бұл турасында тоқталмақ емеспін. Менің бақытым – Би-ағаңның жары Күлжамал апай және ұлы Мерекемен 1964 жылдары Алматы қаласында көрші тұрдық. Күлжамал апай күнделікті әдетімен таңертең үй алдындағы орындыққа келіп, ойға шомып отыратын. Сол сәтте мен де келіп қасына жайғасып, апамыздың өз аузынан біраз естеліктерін тыңдайтынмын. Кейде көзіне жас, кейде жүзіне күлкі үйріліп біраз қызықты деректерге толы әңгімесін тебірене айтатын. Бейімбетпен соңғы кездесуіне барғанда Би-ағаң аузын қолымен көлегейлеп жауып отырып сөйлесіпті. Сөйтсе, НКВД-ның жендеттері отыз тісін түгін қалдырмай опырып алған екен. "Күлжамал уайымдамасын, салы суға кетпесін", – деп қайран, Би-ағаң жарының жайын ойлап, оған жан қиналысын сездірмепті. Бұл кеше ғана өзі негізін қалаған облыстық "Қостанай таңы" газетінде "Соңғы түн" балладамда айтылды,– деп Серікбай Оспанов Бейімбетті алғаш зерттеген Қайнекей Жармағамбетовті де тілге тиек етті. Оның Бейімбет мұраларын жинақтап, зерделеген шығармаларын да баядап берді.
Одан кейін орыс тілінде жазатын аудармашы ақын Әбдірахман Досов та жазушы шығармашылығы туралы сыр шертті.
– Осы өңірдегі бір ауыл қарта-қыпшақ өткен ғасырдың басында жер ауып Ресей маңына қоныс аударады. Мен де сол Ресейдің әлгі қазақ ауылдары қоныстан жерінде дүниеге келдім. Анадан ерте айырылған біз Мұхамеджан Макин деген кісінің тәрбие-сінде болдық. Ол осы жердің тумасы. Руы қарта-қыпшақ. Би-ағаңдардың туысы. Әлі есімде сол Мұхамеджан Макин ағамыз Би-ағаң жайында көп әңгіме айтып отыратын. Мені де әдебиетке қызықтыра түсетін. Әдебиетші болып қалыптасуыма да сол ағамыздың септігі тигені рас, – деп Әбекең – Әбдірахман аға Бейімбет Майлиннен аударған бір өлеңін оқып берді.
…Міне, дәл осындай пафоспен Би-ағаң тойы жалғасып жатты. Мерекелік ән-шашу біткенде, біз де сахна сыртындағы атжарысқа беттедік. Құлағын қайшылап, әбден жер тарпып тұрған тұлпарлар бәйгесі тойдың көрігін қыздырып берді. Ипподромның сол жағында таяқ тастам жерде білектерін сыбанып палуандар күресіп жатса, оң жағында бір топ бала асық атып бақтарын сынап жүр. Ақшаңқан шатырға мойын созсақ, бұ жерде тоғыз-құмалақтан сынасып жатқандарды да көз шалды. Сөйтіп, екінді мезгілі бола бергенде ел асыға тосқан айтыс пен мүшәйраның кезі келді. Барлығы жиырмаға жуық сөз майталманы қатысты.
Бұл өнер додасы да өте тартысқа толы болды. Жан-жақтан қол соғып, "әйда, шап-шап" деп ақындарына қолдау көрсеткен халықтың да делебесі қозды. Алдымен, мүшәйра бойынша бірінші орынды Нұрқанат Құлабаев иеленсе, Абылай Мауданов пен Бауыржан Бөгенбай жүлдегер атанды. Айтыстан Бас жүлде Таран ауданының ақыны Мамай Ізтелеуге бұйырды. Бірінші орынды жанкелдиндік Байбатыр Ахметбеков алса, кейінгі орындармен Қостанай ауданынан келген Салтанат Өтелбаева мен арқалықтық Бағила Балмашева марапатталды. "Бейімбет Майлин" атындағы арнайы сыйлықты Рудный қаласынан келген Жақсылық Ыбырай алды. Бұл додаға қатысқан барлық ақындар жүлдесіз қайтпады.
Би-ағаңның торқалы тойы дәл осындай көңіл-күймен өтіп, еліміздің әр жерінен бас қосқан өнер иелері, жалпы, халық дән риза болып тарасты.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Торқалы тойдың беташары осылай ашылды
Би-ағаңның шөберелері
Оқтай атылған арғымақтар
Палуандар белдесуі
Мамай ақынның тойға арнауы
Аламанға түсер арғымақтар