Ақ Олимпиада ашылды
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Дүниежүзінің назары бүгін Азияның шығысы – Оңтүстік Корея еліне ауып отыр. ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу 2018 жылы осы елдің еншісіне бұйырды. Жалпы, бірегей спорттық шараның ашылу салтанаты спортшылардың шерумен жүріп өтуі, ресми өкілдердің сөз сөйлеуі – бәрін қосқанда шамамен 2 сағатқа созылады.
Ұйымдастырушылар бұған дейін хабарлағандай, аталған мерекенің даярлық жұмысына 300-ге жуық адам қатысады. Ал ашылу салтанатының арнайы қойылымына 2 мыңға жуық актер атсалыспақ.
Шарадағы біз үшін айтулы оқиғалардың бірі – спортшылардың шеруі. Қазақстанның көк Туы біздің делегацияны бастап шығатын шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтың қолында болады.
Айта кетсек, Олимпиадаға Қазақстаннан 49 спортшы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі.
Олимпиадада жалпы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, биатлоннан – 11, бобслейден – 3, скелетоннан – 2, кёрлингтен – 3, конькимен жүгіруден – 14, мәнерлеп сырғанау – 5, шорт-трек – 8, тау шаңғысы – 11, шаңғы қоссайысынан – 3, шаңғы жарысы – 12, шаңғымен трамплиннен секіруден – 4, фристайл – 10, сноуборд – 10, шана спорты – 4, шайбалы хоккейден – 2 медаль ойнатылады.
Еске сала кетсек, Пхёнчхан Олимпиадасының ашылу рәсімін тікелей эфирден Хабар, Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.