«Оңай» оңай ма?
Қостанай қаласындағы қоғамдық көліктерге тамыз айынан бастап электронды билет енгізіледі. Бұл туралы тұрғындарға есеп беру кездесуінде қала әкімі Базыл Жақыпов мәлімдеді. Жол ақысы қолма-қол ақшамен емес, «Оңай» электронды картасы арқылы төленеді.
– Біз Алматы қаласының тәжірибесіне сүйеніп, автобустарға электронды билет енгізуді қолға алмақпыз. Қазір мамандар жолаушылар көлігінің қызметі жөнінде мониторинг жасап жатыр. Бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі маңызды. Барлығы жоспарлы түрде іске асса, «Оңай» картасы жақын арада-ақ жолаушылар игілігіне беріледі, – деп хабарлады Жақыпов өз баяндамасында.
Кей тұрғындардың сөзіне сенсек, «Оңай» картасымен төлем жасаудың өзіндік қиындықтары бар. Алайда, әкім айтқандай, картаның артық-кемі зерттеліп, барынша оңай жолы қарастырылады.
Жиында белгілі болғандай, биыл жаңадан 50 отандық автобус сатып алынады. Ал жолаушылар тасымалдаушы компанияны анықтайтын конкурс үстіміздегі жылдың тамыз айында өтпек.
– Тамыз айына дейін қоғамдық көліктердің бәрі жолаушыларды электронды билет арқылы тасымалдайды. Облыстық БАҚ-да жолақы құнының көтерілуі белсенді талқыланып жатыр. Негізі, былтыр қараша айында тасымалдаушы компаниялар автобус жолақысын өсіру туралы әкімдікке хат жазды. Олар өздерінің ұсынысында жанар-жағармай және автокөлік бөлшектерінің қымбаттауын негізге алып, жолақыны 100 теңгеге дейін арттыруды сұрады. Қазір бұл сұрақ қалалық қоғамдық кеңес пен сарапшылардың қарауында. Алдағы 30 күн ішінде нақты шешім шығуы тиіс, – деп түсіндірді қала әкімі.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ