Жаңа кітап – заман жаңғырығы

Әнеугі жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасы өңірдегі әдебиетті дамытуға үлес қосып, бұқара халықтың назарын кітап оқуға аударып келеді. Біз мұны бұған дейінгі хабарларымызда үнемі қайталап айтып келеміз. Міне, соның бір дәлелі ретінде сәрсенбінің сәтінде газетіміздің Бас редакторы – Жанұзақ Аязбековтің «Ағайынның арасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.IMG_9323

Басқосуға зиялы қауым өкілдері, оқырман қауым жиналып, кітап жайында, автордың шығармашылық қарым-қабілеті туралы ой бөлісті.
Әу басында «Интеллектуалды қонақжай» аталған дәстүрлі басқосуды басқарма басшысы Жанділдә Мақанов жүргізіп, алдымен «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі беталысына, шығармашылық ұжымның ілгері басқан қадамына тоқталды.IMG_9334
Содан соң абыз ақсақалымыз, соғыс ардагері Қасымқан Алдабергенов сөз сөйлеп, кітаптың бүгінгі заман лебіне үн қататын, жастарға тіпті, жасамыстарға педагогикалық тәлім-тәрбие беретін қасиеті жөнінде баяндап берді.
Осы тұста сөзімізге әлқисса беріп, оқырманға ұғынықты болуы үшін кітаптың мән-мазмұны жайында ой айтайық. Автордың бұл еңбегі «Қостанай таңы» газетінде «Бас редактор әлемі» айдарымен үзбей жарияланып келген мақалалар топтамасынан құралған. Мұнда ол бүгінгі қоғам тынысын, уақыт бедерін, дәуір көрінісін тап басады. Модернистік көзқарастағы қаламгер әр мақаласында өзекті мәселені қозғай отырып, қытымыр қоғамды сынай түседі. Бұл топтамалардың ішінде әдеби-сын да қылаң береді. Адам бойындағы асыл қасиеттердің мұншалықты эрозияға түсіп жатқандығы, мәңгүрттеніп бара жатқан адами сананың бүгінгі болмысы сөз болады. Әдеби-публицистикалық пафоста жазылған автордың әр шығармасы оқыған жанға тағылымдылық-танымдылық жағынан да берері мол дүние. Әрбір ойын тұспалмен, астармен жеткізуге барын салады һәм соны кейінгі мақалаларда қайталаудан ада екендігін мейлінше сездіреді.IMG_9358
Бұл жайында басқосуда журналистика саласы төңірегінде ойын кеңінен айта отырып, автордың сөз құрастырудағы ерекшелігіне, тақырыпты ойдың қысқа-нұсқалығымен ашу тапқырлығына тоқталған ақын, профессор-ғалым Серікбай Оспанұлы әңгімелейді.
Бұдан кейін профессор-ғалымдар Қуаныш Орманов, Қалқаман Жақып, Алмас Әбсадықов, ақын, ғалым Ақылбек Шаяхмет автордың шығармашылығына баға беріп, қазақ баспасөзінің қарлығашына баланған «Қостанай таңы» газетін басқарған тұстан бері басылымға өң беріп, жаңа леп әкеліп, реңк келтіріп жатқан еңбегіне тілек айтты.11
Сөз соңында автор:
– Кітап шығару тіпті, ойымда болмаған. Журналистиканы кәсіп еткелі сөз өнері – әдебиет қатты қызықтыратын. Сондағы жинаған бірсыпыра дүниемді «Қостанай таңы» басылымына келгелі бүгінгі күн көзқарасы тұрғысынан қайта қарауға, қайта ой сабақтауға тура келді. Там-тұмдап мақаланы «редактор әлемі» айдарымен берген шақта оқырмандардан жылы лебіз, пікір айтушылар көбейді. Сөйтіп, ойды-ой қозғаған сәтте-ақ, бір кітапқа татитын дүние жиналып қалды. Мұны кітап қылып құрастыруға да себеп туды. Міне, өздеріңіз соған куә болып отырсыздар!- деп газеттің жанашыр жандарына, оқырман қауымға ризашылығын жеткізді.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓