ҰЯТ
Қазір "өлімнен ұят күшті" емес. Ұят деген кейде жай бір сөзге тиек, тақырып, пәлсәпалық қағидат ғана деп қаласың.
Пайғамбардан адамға жеткен сөздердің бірі: "ұятың болмаса, білгеніңді істе". Қазіргі заманның сипаты осылай емес деп айта аласыз ба?
Соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде шынымен ұялып, екі беті ұяттан өртеніп, жердің тесігі болса кіріп кетердей халдегі адамды көрген жоқпын. Бірақ бұл ұятсыздық жоғалды дегеннен емес. Керісінше, ұялмақ тұрмақ түңіліп кетердей масқара істі бастан кешіп тұрса да, түк болмағандай безірейген міз бақпайтындар шықты.. Бүгінде баланың ұяты – әкеге, қыз ұяты – шешеге дарымайтын болды..
Сонда ұят құндылығы неден құнсыз болды? Сан түрлі себеп-салдарын жазып та, айтып та жүр. Біз де барлап көрейік.
Басқаны қайдам, меніңше ұяттың түбіне жеткен кесепаттың бірі – алдымен, таңғалмаңыз, латын америкалық телесериалдардан келді..
Аға ұрпақтың есінде, сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары кеңес елі Бразилияның 100 сериядан тұратын "Күң Изаура" ( A Escrava Isaura) телесериалының көрсетілуінен бастап, "Байлар да жылайды", "Жай ғана Мария", "Жабайы Роза", "Сенен басқа ешкім емес" т.с.с сондай-ақ , еуропалық "Спрут", "Эдемге оралу", "Санта-Барбара", "Даллас" және басқаларынан "телесериал синдромы" дертіне шалдықты. Әсіресе қандастарымыз өз балаларына Изаура, Марианна есімдерін қойғанын, өрістен келген малды сериалды көріп барып, түгендеп қораға қамағанды кезінде естігенбіз, есімізде.
Тоқырау заманында тұрмыстан титықтан, аш құрсақ біздің жұрттың сана-сезіміне жаман – жақсы, өтірік – шын, жасанды – табиғиы мипаланған сюжеттері капиталистік сананың "нұрын шашқандай" болды. Әрине сериалдардың ішінде жүрек-сезімге әсер ететін сәттері де аз емес еді. Бірақ, кеңес адамдарының ой-санасына, мінез-құлқына көзге көрінбей, білінбей, психологиялық "радиациялық сәулелер" тараған еді. Айталық, бірден жаныңды баурап ал-ған сүйкімді де сүйікті бол-ған жағымды кейіпкерің сериал бойында бірте-бірте пәтуасыз, алаяқ, залым болып шығады. Ал жағымсыз, жексұрын деген кейіпкерлер ақыры жағымды, сенімді түлғаға айналады. Сериалдарда адамның ұялу сезімін, табиғи таза мінезін ақырындап үгітіп жойды. Тұлғаның ішкі "меніне", даралық қасиеттеріне ірткі салды. Сериалдар кейіпкерлердің қолымен, еркімен жасаған қиянат пен кесепат, кінә мен күнә атаулыны ақтап шығады. Сөйтіп мөлдір, ең бір аяулы сезімдер лайланып, ластанып, жүрек айнытып жібереді. Ұлттық бітіс ұстанымдарға, қағидаттарға соққы берді. Бәрін кешіруге болады. Бәрін өшіруге болады. Бұл дүниеде тұрақты , пәтуәлі ешнәрсе жоқ, тіпті адамның адамгершілік асыл қасиеттері, ең бастысы – ар-ұят құнтсыз, құнсыз деген пәлсапа жегі құрттай жүйке-жұлыныңызға дейін жалмап-жайлап алған еді..
Ресейлік социологиялық орталықтардың кезінде "АиФ" газетінде жазғандай сол кезеңнен бастап, ажырасқан отбасылар, некесіз туған балалар, дүниеге құныққандар, жас – кәріні, кәрі – жасты бәтқорлаған жүгенсіздік күрт өсе бастаған… Кеңес адамдарына жасалған осы психологиялық "басқыншылық" вирусы діттеген жерден дөп тиді. Енді ешкім ешнәрседен ұялмайтын күйге жете бастады. Бір жерде оң жақта отырған бойжеткен ата-анасының көзінше босанып жатса, енді бір жерде келін қайын енесін үйінен қуып шығып жатты. Әрине, осыған қоса кеңестік жүйенің ыдырауы, экономикалық-әлеуметтік күйзеліс бұрынғы қалыптасқан моральдық ахуалды, қалыпты бұзды. Соның салдарынан да бетсіздік белең алды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа ұмтылдыратын да, жамандықтан қорғайтын бірден-бір негіз – ұят деген. Ұят адамның иманы мен әдеп мөлшерінің көрсеткіші. Ұят тұрмаған жерде иман да қалмайды. Шүкір, ұлтымыз бар да, ұят та бар. Әйтсе де..
Іште жатқан, көкейтескен мәселелер бары анық, жазыңыз, пікір алысайық!
Жанұзақ Аязбеков